Жаңалықтар

Шахтер

«Мен дүниеге келгенде шахтерлер әкемнің отбасына жиналып, «дүниеге тағы бір шахтер келді» деп қауқылдасыпты…»

(Пролог)
Төрехан Майбас, «Керат».

Былтырғы жылдың ауырт­па­шы­лы­ғы­мен қоса қуанышы да себелеп кетті. Қымбатшылық қыс­қан елдің еңсесі жыл соңына қарай тойланатын Тәуелсіздік мерекесі аясында бір көтеріліп қалды. Бұрыннан еленбей жүрген, еленсе де, сыртқақпай болып жүрген біраз азаматтар мемлекеттік марапат иегері атанды.

Қарағандыны елең еткізген бас­ты оқи­ға облыс мәслихатының депутаттар корпусы жазушы, жорналшы, жарты ғасыр бойы қаламы қолынан түспей келе жатқан Төрехан Әкімжанұлы Майбасты «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» деген атаққа лайықты деп таныды.

Солдан оңға қарай: Төрехан Майбас, Әли Тойжігіт және Оралбек Жүнісұлы

Қарағандыдан талай марғасқа шық­қан. Бірақ олардың бәрі мұндай атақ ал­ған жоқ. Алғашқы ға­рышкер Тоқтар Әубәкіров, әлде­неше дүркін Әлем чемпионы Геннадий Головкин, ғұлама ғалым, бар саналы ғұмырын обыр деген озбырмен алысып келе жатқан, жүздеген адамның өмірін ұзартуға тікелей атсалысқан профессор Ғани Мұсылманбеков…

Енді осындай ел таныған, жұрт сыйла­ған азаматтардың қатарында Төрехан Майбас та бар.

Сексенге қарай аяқ басып отыр­ған Төре­ханның өмірбаянын тізбектеп шығудың қажеті шамалы болар. Жазушының шығармашылығын жете білмеген адамның өзі оның әлдебір жазбасын оқыса болды, ар жағынан мұрты қылтиып тұр­ған жазмышының жарасымды бір сәтін байқамауы мүмкін емес.

Қарағанды университеті фило­ло­гия­сының 125 шәкіртінің ішінен оза шап­қан жүйрік деп эпитетшілесем, оным шын­дық­қа жанаса қоймас еді.

«Көптің бірі еді» деп мәймөңкелесем, тағы болмайды.

…Топтас Қасқырбай досымыздың өлең­дері облыстық «Орталық Қазақ­станға» әредік жарияланып тұрады. Онысына тілектеспіз, әри­не. Қуанып қаламыз. Араға апта салмай қаламақысы келеді. Ол күні біз үшін той.

Сонда әлгі ақынымыз дандайсымайды.

Елдің әр қиырынан келіп оқып жүрген жігіттер санаулы-ақ. Нұрмұхан, Қанат, Ермек, Әштай, Қас­қырбай, Төрехан. Орыс бөлімінен, басқа факультеттерден Ерден Қа­жыбеков, Дима Нұржубалин сия­қ­­­­ты шығармашылыққа ден қойып жүрген жі­гіт­тер де орта­мызға түсіп, қатарымызға қосылады.

Бір күні… Қолы босай қалса, қағаздан бас көтермейтін Төкі­мі­міз айды аспаннан бірақ шығарды.

Ол кезде атышулы ақын-жа­зушылар­дың қолы жете бермейтін «Жалын» журналында «Ар­қада – зауза» деген топтамасы жарқ ете түссін. Оның болашақ эт­нограф екендігі осы топтамасынан ай­қын көрінген еді. Өйткені оның өлеңдерінен қазақылықтың қаны тамып тұр еді. Жиырма жасында мұндай өлеңдер жазу екінің бірінің қолынан келеді деп айту қиын болатын. Сол ақынымызды сол жиырма жасында жоғалтып та үлгердік.

Сол жиырма жасында, 1974 жылы ол Фариза апайымыздың қол­­дауы арқасында жас жазушылар мәслихатына қатысып, прозаик болып оралды. Оның прозасына Оралхан Бөкей ағамыздың өзі батасын берсін.

Ол бірден сол «Керат» деген әңгіме­сімен прозаик болып танылды. Алайда, сол кездегі ұстанған саясатымызбен қабыспағандық­тан ол әңгімесі жарық көре қоймады. Есесіне қарағандылық сту­дент­тер ол әңгімені қолмен кө­шіріп, кезектесіп оқысын.

