«Шашты сайтаныңды сен де тыйсаңшы…»

Абай сөзі – заңдылық пен құқықтық тәртіп. Өйткені, Абайдағы тұтастық, түгелдік, гармония оны шалағайлыққа жібермеген. Абайдың тілінің сөздігі, грамматикасы, Абай өлшеуінің, ырғағы, ұйқасымы, Абай суретінің бейнесі – бәрі бірге қосылып та, жеке тұрып та негізгі тақырыптың күйіне билеп тұрады. Құдайберген ЖҰБАНОВТЫҢ осы бір пікіріне сай Абай сөзінің негізгі тақырыбы Мұхтар ӘУЕЗОВТІҢ «Абай жолы» роман-эпопеясының түріне де, мазмұнына да билік айтып кеткен.

«Бала Абайдың алғаш көріп, тыңдаған ақыны Барлас біреуді мақтап, біреуден сұрап жырлайтын ақын емес-тін» деп жазады Әуезов «Абай жолында». Барлас ақын Құнанбайдың ауылына келгенде бала Абай оқудан қайтқалы сүле науқас болып, дерттен арыла алмай жатқан. Барласты бір ай тыңдап, батасын алған Абай сол кезде өзін-өзі бар сырқаттан құлан таза арылғандай, нық бір қайрат жиып алғандай сезінген. «Бала шәкірт Абайға не болды?» дегенге келсек, оның сүле науқас болып сырқаттануының себебі, ойда жоқ жерде, құрбыластың сөзіне еріп, Қарашоқыға бара қалып жаман, сұмдық бір бәле, қанды істі көрген жас жүрегі дір-дір қағып, қалтырап үркіп, шошып, түсі құп-қу, қатты өзгерген күйі ауылына жете жығылған. Дәп сол күні Абай Құнанбай ауылына тарғыл тазысын ертіп келген Жиреншемен қоянға шыққан болатын. Қоян іздеп жүріп екеуі атшабар Жұмағұл жолыққанда, анау бұларға: «Қарашоқыға барыңдар. Бүгін сонда Қодарға бір сын болады. Жұрт жиналып жатыр» деген. Қарашоқыда өзенге мінбелеп, төніп тұрған бір тіп-тік жартастың түбіне қонған Борсақ Жексен ауылында өтер жиының немен тынарын басқа жұрттан гөрі ертерек білетін жорға Жұмабай еді, бала шәкірт Абай қаладан қайтқандағы сапарлас үлкен жолдасы. Үш күндік жолды арта тастап Көлқайнардағы Құнанбай ауылына, Абайдың өз шешесі Ұлжанның отырған ауылына кешкі екінді кезінде жеткен еді. Абай ауылға келіп, әкесімен сәлемдескен соң, шешелеріне қарай бұрылғанда арт жағында жорға Жұмабай Абайдың оны қорқытқанын әңгіме қып жатқанын құлағы шалып қалады. Әйтеуір, ашулы шағым-арыз емес, өйткені Жұмабай кісілікті кісі еді. Ол жолда баланың кәдімгі «жолбасар» ұрыларша үлкендерге салған уақиғасын ойынға айналдырғысы кеп, мысқылдап: «Өй, ұқсамасаң тумағыр! «Ұры Тобықты, ұры Тобықты!» – деп Керек, Уақ зар қағады. Қаршадай баласына шейін ұры болудың жөнін жете біліп тұр. Зар қақпай қайтсін Керей, Уақ!..» деп өзі де күлген.

Шынында да, мұрын мен аузын қызыл орамалмен таңып алған, шапан-бөркін айналдырып киіп тұрған ат үстіндегі бала «жолбасар» ұры кейпіне ене салған. Жете біліп істеп тұр. Ондай ұрылар жайында Абайдың естіген әңгімелері соншалық көп. Кейде, тіпті сарытоқым ұры болған – ел ішіндегі үлкендердің өз аузынан естіген әңгімелері де ұмытылмайтын. Қайта бір кездесіп, дәл жауға шапқан пішіндерін көрсем деген іште жүрген ынтықтығы да болатын.

