«Шахтерге» сенім ерекше

  Аптаның басында облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ «Шахтер» футбол клубының басшылығы мен ойыншыларын қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан Премьер-Лигасында өнер көрсетіп жүрген жерлестердің жаңа маусымға әзірлігі, бүгінгі хал-ахуалы әңгіме болды.

Биыл «Шахтер» футбол клубына былтырғы нәтижені жақсарту жөнінде міндет қойылуда. Естеріңізде болса, былтырғы маусымды қарағандылық клуб 9-шы сатыда тәмамдаған еді.

— Бүгінгі кездесудің маңызы жоғары. Бұл жерде Қарағандының ғана емес, еліміздің абыройын көтеру міндеті тұр. Сондықтан да, жаңа маусымға әзірлікті байыппен жүргізу – басты мақсатымыз. Қазақстандық футбол әлемдік деңгейде мақтанарлықтай жоғары жетістіктерге қол жеткізген жоқ. Бірақ, біз бұған талпыныс жасауымыз керек. «Шахтер» сапында 27 ойыншы бар екен. Оның 13-і – жергілікті жігіттер көрінеді. Әрбір аймақ өзінің футбол командасын жасақтау кезінде иық сүйейтін жергілікті мектебі болғаны дұрыс. Ең бастысы – қазіргі шақта айтарлықтай биіктерді бағындырдық. Бұдан кейін де жетістіктер боларына сенімдімін – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, аймақ басшысы клубтың қаржылық жағдайы жақсаратындығын, футбол манежінің құрылысы назардан тыс қалмайтындығын және футболшыларға маусымаралық кезеңде өз алаңында жаттығу жасауға мол мүмкіндік жасалатындығын тілге тиек етті.

Өз кезегінде «Шахтер» футбол клубының атқарушы директоры Асқар Әбілдаев облыс басшысына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Оқу-жаттығу жиындарын тиянақты өткізіп, командаға жүктелген міндетті, артылған үмітті ақтауға уәде берді.

Сонымен қатар, облыс әкіміне футболшылардың жаңа құрамы таныстырылды. Қазіргі кезде команда 90 пайызға жасақталған. Сербия, Англия, Кот-д’ Ивуар, Бельгия мемлекеттерінің өкілдерімен келісім-шарттар жасалған. Команданың орташа жасы – 25 жасты құрайды.

Бүгінде клуб жаңа маусымға дайындықты қызу жүргізуде. 8 наурызда «Тараз» футбол клубымен кездеседі. Команданың бұрынғы капитаны Андрей Финонченкоға көп жылғы еңбегі үшін алғыс білдірілді. Енді, Андрей бапкер ретінде қызмет атқаратын болады.

Кездесу соңында команданың вице-капитаны Евгений Тарасов әкімге естелік ретінде арнайы тігілген жейде мен футбол добын сыйға тартты.

Нұрдос КӘРІМ

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.