Ақ өлең жазып, Назым Хик­метті қа­зақ­шалап жүрген жиырмаға енді толған Төреханымыздан терең пәлсапалы прозаны ешкім күтпеген.

Ымырт байлана отырғаннан түнде түні бойы, таң атқанша көзі­нің майын текке тауыспаған екен.

Сол әңгімесі отыз жылдан кейін «Қазақ әдебиеті» ұйымдастыр­ған республикалық конкурста бас бәйгені алып келсін.

Сол уақыттан бері жарты ғасыр өте шығыпты.

Оқшау жолмен жүрген Төрехан болды.

…Сол, ХХ ғасырдың 70 жылдарының басында социалистік стандартқа ноқтасы сыймаған бозбала саяси көзқарасының трафаретке сәйкес келмегені үшін комсомолдан қуылғанын қатарластарының біреуі білсе, біреуі білмейді. «Жас қазақ» деген ұйым құрмақ болғанда қатарлас жүрген әлдекім КГБ-ге «домалақ арызды» томп еткізген. Оқудан шығарылды.

Төреханның енді жаңа өмірі басталды. Шахтерлік өмірі. Ақша­тау кен-байыту комбинатының шахтасына түсті. Слесарь, тіреу­ші… болып кете барды. Сол жұмысына өтінішін өлеңмен жазып кірді дегенге сеніңіз.

Ол өзінің кейіпкері – Шахтер ат – Керат жұмыс істеген шахтада жұмыс істеді. Сонда жүріп талай туындыны тудырды. Олар кейінде хикаяттар болып оқырмандар қолына жетті.

Оқуын қайтып орнықтырып, тәмам­даған соң-ақ Төкім баспа­сөзге келген. «Ақа­дыр таңы» – «Агадырская новь» деген екі тілде шығатын газет қызметінің барлық сатысын асықпай жүріп өтті. Сөйтіп жүріп, Жезқазған облыстық мәс­лихатына депутат болып сайланды. Партиялық тізіммен емес, сонда бір мандатты округтен «шарға таласып», баламалы негіз­де біраз кандидаттарды шаңға кө­міп кеткен.

Өмірінде мақтан сөздің не еке­нін біл­се де, ондайдан ойы мен тілін аулақ ұс­тайтын Төрехан өз өткеніндегі жетістіктері жайлы ешкімге тіс жарып көрмеген шығар. Отырады. Жазады.

Клавиатураның астынан шаң көрінген­ше.

Таң бозарып атқанша.

Жезқазған облысы да, Ақадыр ауданы да жабылғанда Қарағандыға бармасқа амалы жоқ еді.

Мұндағы қаламгерлер еңбек­қор жігітті бөтенсіген жоқ. Онда «Орталықтың» бас редакторы Мағауия Сембай. Өзіміздің ортақ досымыз. Мағаш қуана отырып, Төреханды өзіне орынбасар қылды.

Оқыған докторантурасы жоқ болса да, ізденуден жалықпайтын Төреханның білмейтіні биттің ас­тында ғана болар.

Талай этнографиялық зерттеу­ге па­ра-­пар мақалдардың тізбегі, «Елқұжат», «Абадан», «Айбар», «Жауһар», «Тағы­лым», «Шікіл» кітаптарының негізі жай мақалаларда басталған. Кітаптың негізі сонда қаланған.

Жарылғап батыр, Сеңкібай ба­тыр, Бодық батыр, Жалаңтөс батыр, Байсейіт би жайлы ғылыми­-танымдық мақалалардың басын қосып, осы тұлғалардың әрқайсы жайлы кітап бастыруға мұрындық болды.

Кітапқа енгені бар, бөлек басылым болып шықпағаны бар, өткеннің тарихи азаматтары – мемлекет қайраткерлері, ака­демиктер, өз замандастары туралы жаз­ба­лары заңғар болып тұр. Одан кейін де бірнеше кітабы жарық көрді.

Төкім – бір дүниені ойына алса, тоқтамайтын жазушы. Тақырыбын қазбалап, түбіне жеткенше, маза таппайтын азамат.

Ескі сөзді іздегіштігі өз алдына, қазақ­тың салты мен әдет-ғұрпын айтып қана қоя салмайды. Оның шығу тегін оқырманына са­ралап отырып, тарих қойнауына тереңдетіп батырып барып, осы күнге алып шығады.