«Сарытоқым ұры» – ылғи ат үстінде жүретін, жүрісі суыт, әккі, қу ұры. «Жолбасар» – талайды зар қақсатқан жайлаудың қасқырындай ұрының көк бөрісі, жортуыл басы. «Жолбасар» ұмытылған заң термині, оның тарихы байырғы сауда ісімен байланысты. Жан-жақтан саудагерлер керуені кең далаға ағылмай ма, алыс сапарға қарулы жасақпен шықпайды, қайбір елдің тұсынан өткенде жол қауіпсіздігі, жол саудасы үшін ақы төлеген. Жол саудасы – транзит, логистика. Дулат Бабатайұлы айтқан екен кезінде: «Жол сауданы олжалай, болашақты болжамай, алданып қапы қалғансың», – деп шаруаға қыры жоқ, алды-артын ойламас басшыны сынапты.

Енді, «жолбасар» терминінің шыққан тегін тергесек. Көнефранцуз тілінде «solde» – төлем, жалақы орта-жоғарғы – неміс тілінде «soldenaere» – жалдамалы жауынгер. «Жолбасарыңыз» – жалдамалы жауынгер.

Ресейдің әскери-отарлау саясаты толық орнықты да, сауда-саттық ісі патшаның қолына көшкен соң бұрынғы жол саудасы да тыйылды, ежелгі кәсібінен айырылған жұрттың біразы «жолбасар» ұрлыққа кірісті. Байтас пен Жұмабайдың қауіпті деген Есембай биігі, Есембай жырасы жұрт Шыңғысқа жайлауға қарай көшкенде елсіз болып қалатын жер. Алыстан жолды бағып отыратын тұрғылары бар. Тақ иек артпадан, өкпе тұстан жүргіншіге жауды қоян-қолтық, құшақтастыра түсіретін ұры сай, жасырын жыралары да бар. Бұл – жау жатағы, ұрының ойнағы. «Ұры-қары жиналып ұйытқылы ел болмас» Жаңағы Жұмабайдың мына сөзіне назар аударалықшы: «Қаршадай баласына шейін ұры болудың жөнін жете біліп тұр» Жұмабайдың сөзі – мысқыл сөз, бойына шақтап тон пішу. Жас бала қанша бір жете білсін ұрының «өнер» жолын. Бұл жерде бала Абай тек ұры кәсібінің тек сыртқы пішінін ғана естіп-білгенінен істеп, қойылым жасап отыр. Ұры-қарының сырын Абай өсе келе түсінеді, ол майдан әлі алда, қазір ауылына асыққан бала, туған жер де, оның қойнына тыққан ұры-мұрымен де жатсың, бөтенсің демейді, оған үлкендер қорқытқан ұрылар да сондайлық жат, суық боп көрінбес. Жазушы «жолбасар» оқиғасын бас кейіпкердің бала шәкірттіктен ата баласы дәрежесіне өту кезеңін көрсету үшін сәтті қиыстырған. Абай әлі де тайға шапқан, асық ойнаған, жаяу жарыс жасап, асыр салған дала баласы. Оны «жолбасарлығы» сырын білмеген сырт көрініске балалық қызығушылықтан өрбіген іште жүрген ынтықтығы еді, солармен бір кездесіп, дәл жауға шапқан пішімдерін көрсем деген. Баланың сырт пішінге қызығып ынтығуы оның бойында құмарлық пайда болуына әкеліп соқты, дерт бітті, жаңа қызыққа мас болды, ақылдың көзін байлап, бойын сынатты.

