Жаңалықтар

Шерлі шежіре сыр шертеді

Қарағандыда Мәскеуде орналасқан «Үшінші мыңжылдықтағы білім» аймақаралық қоғамдық қорының жұмыс тобы (жоба жетекшісі Алексей Стороженко) Мәскеу үкіметі ­сыртқы экономикалық және халықаралық байланыстар департаментімен бірлесе отырып қарағандылық Ұлы Отан соғысына үш қатысушының естеліктерін Ұлы Жеңістің алдағы 80 жылдық мерейлі мерекесі алдында кинолентаға жазып алды.

Суреттер автордан

Бұл қор міне, 25 жыл бойы «Мен қатысқан соғыс» деген атпен соғыс ардагерлерінің естеліктерінен бейнеархив жасап келеді. Бүгінге дейін тек Ресейде ғана емес кеңестен кейінгі кеңістікте пайда болған 9 елде 400-ден астам деректі фильм түсірілді. Соның ішінде ортақ жеңіске лайықты үлес қосқан қазақстандық Отан қорғаушылар да бар.

Облыстық және Қарағанды қаласы аудандық ардагерлер кеңестері мен қалалық әкімдіктің көмегімен біздің батыр жерлестеріміз – майдангерлер Сұңғат Сәттіғұлов, Григорий Степенко мен Виктор Шелудяковтардың баға жетпес естеліктері таспаға түсіріп алынды. Кинолентаға жазып алу облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Қарағанды Ұлы Отан соғысы жылдарында» залы мен «Мәңгілік алау» мемориалдық кешені алдында жүргізілді. Мәскеулік түсіру тобы (орындаушы продюсер Юлия Петрова, режиссері Константин Мурашов, операторы Александр Журавлев, мәтін авторы Юлия Залуцкая) алдарына майдангерлердің жауынгерлік жолын, қай жерде және қалай соғысқандары, соғыс туралы не ойлайтындары және болашақ ұрпаққа қандай аманат айтарларын мақсат етіп қойыпты.

Сұңғат Сәттіғұлов ақсақал қан майданға 1942 жылдың маусым айында аттанып, Сталинград түбіндегі шайқасқа тап болады. Алдында Алматы қаласында жаяу әскер училищесінде оқып, дайындықтан өткен. Минометшілер взводын басқарып, жан алып, жан беріскен қиян-кескі ұрыстарды бастан кешіреді. Сұраққа жауапты жайлап бастағанымен кейде ауытқып кетіп отырды. Енді қалай, оның жасы 101-ден асқан, соған қарамастан оқиға болған күндерді, ұрысқа қатысқан әскери бөлімшелердің рет санын, командирлерінің аты-жөнін осы күнге дейін ұмытпаған екен. Сталинград түбіндегі шайқас 200 күн мен түнге созылып, ақыры неміс-фашист басқыншыларының 330 мың әскерінің қоршауға алынуына ұласты емес пе?! Бұл Ұлы Отан соғысы тарихындағы ұлы бетбұрыс болды. 1943 жылдың 2 ақпанында Сталинград операция­сы аяқталып, жау берілді. Бірақ, мұны Сұңғат радиодан естіп білді, өйткені кескілескен ұрыстардың бірінде, 1942 жылдың 9 желтоқсанда ауыр жараланып, Саратов госпиталінде емделіп жатқан.

Емделіп шыққаннан кейін де қайсар қазақ жауынгері алдыңғы шепке сұранған, сөйтіп тағы бір ірі шайқасқа қатысып, туысқан белорусь елін, оның астанасы Минск қаласын азат етеді. Тек 1947 жылы ғана туған жеріне оралады. «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен, мерекелік медальдармен марапатталған. Соғыстан кейін құрылысшы мамандығын оқып, облыстың селолық жерлерінің құрылысын салып, «Ауылшархимия» мекемесін басқарады.

– Әлі есімде, шабуылға шығыңдар деген команда келгенде қорқыныштан ойыма ештеңе келмей атып тұрдық. «Ура!» деп айғайлап, алға ұмтылдық. Жүгіріп келеміз, оқ жан-жағымыздан зулап, бізге атылуда. Қайрадан жерге жата қалдық та бауырлап алға жылжыдық. Харьков түбіндегі осы алғашқы ұрыста-ақ біз қаншама солдатымыздан айырылдық, мен аяғымнан жеңіл жара алдым, бірақ ата бердім. Мен үшін аса қорқынышты болған бұл алғашқы ұрыс, өлім мен ерлікті қатар көруім маған соғыс аяқталғанша жақсы сабақ болды, – деп әңгімеледі еш бүкпесіз 99 жастағы соғыс ардагері Григорий Степенко.

Оны 18 жасында әскерге шақырыпты. Қай жерде соғыспады десеңізші?! Орел-Курск иіні, 1943 жылдың жазындағы Харьков шайқасы, Днепрді кешіп өту, Варшава мен Кенигсбергті алу, сондай-ақ, 1945 жылдың жазында жапон милитаристерімен де алысты. Майдан даласындағы батылдығы мен ержүректігі «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен, 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен, мерекелік медальдармен аталып өтті. 1951 жылы жолдамамен Қарағандыға келіп, цемент зауытында жұмыс істейді. Сонан кейін темір жолда жүк тасымалының бас кондукторы болады.

Егер алдындағы майдангерлер тарихи-өлкетану музейінің қабырғасында естелік айтса, Виктор Андреевич Шелудяковқа денсаулығына байланысты әңгіме желісін үйінде жалғастыруға тура келді. Енді екі айдан кейін ол да 99-ға толады. 1931 жылдан Қарағандыда тұрады екен. Әскерге 1943 жылы шақырылған. Әскери қимылдарға 1944 жылдың мамырынан 1945 жылдың наурызына дейін қатысқан. Радио­байланыс взводының командирі ретінде 4-Украин, 1-Прибалтика және 2-Белорус майдандарында соғысты.1945 жылы Кенигсберг түбінде ауыр жараланды. 1-дәрежелі Отан соғысы орденін, «Ерлігі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медалдарымен, Белоруссия мен Украинаны азат еткені үшін соғыстан кейінгі мерекелік медальдарды омырауына тақты. Соғыстан кейін Қарағандының «Союзшахтоосушение» құрылыс-монтаж басқармасында түрлі қызметтер атқарды.

Ардагерлер соғыс жылдарындағы ел басына түскен ауыртпалықтарды әңгімелеп, көздеріне жас ала отырып, туған Отаны үшін опат болған қарулас достарын еске алысты. Болашақ ұрпаққа бейбіт аспан, жасампаз еңбек, білім мен мамандық алу жолында табандылық танытуды тіледі.

Соғыс ардагерлерін кинолентаға түсіріп алуды ұйымдастыруға облыстық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жазыкен Томпиев, Әлихан Бөкейхан ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Марат Сейфуллин, Қазыбек би атындағы аудан Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеубек Камалиев, тарихи-өлкетану музейінің басшысы Ержан Нұрмағамбетов үлкен көмек көрсетті. Қонақтар әрқайсысы 26 минуттық деректі фильмдер Ресейдің бір федералдық каналында көрсетіліп, интернет-кеңістікке орналастырылатынына және Қазақстанның телеарналарына тегін таратылып, флэш-тасымалдар арқылы облыстың жоғарыда аталған ардагерлер кеңесіне жіберілетініне уәде етті.

Аман ЖАНҒОЖИН,
облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button