Шамғон шердің шоң шапағаты
«Қазақта «шоң» деген кісі аты да бар. Кісі болғанда Шоң, Торайғыр деген ағайынды екеуі бірдей суырылған шешен. Сүйіндік ішінен шыққан қос өркештей адамдар болған. Олар айтты деген нақыл-тақпақ исі Орта жүзге мәлім».
Жазушы М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы жас ақындар жарысында қолданылған «шоң» сөзінің түп-төркіні туралы тартысына төрелік айтқан Абайдың «қос өркештей» деген бейнелі сөзі бізге Еділден Жайыққа дейін созылып жатқан кең өлке Нарынқол құмынан шыққан шебер Шамғон мен жұмбақ Жұмекенге арналғандай көрінеді.

Нарынқолдық ағайынды екеудің өнер шыңынан көрінуіне ерен еңбек еткен Құрманғазы атындағы консерваториясының ректоры Ахмет Жұбанов ғалым һәм кәсіби дирижер болатын. Түпкі шыққан тегі латын делінетін «дирижер» терминінің алғы мән- мағынасы «басқару», «жетекшілік ету».
Ақын Ж.Нәжімеденовтің ректор А.Жұбановты суреттеген «Дирижер» атты өлеңі консерваторияда дирижерлік өнерден өзіне сабақ берген ұстазы Ш.Қажығалиевтың да бейнесін мүсіндегендей.
Шамғон шердің шоң шапағаты тиіп, 2005 жылдың 20 сәуірінде Қарағандыда Жұмекеннің 70 жылдығы аталып өтті. Шебер ұстаз шәкіртіне арналған кеште Тәттімбет атындағы академиялық оркестрді өзі басқарды: «Пультте тұр, ойы жалқын, даңқы лаулап, Жайы жоқ күйдің кәзір аңқымауға. Шаш жатыр шалқасынан, батып-шығып, Басына кеткен білем толқын аунап. Саусағы шыққан кезде биік қалқып, Кей үнді бір пернеге түйіп, сарқып. Дүниенің тарқатылған барлық жібін, Тұрғандай екі қолға жиып тартып. Жөнелер әдемі үндер күліп тұрып, Таяқша жібергенде тіліп-тіліп, Дирижер үбектейді пәре-пәре, Әлденені тігердей біріктіріп, Әлденені түтердей түбіт қылып. Сотқар күй кеткен кезде шекені ұрып, Жатқан шаш бірте-бірте көтеріліп: Пультте тұрады Ахаң дәл осылай, барлығын құдай құсап жеке біліп».
Поэзияда музыка дирижерін жаратушыға ұқсата бейнелеу ежелгі іс, байырғы екі өзеннің шумерлік жұрты өз тәңірлерін «музыкант» деп атаған.
Шынында да, айтқандай қылып білдіретұғын құдіреті, сипаты бар Алла тағаланың қаріпсіз, дауыссыз сөзі – мінсіз мәңгілік музыка. Оның мықты көркем заңымен жаратылып, жасалған әдемі, әділ әлемдік музыкасында бір кездейсоқ нота жоғы да рас. Мінсіздің ісі шын мақұл.
Жаратушының хикметін толық, таза естуді қалайтын адам көңіліндегі сезім дүниеге өзіндік музыка әкеледі. Ғалами музыканы анығырақ естуге мұқтаж әділетті жүректе махаббат жаралады. Махаббатқа толы таза жүрек білімді сөзді өзгеге түзу жеткізіп, бәрін билеп, білікті дирижерлік қызмет қылмақ.
Қазақ халқында да өзінің ұлттық өнерінің мінезіне, табиғатына тән дирижерлік институты, музыка мәдениеті өсіп, өніп дамығаны белгілі. Абай «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» өлеңінде далалық дирижерліктің басшылық қызметін қапысыз суреттеген: «Көбінесе ән басы келер ащы, «Кел, тыңда» деп өзгеге басшы болар».
Музыка білгірі ғалым А.Жұбановтың сөзіне қарағанда Абай қазақтың халық музыкалық интонациясы шеңберінде үлкен, терең тамырланған ортада өскен, аспапты музыкасын жете білген.
Ғалым Абайдың авторлық әндерінің өзіндік ерекшелігі барлығын ашып көрсеткен: «Абай әндерінің мелодикасы, ырғағы, формасы өзіне дейінгі қазақ әндеріне ұқсамайды. Бірінші жағдай – Абай әндерінің әрқайсысының өзіне меншікті өлеңі болды. Қазақтың халықтық дәстүріндегі он бір буынды өлеңге келетін болса, әннің сөзін білмейтін не ұмытқан адамның «Қарағым, айналайын, келдің қайдан қосылуы болды-деп айта беретіндей «еркіндік» жоқ. «Сегіз аяқты» «Көзімнің қарасының» сөзімен айта алмайсың. Міне, бұл жай – музыка мен сөздің кәсіпқойлық дәрежеде қосылуы болды. Осының өзі айта қалғандай жаңалық болды. Сөйтіп, Абай музыка шығаруға сөз (текст) арқылы келді». (А.Жұбанов «Замана бұлбұлдары» 110-112 б.)
