Жаңалықтар

Шаруасын шалқыту – фермердің қолында

Қарағандыда облыс фермерлерінің басын қосып, көкейлерінде жүрген толғақты мәселелері тыңдалған «Қазақстан фермерлер одағының» облыстық конференциясы өтті. Алқалы жиында сондай-ақ, ақпанда өтетін съезге қатысатын делегаттар сайланып, республикалық деңгейге шығарылатын мәселелер қарастырылды.

Конференцияға «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық ұйымының төрағасы Әуезхан Дарынов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, облыстық ауыл шаруашылығы, ветеринария, жер қатынастары басқармаларының басшылары, облыстық кәсіпкерлер палатасының төрағасы, аудан әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ, фермерлер мен шаруа қожалықтарының басшылары қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров облыс шаруашылықтары өткен жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтағанын айтады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 272 млрд. теңге, бұл – республика бойын ша ең жоғарғы көрсеткіш. Дәнді дақылдардың егістік алқабы өсіп, гектарына 12,6 центнер орташа өнімділікпен 1 млн. 25 мың тонна астық жиналған. Облыс фермерлері алғаш рет бір мың тоннадан астам сиыр етін, 150 тонна қой етін экспортқа жөнелткен.

Қарағанды облысында биыл фермерлер одағының жұмысы айтарлықтай жақсарған. Бұл өңірлік филиалдың жұмысына басшылық ететін Абай ауданындағы «Шанс» шаруа қожалығының басшысы Игорь Жабяктың да еңбегі екеніне тоқталды Әуезхан Дарынов.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі агроөнеркәсіп кешені өнімінің көлемі 28%-ға артқан. Бұған цифрландыру, минералды тыңайтқыштар мен жоғары өнім беретін тұқымдар пайдаланылатын алаңдардың кеңейтілуі, озық агоротехнологияларды пайдалану ықпал еткен. Биылғы жылы фермерлердің машина-трактор паркін жаңарту мен өзге де құралдарды пайдалану есебінен саланы жаңғыртуды жалғастыру арқылы өнімділікті 53%-ға арттыру жоспарда.

Республиканың бас фермері Әуезхан Дарыновтың айтуынша, шаруашылық иелерін алаңдататыны – кейінгі кезде көп өзгерістерге ұшыраған субсидия мен несие мәселелері екен. Мәселен, біраз жылдан бері мал өсірумен айналысатын бірқатар шаруашылықтар жеңілдікпен несие ала алмай жүргендіктерін жеткізді. Фермерлер біраз есікті қаққанымен, мал басын көбейткісі келсе де жеңілдік ала алмаған. Сондай-ақ, тұқым шаруашылығымен айналысатындар алдын-ала дайындық жасау үшін минералды тыңайтқыштар сатып алатын мекемемен келісімшарт жасасу қажеттігін де алдыға тартты.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығын дамыту басқармасының басшысы Ермек Әбуовтың айтуынша, аталған салада өзгерістер болуына байланысты мал өсіруші шаруашылықтар ешқандай кері себептері болмаса, былтыр ала алмаған субсидияларын биыл ала алады.

Тұқым шаурашылығымен айналысушыларға субсидия беруде де бірқатар өзгерістер бар. Яғни, тұқым шаруа қожалығының тұтыну нормасына тегін сәйкес босатылады. Олар күзгі жиын-терімнен кейін алған тұқымынан түскен пайданың отыз пайызын арнайы мекемеге аударады. Ал, түскен қаражат облыстағы фермерлердің күрделі мәселелерін шешуге жұмсалады. Бұл орайда айта кететін жайт, егер тұқымды басқа өңірден субсидия арқылы алсаңыз, түскен қаражат та сол өңірдің пайдасына жаратылады.

Ауыл шаруашылығын қолдауға мемлекет тарапынан миллиардтаған қаржы бөлінуде, бірақ, оның нәтижесі көрінбей қалып жатады. Қаржы құмға сіңген судай жоғалады. Сондықтан, Қазақстанның фермерлер одағының қатысуымен осы қаржының бөлінуін қоғамдық бақылау қажет деп айтқан болатын Елбасымен кездесу сәтінде. Ауыл шаруашылығы ел экономикасының драйверіне айналуы керек, әлбетте, бұл фермерлердің қолында. Сондықтан, күшімізді біріктіру арқылы ғана жақсы жетістіктерге жете аламыз, – деді Әуезхан Дарынов.

Қазақстан фермерлер одағының съезінде атқарушы билік өкілдерімен және депутаттармен бірге біраз проблемалар шешімін табады деп күтілуде. Облыс делегациясының құрамында әр ауданның өкілдері бар.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button