Бас тақырып

Шаңырақтың шырқын бұзсаңыз, жаза – қатаң

Әдетте, мемлекет ішіндегі шағын мемлекет деп әспеттейтін отбасының берекесіздігі бүгінде қоғамды кәдімгідей ойлантты. Өйткені, жыл өткен сайын шаңырақтағы бала-шағаны шырылдатқан зорлықшылар қатары кемімей тұр. Бұл, шыны керек, мемлекеттік маңызды іске айналды. Сол себепті де, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен отбасы құқын қорғайтын заңнамалар едәуір өзгерістерге ұшырады. Дәлірек айтқанда, осы жылдың 19 мамырынан Қылмыстық кодекстегі, ал, 1 шілдеден Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстегі өзгерістер заңды күшіне енді. Осыдан біраз бұрын өткен Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында Президент бұл салаға ерекше назар аудару керектігін тағы еске салды. Мемлекет отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа уайым кешеді.

отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық

«Заң түзелді, сіз де түзеліңіз!»

«Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысының тиімділігін арттыруға ерекше назар аудару керек. Статистика көңіл көншітпейді. Соңғы екі жарым жылда үйдегі зорлық-зомбылықтың салдарынан 300 адам көз жұмды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 878 фактісі және орташа зиян келтірудің 808 фактісі тіркелген. Осындай құқықбұзушылықтар бойынша 37 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл жерде учаскелік инспекторлар шешуші рөл атқарады. Уақытылы шаралар қабылданса, отбасылық және тұрмыстық ұрыс-керіс кезінде жасалған қылмыстардың көпшілігінің алдын алуға болар еді.

Яғни, біреудің өмірі мен денсаулығын сақтап қалар едік. Мұны тәжірибе көрсетті. Қоғам сіздерден отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тиімді әрі жүйелі іс-әрекет күтеді. Бұл мәселе әділетті мемлекет құру үшін өте маңызды», – деді Президент.

Бұған дейінгі жарияланған ресми мәліметтер де кісі жылатарлық. Олар жыл басынан бері елімізде отбасындағы «тирандардың» қатыгездігінен 18 адамның көз жұмғанын айтады. Соңғы бес жылда шағымдар үш есеге көбейген. Бір жылда Қазақстанда отбасындағы ылаңға 100 мың адам шағымданады екен. Бұл көрсеткіш Қарағанды облысында да мәз емес. Мәселен, облыстың полиция департаменті дерегінше, былтыр 4787 адамнан шағым түскен. Ал, осы жарты жылдағы көрсеткіш – 4746 арыз. Алты айдағы ақпар былтырғы бір жылдың дерегіне пара-пар. Яғни, бұл әзірге тұрмыс­тық қиянаттың айыл жимағанын көрсетсе керек-ті.

Енді бұдан былай заңмен отбасылық-тұрмыстық саладағы құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейді. Қылмыстық кодекстің 106 (Денсаулыққа ауыр зиян келтіру) және 107-баптарында (Ауырлығы орташа) «кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділіктегі адамға қатысты іс-әрекет жасау» деген саралау белгілері енгізілді.

Егер бұрын 106-бап бойынша 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілік көзделсе, қазір жаза 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға ауысты.

 

отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық

13 күнде 34 шағым

Заң күшіне енген күн – 1 шілдеден бастап, полицейлердің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты жәбірленушінің арызынсыз-ақ хаттама толтыруға құқы бар. Оған бейнебақылау камералары, куәгер, көршілердің айғағы жеткілікті. Сонымен қатар, енді сотта тек бір рет татуласуға рұқсат. Одан кейін татуласу мүмкін емес. Демек, дебошир жауап­қа тартылады. Мамандар мұның зардап шеккендерге психология­лық қысымнан құтылуына ықпал ететінін алға тартады.

Бұдан бөлек, Әкімшілік құқық- бұзушылық туралы кодекстің аясында отбасылық-тұрмыстық қатынастарда әкімшілік қамауға алу мерзімі айқындалды.