Өсіп-өнген Абай кейін айтар: «Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей» деп. Сырт пен сыр. Жер сырын білетін үлкендер баланы жау жатағында жапа-жалғыз шапқан оғаш, оғат қылықтан тоқтатпақшы, бала тыйымға төзбеді, тежеуге көнбеді, лепірген күймен қисық-қыңыр қырын келіп, ағын судай екпіндеді. Ақыры, өз ісіне өзі өкінді, қоңыр жүзі қызарып, төмен қарап қысыла күле беріп, бөркін айналдыра берді. Қаладан, жабырқау медреседен жаңа құтылып шыққан, ауылына асыққан бала шәкірт үлкендердің сөзін тыңдайын деп ойысқан жоқ еді. Өйткені, бала шәкірт тыйым, тежеу, тоқтау сөзді ой көзімен түгел тыңдап тұра алмасты, ауылға жетуге асыққан көңілінде алаң басылмады, түзу сөзді тыңдамады. Өкініштісі сол – бала шәкірт «Мен бөрінің бөлтірігім» дегендей өз ауылының үлкендерін артында қалдырып астындағы жарау құла бәйгі бестісімен шапқылап, қара үзіп, алыстай берді. Болмайтын болды.

– Артында қалып, майырға ерген лаушыдай қашанғы текіректейміз. Бұл қорлықты көргенше кел, Жұмеке, біз де аттың басын қоя берейік, – деп Байтас бурыл атты ағыза жөнелді. Жұмабай да еріксіз шапты».

Баладан мына қорлықты көріп келе жатқан бөтен, жат біреу емес, Абайдың ағайыны Байтас еді. Өзі сері, әнші, сұлу Байтас аға сұлтан Құнанбайдың бұйрығымен бала шәкіртті қаладан алып қайтқалы барған. Жұмабай да Құнанбайдың бір тапсырған жұмыспен барып келе жатқаны Абайға мәлім еді. Енді, әкесінің екі сенімді кісілерін қорлауымен өрескел, әдепсіз іс қылды. Бала шәкірт тоқтау көрмей өскен мақтан сүйгіш, қызғаншақ Ескендір патшадай сыпайлықты ұмытып, даңғойланып қақтығып, тоқтау таппай есіріп жазықсыз жандарды қор еткен. Құнанбай болса, бұл баласына сенім артып, өзіне серік қылам деп жұмсаған, сенген жаны шикі боп шыққаны ма сонда? Мүмкін Абайдың балалық шақтан қалған бір елес те шығар мына өлең жолдары: «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп, Өткіздік бір нәрсеге болмай жетік. Ойшылдың мен де санды бірімін деп, Талап, ойсыз, мақтанды қалдым күтіп». Бұл Абайдың өз мойындауы. Өкініші көп өмір. Үдере көшкен қайшылық өмір ғой. Өтіп кеткен өмір. Балалық шақ та – өмір. «Балалық өлді білдің бе?» деп Абай біліп айтқан. Балалық шақтағы «Мен Құнанбайдың бөлтірігімін» атты мақтан тентектігін өкінішпен есейгенде еске алып, әке есімі алдында берген ой есебі сияқты. Абай сезімі ойшыл сезім. Ойы да – сезімшіл ой. Абай күңіренеді, ұлы ойлар кеп басына…

– Әкем… Әкем!… Жазушы Әуезов Құнанбай мен Абайдың көркем образын сомдауда Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қодар өлімі» атты поэмасындағы оқиғаны еркін түрде пайдаланған. Шәкәрім поэмасында сөзді былай бастайды: «Ой қозғайды оңаша таудың басы, Өткеннің ойға түсіп тамашасы. Қолтығына қабағын түйіп қарап, Әне тұр Қодар өлген құз-жартасы». 1858 жылы туған Шәкәрім Құдайбердіұлы 1897 жылы дүниеге келген жазушы Әуезовтен көп үлкен, арада 39 жыл жатыр. Қодар оқиғасы тым ертеде, әріде өткен, Шәкәрім поэмада «Өткеннің ойға түсіп тамашасы» деуі содан.

