Шапағатты жол
Орекеңмен, Оралбай Әбдікәрімовпен бір үйдің, бір кіреберісінде көрші болдық. Кеңес Одағының соңғы жылдарында салынған республика Үкіметінің қызметкерлерге арналған соңғы үйі еді. Орекеңнің бәрімізден артықшылығы – ол үйде үлкен анамыз – жасы тоқсанға келген, сөзінен, жүрісінен жаңылмаған Бибіжан апамыз бар болатын. Мереке күндері бір кіреберістегі өзара сыйласатын бірнеше отбасына ортақ үлкеніміз – Орекеңнің анасына кіріп, сәлем беріп, батасын алып жүретінбіз. Ол да бір көршілер арасындағы қимас дәурен екен. Бибіжан апамыз да табиғатынан пейілі кең жаралған, сүйегі асыл, өнегелі шаңырақтың берекелі қазынасы. Әрқайсысымызға шын ниетімен дұғасын арнап, ақжарылқап тілегін төгіп, аялы алақанымен беретін батасы қандай! Сол кісінің батасы арқылы өз анамызды есімізге түсіріп, ет жүрегіміз елжіреп, сағынышымызды басатынбыз. Дүниеде ананың мейірімін сезінуден артық сезім бар ма?!
Әкелеріміз ерте дүниеден озып, бала кезінен анасымен сырлас болып, ер жетіп, ел қатарына қосылған Әбіш Кекілбайұлы, Оралбай Әбдікәрімов – бір-бірімізді жақын әрі жақсы түсінісетінбіз. Қасиетті аналарымыздың жаны жәннатта болғай…
… Бибіжан апамыздың төрт ұлы да әрқайсысы өз саласында, өз жұмысында тиянақты, қайратты болып өсіп, бір әулеттің емес, қазақтың көрнекті тұлғалары дәрежесіне көтерілді. Ананың көрген қиыншылығы жақсылыққа жалғасып, ұлдарының ел азаматы, ел құрметіне бөленуін көру – ананың ақ тілегі, арманына қол жеткізуі зор бақыты болса керек. Сүт кенжесі Оралбай анамыздың көзі тірісінде Елбасы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің ең сенімді серіктерінің бірі, көрнекті мемлекет қайраткері болып, тәуелсіз еліміздің іргетасын қаласып, шаңырағының берік болуына өз үлесін қосу бақытына ие болуы – әрине, алдымен ананың мақтанышы. Орекең қаншама лауазым, құрмет биігіне шыққанда да Бибіжан анамыз, Орекеңнің жары Жамал Ахметқызы екеуі тәубесінен жаңылмай: «Алладан тілегенім баламның амандығы, ел-жұртына жарамдығы» деп отыратын. Ұлы ананың қарапайым ғана тілегі. Ғибратты тілек. Текті тілек.
Анасының кенже ұлы алдыңғы ағаларының үлгі-өнегесімен оқуға құлшынып, еңбекпен шынығып өсті. Соғыс жылдары, соғыстан кейін өмірге келген ұрпақтың ұландарына тән еңбекқорлық, қандай да қиындыққа төзімділік, табандылық, адалдық, сенімділік қасиеттерін бойына жинақтап, өмірге ерте араласты. Ол жылдарда Кеңес Одағындағы заңға сәйкес орта мектепті бітірген жастар міндетті түрде кемі екі жыл ауыл шаруашылығында немесе өндіріс орнында, құрылыста жұмысшы болып еңбек етуге, ал ұл балалар егер жасы 19-ға толса әскер қатарында үш немесе төрт жыл қызмет етіп, конституциялық парызын өтеуі міндетті тәртіп болатын.