Жасынан ел меңгеру, басшылық ету ісінде жүрген Абайдың музыка шығаруға өлең мәтіні арқылы келсе, оның барша шығармалары өлең жазуға, өлең мәтінін жасауға заң, әділет ісімен арнайы, кәсіби түрде шұғылдану арқылы келгенін аңғартады.
Абай – бала шәкірт кезінен ел келесіне ерте түскен, әділет ісінің алды-артын анық байқарлық терең білім жиған, билікте қызмет ете жүріп ғалами құқықтық ойды қазаққа өлең жазумен жеткізген заңгер.
Абайдың өзі де өнеріндегі өлең мен өміріндегі құқықтық қызметінің кәсіпқойлық дәрежеде қосылуы жайлы нақты нұсқап кеткен: «Өзім де басқа шауып, төске өрледім, қазаққа қара сөзге дес бермедім». Кәсіби құқықтанушы Абай қолданған «қара сөз» оның авторлық шығармасы емес, қазақтың рухы, қара сөзі, дінсіз, таза ұлттық құқықтық ойы.
Абайдың «Қара сөзге дес бермеу» деген сөзіндегі көне құқықтық «дес» терминіне тиесілі қадым заманғы, ұмытылған мән-мағынасын музыка заңының тілі арқылы түсіндірген жөн болар.
Музыка – мемлекеттік билік, оның заң шығарушы, атқарушы, сот тармағына бөлінуі, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс- қимыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асырылуы.
Құқық – көңіл. Заң – көлеңкесі сол көңілдің. Сот төрелігі өтіп жатқан орын, мекен-көңіл жайлауы. Процесс жүргізуші сот – дирижер. Партитура – сотта қаралатын іс. Төраға таяқшасы – процесс қағидалары. Төрағаның дирижерлік мақсат міндеті – әр тарапты құқық тіліне сәйкес сөйлете білу
Дес – құқық. Дес бермеу – процесске басшылық ету, құқық жолына жетелеу, бағыт беруші. Дирижердің қолындағы таяқ – шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжып, жүрек тербеп, миды оятар құқық.
Дес дирижеріміз – құқық танушы, құқық қолдаушы, құқықтық қол ұшын беруші, құқық қолдаушы. Дирижерлік істе оң қол – екпін үстеп, мөлшерін нұсқау. Сол қол – көркемдік мақсаттарды шешу құралы. Екеуі бірігіп дыбыс әлемінде сот құрады.
Сот ісінде қазаққа қара сөзге дес бермеген Абай өлеңді елге құқықты үлгі қылу үшін жазған: «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, Жоқ-барды, ертегіні термек үшін. Көкірегі сезімді, тілі орамды, Жаздым үлгі жастарға бермек үшін». Абай өз қолынан шыққан мәтінде өлең жазуға қазақтың дінсіз таза құқықтық ойыннан шыққан қара сөзінен далалық заң кодексіне, соттан келгенін меңзеп отыр.
Абайдағы құқық – үлгілі сөз, нұсқау, бағыттау, жолға салу, адамдық атын сақтап қалу, адам болып өмір сүру. Көңілдің жайлауына ел қонуы. Ескі тілде Ел дегеніңіз Құқық еді. Құқықсыз заң – қарабайыр, қадірсіз, киесіз, он екі де бір нұсқа жоқ ғұмыр. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кемел кісі де жоқ.
Кемел кісі – елдің ырқын өз қолына қайтару жолын адаспай тура ізденген іргелі, жақсы кісі, мықты қазақ. Артық ғылым иесі, түбегейлеп оқыған, ерінбей үйренген, зарардан қашық болған таза мұсылман, толық адам.
Құқық табиғатын, жаратушының хикметін анығырақ сезетін, таза жүректі заман өзгергендігін дер кезінде көре білер, жаңа уақытқа келіспейтін ескі сөздің орнына түзу нормаларды енгізіп, татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі.
Кемел құқық қызметі – қолынан ел меңгеру келетін, өзінде барын ортаға көп салған, істің ретін анық тани білетін, халық дауысын есту дәрежесі, тыңдау мәдениеті гүлденген, кәсіби қабілеті жетілген, басшылық етудің ретін таныған, заң дирижері, үкім айтушы сот.
Бұл – құқықтық қызмет арқылы өлеңге келген Абайдың поэзия мен проза тілін, техникасын пайдаланып жазып кеткен құқықтық мемлекетте орныққан ғұмыр ақиқатының портреті.
Абай ақылды қоғамдағы ғылымның құқықтық реттеушілік қызметі жайлы былай деп те жазған: «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол ақынның білімсіз бейшарасы».
Абайдың «сөз арасы» – мәтіндегі әрбір тіл единицаларының өзара тепе-теңдік, тежемелік қағидасы негізінде құрылуға тиісті іс-қимылы, қарым-қатынасы, құқықтық күйі.
Абай поэзиясында құқық күйі мәңгі аңқып тұрарының себебі – оның өлең жазуға заңсыздық пен жазасыздық үстемдік еткен сор заманда келуі.
Биыл – Абайдың 180 жылдығы, Жұмекеннің 90 жылдығында дана дирижер Шамғон Қажығалиевтің 2005 жылдың сәуірдің 20 күні қазақ өнеріне еткен қызметін ұмытпай, еске алуды жөн көрдік.
Марат Азбанбаев