Жазушы Әуезов «Абай жолында» Қодар оқиғасын бала шәкірттің қаладан ауылға қайтқан кезіне, оның он үшке толған 1858 жылға әкеледі. Екі шығармаға ортақ тән бір тақырып – тыйым. Әуезовтің «Абай жолының» бірінші кітабінің бірінші «Қайтқанда» деген тарауы Байтастардың баланы жеке шабудан тежегенінен басталады да Қаршоқыдағы қаралы сұлу Қамқа мен қайғылы қарт Қодардың жаза тарту оқиғасына алып барады. Қаралы Қамқа – келін, қайғылы қарт Қодар – қайын ата. Шәкәрім бойынша, Олжайдан тараған Борсақтың бір тұқымы Қодардың ұлы Құтжан қайтыс болып, жесір қалған келінін Қодар алған. Шәкәрім мен Әуезовте Құнанбай Қодардың Қамқа келінімен жақын болғанын Сыбан ішіне сырт топқа барғанда естиді. Құнанбай төрдегі төреге әрі арам, әрі ысырап, бір былғаныш насыбай атуды тастасаңшы депті. Төре: «Мен насыбайымды тастайын, бірақ Шыңғыстың бөктеріндегі шашты сайтаныңды сен де тыйсаңшы» деп Құнанбайдың өзін де, сөзін де тыйып тастаған. Әуезов төренің атын Солтабай деп алса, Шәкәрім – «Барақ төре, Құнанбаймен жасы құрбы, қатты тату» депті. 1942 жылғы «Абай» романының алғашқы кітабында жазушы бала Абайға бата берген Дулат ақын деп көрсетсе, кейін советтік цензураның талабымен Барлас атаған. Өйткені, Дулат та билікке ұрлық пен тәртіпсіздікті тый деп заңды талап қойған, ол және де Абай өнеріне қатты ықпал еткен ақын. Енді біз, Әуезовтің роман-эпопеясы, Абай поэзиясы, Дулат жырындағы негізгі тақырып даланың «тыйым» институты әлемдік құқықтық оймен астасып жатқандығын дәлелдейтін құқықтық дерекке тоқталайық.

Роман-эпопеяда Құтжан қайтыс болады да, Қодар мен Қамқа екеуі қыстауда қалып қояды, маңайда басқа не қыстау, не бірде-бір киіз үй де, тірі жан да жоқ. Көшерге өз көлігі жоқ болған соң, Қодар ешкімнен көлік те сұрамаған, қыстаудан да ірге аударып жылжымаған. Қодар елге жоламай, елдің келуін де тілемей жүргенде, ел ішінде «Қодар келінімен жақын» деген жаман атқа таққан дақпырт жайылады. Жала ма, ақиқат па, әйтеуір сол кезеңде өсек сөздің ұшқыны Қодар мен Қамқаны дарға асып, таспен атып, сүйектерін отқа жағуымен тынады. Жолсыз жаза, ақ, қарасын тексермеді деуге, Шәкәрім жазған дастаннан өзге әлем мойындаған заң талабы бар. 1794 жылы ағылшын В.Джонсон баспасынан шыққан «Ману» заңының 213, 214, 215 баптарындағы нормалар бойынша ер азаматқа туған анасы, қарындасы, қызымен оңаша, оқшау жерде қалуға тыйым салынған. Өйткені, соқыр сезім дегеніңіз дүлей күш, ол ақымақ түгіл ашу мен құмарлықтың билігіне душар болған сәтінде һакімнің де есалаң жүрегін еліктіріп әкетеді. Бұл – Заң сөзі, заң тыйымы.

Роман-эпопеядағы Қодар сөзі: «Өзінің әкелік жүрегі өзіне мәлім. Балалық жақындығы Қамқаның да өзіне мәлім-берік. Қайғы үстінде күндегі бір-біріне мұң айту, күрсіне отырып зарларын шағу, екеуін әбден келін мен ата халінен кетіріп, ортақ қайғыдағы ене мен келіндей немесе әке мен баладай жақындатқан. Адам мен адам боп танысып, табысқан-ды. Бірақ өзге көп жайды екеуі де ірікпей, бүкпей ашық сөйлессе де, жаңағы сұмдықты жарылмаған уыздай сорлы, шерлі баласына айтуға бірбеткей Қодардың батылы да бармас еді».

Ал, адамзат Заңның сөзі, тыйымы жаңағыдай. «Қатыныңның ойнасын, Көрсең, білсең қоймасын, Не ойлар едің өз басың, Сонымен тең біз де енді».

Марат АЗБАНБАЕВ.