Шекті балл жинай алмағандар қайтадан ҰБТ тапсырып жатыр
Шекті балл жинай алмаған түлектер қайтадан ҰБТ тапсырып жатыр. Бұл жолғы ҰБТ тамыз айының 15-іне дейін жалғасады. Бүгінде тестілеуге қатысу үшін 17 мыңнан астам өтініш қабылданыпты, деп хабарлайды Ortalyq.kz Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҰБТ-ға қатысушылардың 66%-ға жуығы – қазақ, 34%-ы – орыс, 53 адам ағылшын тілінде тест тапсыруға өтініш берген. 10 тамыздан басталған емтиханға бірінші күні 4 499 түлек тест тапсырған.
Тамыздағы ҰБТ белгіленген шекті балл жинай алмаған, бейінді пәндер комбинациясы сәйкес келмейтін ҰБТ нәтижелері бар, ҰБТ нәтижелері жойылған талапкерлердің тестілеуден қайта өтіп, ЖОО-ға ақылы негізде түсу мүмкіндігі болуы үшін өткізіледі. Тіркелу кезінде тестіленушілер емтихан өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдады.
ЖОО-да ақылы негізде өз мамандығы бойынша оқуды жалғастыруды жоспарлап отырған колледж түлектері оқуға әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады. Бұл ретте оқуға қабылдауды ЖОО-лардың қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.
Барлық бес ҰБТ қорытындысы бойынша белгіленген шекті балл жинай алмаған, тестілеу нәтижесі жойылған, бейіндік пәндер комбинациясы сәйкес келмейтін талапкерлерге ЖОО-ға шартты түрде ақылы негізде оқуға түсу мүмкіндігі беріледі. Арықарай олар 2024 жылы қаңтар, наурыз, негізгі және тамыз ҰБТ-сына қатысып, ЖОО-да оқуын жалғастыру үшін қажетті шекті балын жинай алады.