Жаңалықтар

Шаруалар шығынға батуы мүмкін

Қарағанды облысында егін егу науқаны аяқталуға жақын. Алайда, диқандар көктемгі дала жұмыстарының ауыр өткенін айтады, деп хабарлайды Ortalyq.kz «Хабар 24»  сайтына сілтеме жасап.

Тыңайтқыштар мен гербицидтердің, техника мен қосалқы бөлшектердің бағасы бірден 2,5 есе шарықтап, шаруаларға біраз нәрседен бас тартуға тура келген. Енді «егін бітік шықпаса, шығынға батамыз» деп отыр шаруалар.

 – Бұл – Қарағанды облысындағы ең көп егін салатын ірі шаруашылықтың алқабы. Биыл олар 36 мың гектар жерге дәнді-дақыл сіңірген. Көктемде қар суы топыраққа мол сіңгенімен, аңызақ жел жерді кептіріп барады. Сондықтан қымбат болса да, тыңайтқышты көптеп пайдалануға мәжбүр. Өйтпесе, өнім болмайды, – дейді диқандар.

Ал, бас агроном Думан Шәктаев:

– Бірінші жылғы пардан кейінгі аңыздарға 30 келіден аммофос сеуіп жатырмыз. Екінші жылға 50 келі аммофос сеуіп жатырмыз. Ал үшінші жылға 80 келі сульфоаммофос сеуіп жатырмыз. Қанша айтқанмен, азот керек қой, азот жетпейді. Биыл күллі егініміз тыңайтқышпен себіліп жатыр, – дейді.

Алайда биыл тыңайтқыш пен гербицидтің бағасы шарықтап кеткен. Бірден 2,5 есе қымбаттапты. Ол аздай, техника мен қосалқы бөлшектің де құны аспандап тұр.

Диқандардың есебі бойынша, енді ең болмаса кеткен шығынды жабу үшін күзде кемінде әр гектарына 15 центнерден өнім жинау керек. Бірақ, өкінішке қарай, биыл керісінше бидай мен көкөністің құны 2 есе төмендеген. Шаруалар мұны әлемде болып жатқан геосаяси ахуалмен байланыстырады.

Айта кетейік, биыл облыс бойынша шаруалар 944 мың гектар жерге дәнді-дақыл сіңіріп жатыр.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button