Жаңалықтар

Шарболат немесе шыңдалу мен шеберлік мектебі

Мезгіл мұнары шалмайтын биіктер аз. Өз дәуірінің, өз қоғамының, өз ортасының мызғымас беделі мен бет-бейнесіне айналу кез келгеннің пешенесіне бұйыра бермейді. Алайда, өзі өмірден өтсе де уақыт озған сайын орнын жоқтатып, қайраткерлік те, қаламгерлік те тұлғасы да айшықталып, асқақтай беретін біртуар таланттар сирек болса да ұшырасады. Бүкіл саналы ғұмырын аймақ баспасөзінің қалыптасуы мен дамуына, өсіп-өркендеуіне арнаған қажырлы қайраткер, қаракөк қаламгер Мағауия Сланбекұлы Сембай сондай, сойы бөлек жандардың санатынан еді.

СУРЕТТЕ: М.СЕМБАЙ, А.ЖАНҒОЖИН.

Үлкен еңбек жолын облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде бастаған ол осы бірегей басылымның қайнаған қазанында пісіп жетілді. Қатардағы тілшіліктен ұжым басшысы, газеттің бас редакторына дейінгі жолды жүріп өтті. Журналистік өтілінің басым бөлігінде бас редактор болып, ұзақ жылдар бүкіл елімізге ат-атағы кеңінен танымал басылымның тізгінін сеніммен, берік ұстады. Ұжымның ұйытқысы болды. Егемен елдің еркін баспасөзінің ендігіде Тәуелсіз талаптарына сай ой толғауына, сөз саралауына қаламы жүрдек журналист, істің көзін тапқан ілкімші басшы ретінде лепті үлесін қосты. Тәуелсіздіктің тәтті сөз емес, ұлттық жауапкершілік екенін, оны орнықтыру жолындағы жанкешті күресте ғайыптан тайып аттан ауып қалсаң да, жаяу жүріп жағалас салатын тағдырлы кезең туғанын, талма тұста тұрғанымызды оқырмандарға терең ұғындыра білді, әріптестерін осынау инемен құдық қазғандай бейнетті жұмысқа жұмылдыра білді. Еліміздің ертеңі, халқымыздың болашағы таразыға тартылған тұрлаулы жылдары қалам қарымын да, азаматтық алымын да сарқа жұмсады. Соның нәтижесінде ол басқарған ұжым өзі тектес басылымдар арасында мойны озық, алдыңғы қатарлы газетке айналды. Басылым, сондай-ақ, оның жекелеген қызметкерлері журналистік қауымдастықтың бірқатар беделді сыйлықтарына, марапаттарына ие болды. Міне, осының бәріне Мәкеңнің ойлы орамдары, озық идеялары ықпал етті. Еркін шығармашылыққа шабыт беретін ортада жұмыс та өнімді, табыс та толымды болатыны белгілі.

Біз білгенде Мағауия ағай «Орталық Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы еді. Жауапты хатшы дегеніңіз, әскер тілімен айтқанда, штаб бастығы, редакцияның бүкіл тыныс-тіршілігін, өндіріс үдерісін бір қолда ұстап отырған, мық шекедей мығым басшы. Мәкең осы лауазымды барынша білгірлікпен, аса абыроймен атқарды. Уақытпен санаспайды: елден ерте келеді, кезекті нөмірге қол қойылып, газет өндіріске кеткенше жұмыста жүреді, кеш қайтады. Ол кезде газет аптасына бес рет шығады, материал шақ келмейді, конвейерге түскендей жұтылып жатады.

