Шеберлік пен кемелдік иесі
Әңгімені «өлгендердің ішінде тірілер де кете барады. Сол – өкінішті» деп бастады кемел көсемсөзші, шебер аудармашы Марал ХАСЕНДІ еске алу кешін жүргізген қаламгер Төрехан МАЙБАС. «Марал ағамыз ғұмыр бойы қолынан қаламын тастамады. Ұлтқа, қазақ руханиятына қызмет етуден танбады. Бірнеше кітап жазды. Қазақстандағы алдыңғы қатардағы аудармашылардың бірегейі еді. Алайда, өзін жазушы деп атамай кетті. Публицист, аудармашымын деп өтті өмірден» деп тағы бір қайырды Төрехан аға.
Қарағандыдағы қазақ руханиятының ордасы – Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада өткен кешке қаламгердің жары, Марал атаның аяқталмай қалған ісін жалғастырушы Рымбала Смайылова және аудармашының көзін көрген замандастары қатысып, естеліктерімен бөлісті. Маркеңнің шығармашылығы, болмыс-бітімі мен азаматтық келбетіне қатысты небір тұщымды әңгімелер айтылды. Журналист, публицистігінен бөлек, бұл кісінің аударма саласындағы еңбегі ұшан-теңіз. Тақырып сол арнаға ойысқанда кештің салмағы артып, бояуы қалыңдай түсті. «Нобель сыйлығының лауреаттары» сериясымен шыққан «ІІ кітап-жинағының» (аударма) тұсауы салтанатты түрде кесілді. Мұнда 2013, 2015 жылғы Нобель сыйлығының иегерлері – Элис Манро мен Светлана Алексиевичтің шығармалары топтастырылған. Светлана Алексиевичтің Нобель сыйлығын алған «Соғыстың сұрқы әйелге жат» және «Мырышқа айналған қыршындар» шығармалары енсе, Элис Манроның «Шат-шадыман көлеңкелердің биі» туындысы. Маркең аударып бастап, аяқтай алмай кеткен Манроның «Шат-шадыман көлеңкелердің биі» туындысы мен Алексиевичтің «Мырышқа айналған қыршындарын» ақырына дейін жеткізіп, толығымен аяқтап, кітап қылып бастырушы – жары, аудармашы, баспагер Рымбала апай. Қарағандыдағы «Арко» баспаханасында редактор болған кезінде.
Қазақ руханиятындағы көзі қарақты қауым Марал Хасен есімін жақсы білсе керек. «Жүрек қанын сия қылған…», «Аудармалар», «Сынын бермес сырлы сөз», «Мазасыз күндер» кітаптарының авторы. Аймағымызда атқарған лауазымды қызметтерін айтпағанда, республикалық «Әлем әдебиеті», «Литературный Казахстан» журналдарының тұрақты аудармашысы. Жоғарыда тұсауы кесілген кітап-жинаққа дейін 14 нобелиаттың шығармаларын аударып, «І кітап» деп жинаққа бастырған екен. Мына екінші еңбек – соның жалғасы. Басқа аудармалары мен еңбектерін айтпағанда, осы нобелиаттарды аударғанының өзі әдебиеттің алтын қазынасы емей не? Осы күнге дейін Марал Хасеннің тәржімаларын жоғары бағалаған әдебиет мамандарының пікірлерін талай естігенбіз. Әдебиеттегі аударма саласын біраз зерттеп, мақалалар қалдырған академик Е.Бөкетов «ақын ақынды аударғанда, бәсекелесі болса жетеді. Ал, жазушы жазушыны аударғанда бәсекелесі болған аздық етеді. Талант пен білімнің атасы керек. Себебі, қара сөз аударып отырған қаламгер түпнұсқаны тудырушының құлына айналады. Бөтен елдің тіл ерекшелігі, тұрақты тіркестері, құбылмалы сөздері, басқа да қаптаған мәселелер жетерлік» дейді. Марал Хасеннің телегей еңбегін осы пікірден-ақ пайымдай беріңіз. Кешке келгендердің көбі ол кісі жөнінде «жүрген бір энциклопедия еді, білмейтіні жоқ» деген пікірлер білдірді. Сол білімнің бәрін өзімен қоса ала кеткен жоқ, жазуында қалдырып кетті. Бізге соны оқып, танып-білу ғана қалды.
Жәнібек Әлиман