Оралбай Әбдікәрімұлы қатарынан қалмай осылардың бәрінен өтті. Орта мектепті бітірген соң бір топ жігіт бірігіп, комсомол жастар бригадасын құрып, қой бағып, ауыл шаруашылығының, мал өсіру еңбегінің қыр-сырын білді. Кеңес Одағының Солтүстік мұзды мұхит әскери-теңіз флотының сүңгуір суасты қайығында теңізші болып, азаматтық парызын орындады. Қазақ баласы сирек кездесетін теңіз флотында әртүрлі ұлттардың ұландарымен бір үйдің баласындай сыйласатын, бір мақсат, бір міндетке жұмыла білетін Отан қорғау абыройының қадірін, жауапкершілігін айрықша сезінді. Ұлдарын алысқа жіберіп, күн-түн амандығын, аман келуін тілеп отырған аналардың ақ тілеуімен елге оралғандағы, өмірдің кезекті мектебінен абыроймен өтіп келген жігіттердің Отан, туған жер, туған ел қадірін санасымен сезінуі – есейгендіктің айрықша көрінісі болатын. Сол санамен елге оралған жігіттер бейбіт өмірдің тіршілігіне де ерекше құлшыныспен араласатын. Теңізші Оралбайды да көптеген жұмыстар күтіп тұрды. Сол кездегі өндіріс, оқу орындары басшылары жас жігітті өздеріне жұмысқа шақырып, тәрбиеші, кәсіптік-техникалық училищенің шебері, «Шахтинскстрой» құрылыс мекемесі жастар ұйымының жетекшілігі қызметтерін жасқа тән жігермен ұйымдастырып, еңбек адамдарының қайнаған ортасында олардың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып, нәтижелі, абыройлы еңбек етті.
Орекең еңбек ете жүріп, білімін көтеруді де бір сәт тоқтатқан жоқ. Әуелде тәмамдаған Қарағанды индустриялықпедагогикалық техникумындағы білімін Қарағанды мемлекеттік университетінде, Алматы Жоғары партия мектебінде жалғастырды. Бибіжан апамыз: «Оралбайым қой бағып жүріп, қолтығынан кітабын тастамайтын», деп айтып отыратын. Осы бір-ақ сөзден көп нәрсе байқалса керек.
Қай заманда, қандай қоғамда да білімсіз тіршілік жоқ. Білімсіз өркендеу, даму, өсу жоқ. Жеке адамның өмірі, еңбегі, қызметі де тікелей оның білімділігімен, оқып, алған білімін өмір талабымен, өзінің еңбек еткен орнында сол білімін жаратуымен тікелей байланысты. Орекең еңбек пен оқу, іздену жолдарын сәтті ұштастыра алған азамат. Еңбегі мен қабілетіне қарай жас кезінде сол заманда басқарушы партияның қалалық, облыстық, республикалық комитеттерінің ең жауапты қызметтеріне шақырылды. Қандай лауазымды қызметте болса да Орекең сол қызметті адамгершілік тазалық талаптарына бағындырып, жұмыс жасады. Ол жұмыстарының негізгі дені адамдармен, партия кадрларымен оларды таңдау, іріктеу, орналастыру жұмыстарымен байланысты болды. Әділ, адал болуға тырысты. Ешкімге қиянат жасамауды, тіпті кінәсі үшін жұмыстан босатқанның өзінде оның кінәсін толық дәлелдеп, ол дәлелмен әлгі адам келісіп, шешім қабылдауды қатаң қадағалады. Осы бағытта Оралбай Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ұйымдастыру-партия және кадр бөлімінің меңгерушісі болды. Бұл лауазым ол кезде билік партиясының ең жетекші әрі басқарушы бөлімі еді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін жаңа мемлекет құрылымын жасақтауға ең алдымен жаңа адамдар, жаңа мамандар жұмысқа тартылды. Сонымен бірге Нұрсұлтан Әбішұлы бұрынғы басқарушы мемлекеттік, партиялық аппараттың тәжірибелі, адал, жаңа өмір, жаңа талап сұраныстарына жауап бере алатын, мемлекет құрылысына біліктілікпен, білімділікпен белсене араласа алатын көптеген азаматқа сенім көрсетіп, мемлекеттік қызметке тартты. Солардың алдыңғы қатарында Оралбай Әбдікәрімов болды. Бұл тәсіл орынды әрі тиімді нәтиже бере алды. Бұрынғы саяси-әкімшілік жүйе коммунистік партияның идеологиясының негізінде, сол идеологияны басшылыққа ала отырып жасалатын. Ендігі жерде біз сол идеологиядан бас тарттық. Біздің идеологиямыз, ұлттық идеямыз мемлекеттік тәуелсіздіктен бастау алды. Біздің басты мақсатымыз – әлемге жариялаған мемлекеттік тәуелсіздігімізді баянды ету, дүниежүзілік қоғамдастықтың белсенді мүшесі болып, жасампаз өмір салтын қалыптастыру, өркениетті, өскелең мемлекет болу. Басты құндылықтарымыз – адам, адамның құқығы, бостандығы, еркіндігі.