Қазақтың Ақселеуімен бірге қызмет істеген, маңғаз да сали­қа­лы сөзін күнде естіп жүрген біздердің ағамызға бойымыздың үйреніп алғаны соншалықты, ол кісіні мәңгі өмір сүреді деп ойлағанымыз болуы керек, ешқайсымыз бір ауыз сөз жазбадық. Қарағандыға әредік жолы түскенде, Төреханды іздетіп тауып алып, сағаттап дүкен құратынын енді біліп жүрміз.

Алдыңғы жылы Атасуда Ақаңа ескерткіш орнатып, энцикло­пе­дияшы-ғалым, ұлт­тың жоқтаушы­сының мерейтойына арналып ғы­лыми конференция өтті. Қарағандыдан Төкім, осы жолдардың авторы теледидар жұмысынан тісі сарғайған кәнігі жорналшы Әли Тойжігіттің су жаңа көлігімен шықтық. Індеттің жаңа біткен кезі. Төкім досымыз ковид дегеннің құшағынан зорға босап шықса да, сырқаты­нан онша айыға қоймаған.

Үйден шығарда мәшиненің жүк сал­ғы­­шына зілдей-зілдей қа­ғаз қораптарды арттық.

Тойға барған адам базарлыққа, сар­қытқа қалтасын бос ұстаушы еді, Төкім болса, көлікті сықап артып алды.

«Бұл не?» деп біз сұрамадық, «бұл анау…» деп ол үндемеді.

Конференцияда ұстазы, досы жайлы лебіз білдірген Төрехан Майбастың сөзі жұртты тебірентіп жіберді. «Жаңаарқа Ұлытауға қараса, жиналғандардың көпшілігі Қарағанды мен Астанадан келіп отырса, осы өңірлердің әкімдері тізе қосып ортамызда отырса, тақиямызға тар келер ме еді?

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынның ме­рейтойы Қостанайда атаусыз қалды. Әкім-қаралар ондағы өртті желеу қылып отыр. Ол өртеніп жатқан жер емес, қазақтың рухы! Тамыры…» дегенге саятын адамның сай-сүйегін сырқырататын талай сөз кетті.

Машинемізге артып алған жә­шіктер­дің сырын сонда білдік. Ауырып жүріп, компьютерден екі апта бойы бас көтермей, Ақселеумен әр кездескен әңгімелерін тақырыптарға бөліп, «Құрмалдық» деген атаумен 20 баспа табақтан астам кітап жазып шығарып, өз қаражатына бастырып үл­герген екен.

Тойды ұйымдастырушыларға бұл ақ­парат жеткенімен, селт еткен ешкімді бай­қамадық…

Дос деген сөз – киелі лексика.

Ой-өрісі тоғысып жататын, көңілдері ортақ, қызығы мен шы­жығы бір адамдар ғана дос бола алады.

Антикалық дәуірдің бір ойшы­лы «Досыңның кім екенін танысам, сенің кім екеніңді білгенім» деп текке айтпаса керек.

Осы пәлсапаны қазақ «Көп жаман туы­сың болғанша, бір жақсы досың болсын» деп, тіпті, дамыта түскен.

Достыққа адал, еліне деген пейілі мен жүрегі аппақ, маңайына көңілі мен тілегі пәк Төрехан дос осындай Азамат.

«Мен дүниеге келгенде Керат о дүние­ге кетіпті.
Шахтерлер «дүниеден тағы бір шахтер өтті» деп күрсінісіпті…»

(Эпилог)
Төрехан Майбас, «Керат».

Шахтерлер сабақтастығы ра­­сында да үзілген жоқ. Кераттың шахтерлік эстафетасын Төре­ха­ны­мыз лайықты жалғастырды. Осыдан екі жыл бұрын ол «ІІІ дәрежелі Еңбек Даңқы» орде­німен ма­рапатталды. Жұрт тағы да таң қалған. Шахтерлерге, мұ­найшылар­ға, құрылысшыларға, өндіріс майталмандарына ғана бе­рілетін орденнің жорналшыға берілуі қалай деп?!

Жоқ, Төрехан шахтер еді. Онысын дә­лелдеп берді.

Жердің астында да…

Жердің үстінде де…

Мерейжасың құтты болсын, Шахтер дос – Төрехан!

Нұрхан МЫҢБАЙ,
Халықаралық Журналистика академиясының толық мүшесі,
КСРО және ҚР Журналистер одағы сыйлықтарының иегері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button