Мағауия аға алдында ғана «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет етіп, шын шеберлік мектебінен өтіп келген. Сол жылдары редакторлардың редакторы Шерхан Мұртазаның жетекшілігімен дүрілдеп тұрған еліміздің бас басылымының бар жаңалығын алып, өміршең қағидаларына қанығып оралған Мәкең облыстық газетке де тыңнан түрен салғандай соны серпін берді. Соның аясында басылымның барша бағыт-бағдары жаңаша жүлгеленіп, оқырман алдындағы міндетін мүлтіксіз атқара білді. Газет материалдарының ішкі мән-маңызы, мазмұны тұрмақ, сыртқы пошым-порымы, кесім-көлеміне дейін жаңа, өмірдің өзі алға тартқан талаптар тұрғысынан сипат ала бастады. Жауынгер жанр ретінде күнделікті, аймақтың тыныс-тіршілігінен жылдам хабардар ететін қысқа-нұсқа мақалалар, жедел ақпараттар алға шықты. Бұрнағы, болған іс-шараны бастан-аяқ баяндап, іш пыстырып отырып алатын, хаттама түріндегі шұбалаңқы материалдардың жолы кесілді. «Үш беттен, 180 жолдан асқан материалды оқымаймын! Нағыз журналист қандай да болсын оқиғаны осы көлемге сыйғыза алуы тиіс», – деген қатаң қағиданы берік ұстанды. Алда-жалда қолға бір түсетін, өзекті тақырыпты қозғаған өткір материалдардың барынша көрнекі етіп берілуі, олардың порымы тұрмақ, қарпіне дейін ерекше болуы, т.с.с. газет беделін көтеретін мың ұсақ-түйектің бір де біреуі жауапты хатшының назарынан тыс қалған жоқ. Ішкі еңбек тәртібіне қатты қарады. Ара-тұра кетіп қалатын бір әріп қатесі үшін кезекші редактордың, корректормен қосып, жанын сығып алатын.

Ол жылдарғы газеттің тірлігі от шашып жатқан отпан шоқыны елестететін. Онсыз да бәсі басым «Орталық» батыр редактор Н.Оразбековтің әйгілі «Ия, бұл – төңкеріс!» деген аттанынан соң тіптен қоғамдық пікірдің қайнаған қазанына айналған. 70 жыл бойы іштей булығып, айтарын ашып айта алмай, жазарын жарқырап жаза алмай келген қоғамда қанат жайған демократия қағидалары бөтелкеден шыққан жын іспетті буырқанып, бұйда үзіп, біржола бой бермей кеткен. Журналистер қауымының екінші тынысы ашылғандай, ұлттық ұлы мұраттарымызды, халықтың мұң-мұқтажын қозғаған түрлі мақала-корреспонденцияларды жарыса жазып жатты. М.Сембайдың қалам қарымы да осы бір алмағайып кезеңде барынша жарқырап көрінді. Мағауия аға қоғамдық құрылымның түбегейлі ауысуы барысында бұрынғы үйреншікті жолдан адасып, жаңаны қабылдауға қауқарсыздық танытқан жерлестеріне тәуелсіздіктің сөзін батыл, батырып айтты. Қоғамдық өзгерістердің қарсаңында, сарсаңында болатын түрлі келелі, келеңсіз оқиғалардың себеп-салдарларын терең талдап, соларға қатысты қарт тарихтың татымды тағылымы жайында салмақты сөз қозғады. Ойын әрдайым ұтқыр жеткізе білді. Бұрын шиырланған үлгілерді қайталамай, жаңа сөз, тың түйін жасауға ұмтылды. Оның әрбір мақаласы, әр жазбасы қашан да шеберліктің мектебі сияқты қабылданатын. Ойға ой қосатын, өрісімізді, танымымызды кеңейтетін.

М.Сембай тақырып қоюдың, тақырыпты ойнатудың хас шебері еді. Басқасын былай қойғанда, сол кездергі «Әлемде не әңгіме?» атты ағаның авторлық айдарында жарияланған қысқа материалдардың тақырыпшалары күні бүгінге дейін ертегідей болып ел аузында жүр.

Бір сөзбен, Мағауия Сланбекұлы басылым контентіне реформаторлық сілкініс әкелген тұлға болды. Бұл үрдіс М.Сембай бас редактор болып тағайындалған соң тіпті, қарқын алып, жүйелі жалғасын тапты.