Мемлекет құрылысы өз өзінен үйлесе бермейді. Оны дер кезінде ұйымдастырып, білімді, білікті тұлғалардың жұмысын мемлекет мүддесіне жұмылдырып, мемлекеттік аппарат пен халықтың, қоғамның қарым-қатынасын жолға қойып, оның барлық буындарына қан жүгірту қажет. Мемлекет жұмысы азаматтардың күнделікті тұрмысынан жалпы аудандық, қалалық, облыстық, республикалық экономика салаларының тиімді жұмысын ұйымдастыруды, ұзақ мерзімді стратегиясын толық қамтиды. Мемлекет қызметінің салалары сан алуан екендігі де елге белгілі. Олардың жемісті ұйымдастырылып, жетістікті дамуы тікелей адамдарға, сол салаларда еңбек ететін жұмысшылардан бастап оны басқаратын лауазымды қызметкерлердің білім, парасат, дүниетаным, адалдық, әділдік санасезімі деңгейіне байланысты.
Сөз жоқ, мемлекеттің келбетін, оның мемлекеттік қабілетін қалыптастырар адамдар, яғни білікті мамандар, лауазымды қызметкерлердің қайраткерлігіне, оның болмысына қарап, өз орта, қоғамымыз, халқымыз, басқа елдер, халықаралық беделді ұйымдар бүкіл елге баға беретіні де жаңалық емес. Демек, жауапты қызметкерлер ел аманатын арқалап жүретін тұлғалар. Сондықтан да, оларға талап та жоғары.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің президенттік қызметінде ел басқару ісін сәтті әрі нәтижелі жүргізу үшін оның алғышартты кілттерінің бірі – мемлекеттік аппараттың қызметкерлерін іріктеу, таңдау және оларды қабілеті мен мүмкіндігіне қарай жауапты лауазымды қызметтерге орналастыру, тағайындау екенін үнемі айтумен келеді және оны халық та түсінеді. Тегінде бұл тақырып – ауқымы кең, айтары көп әңгіме. Мақаламыздың мақсаты ол ауқымды тақырыптың табиғатын, талабын жан-жақты талдап, сараптауды мақсат етпестен, нақты бір мемлекеттік тұлғаның өмірі мен мемлекеттік қызметіне көз жүгірту арқылы сол саланың қоғам үшін маңыздылығына мән бере алсақ – оны осы Орекеңнің бойынан көрер едік.
Әдетте, қандай да лауазымды адамның өмір жолы туралы айтқанда – оның әр жылдары істеген қызметтерін тізіп шығу арқылы мағлұмат аламыз. Ал, сол лауазымға келу, көтерілу жолдарына, не себепті солай болғанына мән бере бермейміз. Бұл процесс сыры ашылмаған сандық тәрізді. Жабылған күйі қала береді. Дәл осы саланың өзіне тән ерекшелігінің сақталуы және шешім қабылданғанға дейінгі құпиялығы – мемлекеттік тәртіп. Ол жұмыстың ерекшеліктерін тек қана құжат дайындайтын және шешім қабылдайтын лауазымды адам ғана біледі.
Біздің Конституциямызға сәйкес шешім қабылдайтын ең жоғары дәрежедегі мәртебелі тұлға, әрине Республика Президенті.
Мемлекетімізде жүргізілетін кадрлық саясат, яғни атқарушы, заң шығарушы, сот билігі, қорғаныс, қауіпсіздік, құқық қорғау органдары басшыларын қызметке тағайындау, оларды қызметтен босату түгелдей Президент құзырында. Осыншама кең ауқымды жұмысты Президент өзінің Әкімшілігі арқылы жүргізеді. Мемлекеттік жауапты қызметтің қай қайсысына да жауапкершілігі жоғары, адал, әділ, білікті, білімді, таза адамдар келуі – қоғам талабы. Әсіресе, Президент Әкімшілігінің басшылығына кім келгеніне билік институттарында да, қоғамда да айрықша мән беріледі.
Тәуелсіздік жылдары Нұрсұлтан Әбішұлы маңдайы жарқыраған бірнеше азаматтарға дәл осы лауазымды сеніп тапсырып, адамтанудың мектебінен өткізді десек – солардың қатарында Нұртай Әбіқаев пен Оралбай Әбдікәрімовтің есімдері алдымен айтылады.
