Бас тақырып

Шектеулі мүмкіндіктің де шекарасы бар

Бүгінгі таңда Қазақстанда мүгедектігі бар 719 мыңға жуық адам тұрады. Олардың төрттен үш бөлігі, яғни, 538,1 мың адам – 2 және 3 топта. Бұл дегеніміз олардың еңбекке қабілетті және елдің экономикалық дамуына үлес қоса алатынын білдіреді. Алайда, еңбек нарығында мүмкіндігі шектеулі адам әлі де бәсекеге қабілетсіз саналады. Мемлекет басшысы бұл мәселені шешуде тиімді жүйе қажет екенін бұрынырақта да айтқан еді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің өңірде өткен көшпелі отырысында осы мәселені көтерді.

– Түбегейлі шаралар қабылдауды талап ететін мәселе – мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтамасыз ету, – деді сол кезде министр. – Еңбекке қабілетті жастағы мүгедектігі бар жұмыспен қамтылған адамдардың үлесі небәрі 27,8%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш олардың толық еңбек интеграциясына кедергілердің бар екендігін, жұмысқа орналастырудың және кәсіби жетілдірудің жаңа тетіктерін енгізудің маңыздылығын көрсетеді.

Жұмыс берушілерді мүмкіндігі шектеулі адамды жұмысқа алуға ынталандыратын субсидиялар, салық жеңілдіктері бұрыннан қарастырылған. Мәселен, алғашқы бір жылда мемлекет жұмыс берушіге еңбекақы мөлшерінің 70%-ын субсидиялайды. Одан кейінгі екінші жылында – 65%, үшінші жылында 60%-ын қайтаруға келісіп отыр. Алайда, бұған келісетін жұмыс берушілер шамалы.

«Қуатты Күш» мүгедектер қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Әбілда Әбдікәрімов: «Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту бағдарламалары толыққанды жұмыс істемейді», – дейді.

– Заң бойынша мемлекеттік субсидия ай сайын төленіп отыруы тиіс. Алайда, мен бірнеше жұмыс берушімен сөйлестім, олар мемлекеттік субсидиялау жарты немесе бір жылда бір төленетінін айтты. Олар үшін бұл тиімсіз. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жаны ашитын бірді-екілісі болмаса, көбісі олардың құжатымен, басқа да мәселелерімен жүруге ықылассыз. Бүгінде көзі нашар көретін, құлағы нашар еститін мүгедектер үшін жұмыс орындары табылады. Ал, басқа дерт салдарынан мүгедек атанғандар үшін мүмкіндік аясы тар. Сырқат адамды жеп қояды. Жұмыс – мұндай адамдар үшін алданыш. Уақытын өткізеді әрі пайдасы бар, – дейді Әбілда Рахметұлы.

Ол бірлестік мүмкіндігі шектеулі жандар, әсіресе, жастар үшін оқыту, білімін жетілдіру бойынша қызметтер көрсететінін де айтты.

– Заңгерлік кеңес беру, несиелік көмек сияқты үйде отырып істеуге болатын жұмыстарды үйретеміз. Аз да болса табыс тапсын, – дейді Әбілда Әбдікәрімов.

Бұл ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарын квоталау қағидаларын бекіткенін айту орынды. Квотаны жергілікті атқарушы органдар сол аймақтағы кәсіпорындарға белгілейді. Мұнда кәсіпорындағы жұмыскерлердің тізім бойынша саны есепке алынады. Мәселен, 50-ден 100 адамға дейін қызметкері бар мекеме үшін квота мөлшері – 2%. Тізімде 101-ден 250-ге дейін адам болса, оның 3%-ы мүмкіндігі шектеулі болуы керек. Сонымен қатар, 251 адамнан артық жұмыскері бар ұйымдарда мүгедектердің үлесі 4% болуы тиіс.

Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұсынған деректерге сүйенсек, қазан айының басындағы дерек бойынша 2%- дан 4%-ға квота аймақтың 49 ұйымында белгіленіпті.

– Бұлар негізінен, ауруханалар, мектептер, жекеменшік ұйымдар, коммуналдық шаруашылықтар. Бұларда істейтін барлық жұмыскерлер саны 6 256 адам болса, оларға 88 квота белгіленді. Квота берілетін ұйымдар тізіміне ауыр, зиянды жұмыс орындары кірмейді, – дейді басқарманың еңбек нарығын талдау және мониторингілеу бөлімінің басшысы Айнагүл Ермағанбетова.

Жалпы, жыл басынан бері жұмыс іздеп 1 914 мүмкіндігі шектеулі адам жүгінген. Оның 847-сі жұмысқа орналасыпты. Мұның ішінде 408-і бос жұмыс орындарына, 439-ы субсидияланатын жұмыс орындарын тапқан.

Айнагүл Ермағанбетованың айтуынша, субсидия әлеуметтік жұмыстарға, Жастар практикасына, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша, сондай-ақ, «Күміс жас» жобасы бойынша бөлінген.

– Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында биыл мүмкіндігі шектеулі 700 адамды жұмыспен қамту жоспары тұр. «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негізін осы санатқа жататын 589 адам оқып шықты. Қысқа мерзімді курстарға 32 адам жіберілді. Мүмкіндігі шектеулі 61 адамға грант берілді. Оның 42-сі мүгедек, 19-ы мүгедек бала асырап отырған отбасы, – деп атап өтті бөлім басшысы.

«Тең қоғам» мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығының басшысы Нияз Сүндеталиев өткен тоғыз айда орталық арқылы 47 адамның жұмысқа орналасқанын жеткізді. Ол соңғы бес жылда жұмыс берушілердің мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа алу ниетінің жақсарғанын атап өтті.

– Орталықтың әлеуметтік қызметкері бізге келген адаммен сөйлесіп, оның білімін, мүмкіндіктері, машықтарын зерделейді. Бір сөзбен айтқанда, оның бәсекеге қабілеттілігін бағамдайды. «Ол адам өзіне жүктелетін міндеттерді түсіне ме? Оны орындай ала ма?» деген сияқты мәселелерге мән береміз. Жұмыс істесе, қандай да бір табыс болады. Әйтпесе, мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақы жетпейді, – дейді Нияз Сүндеталиев.

Гүлсен Сапарбекова – мүмкіндігі шектеулі жан. Жасынан мүгедек ол әр жерде бір істегенімен дұрыс жұмыс таппаған екен. «Арман» балабақшасына жұмысқа тұрғаны жақында ғана.

– Жұмыс сұрап өз бетіңше барсаң, алмайды, «мүмкіндігің шектеулі» деп. Менің диагнозым көздің көруімен байланысты. Бұның алдында денсаулығыма байланысты үйде болдым. Жұмыс іздеп барғанымда, осындай деген балабақшада орын бар екенін айтты, «Ала ма? деп» сұрап едім, «Алады» деді. Расымен де жұмысқа алды. Осы айдың басынан бастап күзетте істеймін, – дейді ол.

Бұл кісілер жұмыс талғамайды. Табылғанына қуанады. Мүмкіндігі шектеулі жанның бәрі еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетті емесі анық. Сондықтан, жұмыс берушілер оларды жұмысқа қандай да бір талап, шарттарсыз алуды негізге алса… Бұл әрине, норматив емес, бірақ, адам факторына деген жанашырлық, әрі ізгі шешім болар еді.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button