Әлбетте, бұқара алдында беделі бар басылым бір күнде туа салмайды. Газеттің өзіндік бет-бейнесі мен айқын позициясын қалыптастыру бас редактордан креативтік талғаммен қатар үлкен қажырлылық пен қайраткерлікті талап етеді. Газет құрылымы қазіргі ақпарат көзі барынша молайған заманда негізінен танымдық-сараптамалық мақалалардан түзілуі тиіс. Сондай-ақ, журналистің кәсіби шеберлігі шығармашылық еркіндік арқылы ғана шыңдалады. Аяғы тұсаулы тұлпар қанша жерден жүйрік болса да алысқа шаппайды. Міне, М.Сембай редактор болған жылдарғы «Орталық Қазақстан» оқырманын осындай концепциялық қуатты қолтаңбасымен, ой, қалам еркіндігімен баурады. Газеттің беделі артты, халықтың мінберіне айналды.

Соңғы ширек ғасыр иінінде «Орталық Қазақстан» газетінің қабырғасында төртінші билік өкілдерінің бірнеше буыны өсіп шықты. Олардың алды қазірде қалыптасқан кәнігі журналистер. Мағауия аға кейінгі толқынның қамқоршы ағасы, үлгі алар тәлімгері болды. Журналистік кәсіпке енді араласқан жас талаптарға ақыл-кеңесін аяусыз бере жүріп, өзі де қаламын суытпады. «Орталықпен» қоса басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында түрлі жанрдағы публицистикалық, танымдық, тағылымдық, шетелдік сапарлардан түйген ой-толғамды мақалаларын үзбей жариялап тұрды. Осы орайда, М.Сембайдың қаламынан шыққан кітаптар шоғыры туралы да айта кеткен орынды. Ол «Қолыма қалам алдым айтамын деп…» (2005), Алаштың алдаспаны» (2010), «Ойтамызық» (2015), «Құбылыс» (2016) және «Жерұйық» (2017) жинақтарының авторы.

М.Сембайдың осы кітаптарға енген деректі эсселері, көсемсөздік жазбалары автордың жан-жақты білімділігін, өмірді байыпты зерттеп, ол жайлы кең ойлап, терең толғайтын талғампаз талантын тағы бір мойындатады. Олардың қай-қайсысында болсын жүрекке жылы тиетін нәзік лиризм бар. Автордың өзіндік әсерлері, өмір тәжірибелеріне негізделген ой-толғамдары көркем әдеби стильде жазылған, еркін құрылымды, ықшам көлемді болып келеді. Жалпы өзі өмір сүріп отырған қоғамды, тарихи, саяси-экономикалық жағдайды шынайылықпен жаза білу қаламгердің шығармашылық шеберлілігін көрсетеді. М.Сембай жазбаларындағы қамшының өріміндей жігі білінбей жымдасып кететін зият білім, әлеуметтік талдау мен психологиялық талдау, күнделікті өмір мен тұрмыс көріністері оқыған жанды бей-жай қалдырмайды, еріксіз тәнті етеді. Тек жазу-сызу ғана емес, заманауи өнер салаларының қай-қайсысына да қатысы бар «ішкі монолог», «баяндаудың субъективтендірілуі», «композиция еркіндігі», тағы басқа жаңа көркем әдістердің сыр-сипаты Мағауия аға шығармашылығында молынан ұшырасады. Осы ретте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қаламгер М.Сембайдың жоғарыда аталған көпшілік қолды кітаптарын әлеуметтану, тарих ғылымы үшін де құнды, тарихи дерек көздері ретінде бағалауымыз керек.

Қарқаралыдай текті топырақта жанып туған, ата-анасынан алып туған қайраткер тұлға, ұлтының халықшыл перзенті туралы әлі де талай естелік-эсселер жазылар. Оның бекзат болмысы, шыққан биігі, жеткен жетістігі, қаламгерлік қайырымдары жайлы әлі де талай әңгіме айтылар. Бір ақиқат, бас анық – М.Сембайдың өнегелі үрдісі, шынайы шығармашылығы кейінгілерге жолайырықтағы бағдаршамдай ұдайы болашақты меңзеп тұратын болады.

Жомарт ОСПАН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button