Кезінде Тұңғыш Президент Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерінде жүргенде – Оралбайдың сол заманның кадр саясатының талабына сәйкес облыстық аппаратта қызмет істейтін сирек қазақтың бірі болғанына назар аударып, сыртынан қамқорлық көрсетіп жүретінін табиғи адамгершілік, үлгі-өнеге деп түсінуіміз де орынды болар. Нұрекең Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне хатшы болып келгеннен соң да, бүгінге дейін Қарағандыда өзі білетін, қолдарынан жұмыс келетін, елге, міндетіне адал деген талай азаматтарға қолдау көрсетіп, шапағатын тигізіп жүргенін ел біледі.
Оралбай Әбдікәрімұлы бұрынғы басқару жүйесінде де, тәуелсіздік алғаннан соң жаңа дәуірде де Елбасының сенімімен көптеген жауапты, лауазымды қызметтерді абыроймен орындап, еліне адал қызмет етіп, оның өркендеуіне мейлінше тілектестігін қосып жүрген атпал азамат. Орекең Тұңғыш Президент тапсырған Президент Әкімшілігінің Басшысы, Парламент Сенатының Төрағасы, депутаты, Мемлекеттік хатшы лауазымдарын зор жауапкершілікпен атқарды. Қоғамда, ел арасында Орекеңнің ел ағалық келісті келбеті, орнықты, ақжарқын мінезі, мемлекетшіл ұстанымы оның адами беделін көтеріп, қай ортада да құрмет аясында жүреді.
Орекең жастайынан қай жерде, қандай мекемеде жұмыс істесе де ең алдымен әріптестерімен өзара сыйластық, сенімділік, тазалық қарым-қатынастың қалыптасуына мән береді. Өзі осыны ұстанады. Әріптестеріне, лауазымды қызметкерлерге қоғам талабы да осы.
Әсіресе, елімізде Президенттің кадр саясатын жүзеге асыруда бұлақтың көзін ашқандай шапағаты тиіп, көптеген адамдардың жолын ашты. Лауазымды қызметкерлерді мемлекеттік жауапты қызметтерге таңдау, тарту, олардың өсу жолдары тек бір бағытта сайрап жатқан сара жол емес. Қайшылығы, қарсы ағысы, асуы, бұралаңы жеткілікті. Ондай жағдайда да ешқайда бұра тартпай әділ шешім қабылдау – Орекеңнің ұстанымы, адами келбеті.
Зейнет жасына шыққаннан соң өзінің жастайынан табиғат құмарлығына еркін араласып, достарымен бірігіп, табиғатты, табиғи аң, құстарды қорғайтын «Қансонар» табиғат қорғаушылар ұйымын құрып, туған елдің бай табиғатының сақталуына қолқабыс ету қоғамдық қозғалысына кірісті. Басты мақсаттары – қоршаған ортаны, ұлттық табиғи қорықтарды, ондағы жануарларды браконьерлерден қорғауға, әртүрлі төтенше жағдайлардан сақтауға көмек көрсетіп, табиғатты, ежелгі қазақ жеріне тән жануарлардың қайта өрістеуі.
Орекеңнің Nur Otan партиясымен, оның өсу жолдарымен қарым-қатынасының өзі бөлек әңгіме. Ол осы партияның мүшесі ғана емес, белсенді ұйымдастырушысының бірі. Ұзақ жылдар Nur Otan жанынан құрылған жемқорлыққа қарсы Кеңестің жұмысына басшылық етті. Қай кезде де Nur Otan партиясының біздің қоғам мемлекетіміз үшін ең маңызды шаралары мен бағдарламаларының басы-қасында Орекеңнің пікірі мен дауысы ерекше.
Сол сияқты Қазақстан халқы Ассамблеясын ұйымдастырып, оның біздің қоғамда орнығып, нәтижелі жұмысын қалыптастыруда да тікелей Нұрсұлтан Әбішұлының жанында жүрген Орекең.
Тілегі де, еңбегі де еліміздің бірлігіне, ынтымағына, тұрмыс әлеуетінің жақсаруына, тәуелсіз мемлекетіміздің әлемдік беделінің нығаюына жұмылуды құптап жүрген ел ағаларының бірі – өзіміздің Оралбай Әбдікәрімов.
Орекеңнің жолы – шапағатты жол.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты
(“Egemen Qazaqstan” газетінен).