Сонымен, жаңа өзгерістерде отбасылық жанжал үшін «төбелес­кішке» ескерту немесе 5 тәулікке қамау қарастырылып отыр. Енді осы құқықбұзушылық 1 жыл ішінде қайталанған уақытта ескерту берілмейді. Бірден 10 тәулікке қамалады. Ұрып-соққаны үшін – 10 тәулік, қайталанса – 20 тәулік қамау жазылған. Денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін – 15 тәулік қамау, қайталанса – 25 тәулік. Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін – 10 тәулік. Мінез-құлыққа ерекше талаптар орнатуды бұзғаны үшін қамаудың мерзімі 10 тәулікке ұлғайды. Бұзу қайталанса – 20 тәулік қамау көзделген.

Қарағанды қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының дерегінше, биылғы алты айда сотқа түскен іс 525 екен. Оның 477-сі қарастырылған. Нәтижесінде 284 айыппұл салыныпты. Тараптардың татуласуымен тоқтатылғаны 193 болса, 109 іс бойынша ескерту берілген. Алты азамат айыппұл төлеп, 169 азамат қамауға алынған. Бұл деректер заңдағы жауапкершілік күшейгенге дейінгі мәліметтер. 1 шілдеден заң күшіне енгеннен соңғы 14 күн ішінде сотқа отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты 34 шағым түскен.

– Шілденің басынан бері түс­кен шағымның көбі қысқарды. Бұл іс отбасына қатысты болғандықтан сот татуластыруға ұмтылады. Медиация институты қолданылады мұндайда. Осылайша 13 істе тараптар татуласты, іс тоқтады. 24 іс бойынша 11 азаматқа айыппұл салынды. Үш азаматқа ескерту берілді. 8 адам қамауға алынды, – дейді Қарағанды қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Венера Махабаева.

отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық

«Құрбан болу» – қалыпты емес

Мамандардың айтуынша, шағымданған әйелдердің 60 пайызы арыз түсіруден бас тартады екен. Оның ішінде, әр түрлі себептер бар. Отбасын бір кикілжің үшін бұзуға тұрмайтын әлеуметтік жағдаяттар болуы да мүмкін. Қазақы қоғамдағы туған-туыстың да ықпалын жоққа шығармайды мамандар. Дегенмен, өзін өмірбақи құрбан ретінде «бағалап», болашағы беймәлім, мақсатсыз ердің соңында көп баламен қанша зәбір көрсе де, еріп жүретін әйелдер де жоқ емес дейді. Бірнеше баламен сондай ерден ажырасып, енді одан сабақ алмай, тағы тап сондаймен бас қосатын «созылмалы құрбандық күйін кешетін» жолы жіңішке қауым өкілдері де кездеседі екен. Олардың қатары көбеймеуі үшін балаға жас күнінен әйелді ұрып-соғу, отбасында төбелес шығару – жат әдет екенін санасына сіңіру керек дейді ЖПҚ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің аға инспекторы Гүлбану Сәтпаева-Алпысбаева.

– Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты тыю үшін заң негізінде түбегейлі өзгерістер қажет. Елдегі заң ана мен баланы бірінші орынға қоюы тиіс. Әйелдің құқын қорғауы қажет. Өйткені, әйел өзін бақытты сезінгенде ғана бала да бақытты. Көзінен жас, көңілінен шер кетпеген әйелдің түзу ұрпақ тәрбиелеуге де шамасы келмейді. Сондықтан да, әр әйел осы күні өзін ұрып-соғудың норма емес екені түсінуі керек, – дейді аға инспектор.

Қарағанды облысында отбасынан жапа шеккен әйелдерді паналатар 9 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Жария етілген ашық ресурстағы деректер мұнда жүзден астам адамның жылына пана табатынын айтады. Соңғы екі жылда отбасындағы зорлықтан 16 адам көз жұмған екен.

Түйін

Шаңырағының шырқын алғандардың «алды – жар, арты – соқпақ» екені заң негізінде нақтыланды. Алайда, әйел мен бала құқын қорғау­шылар заңнаманың әлі де жетіле түсуі керектігін жоққа шығармайды. «Бақытты бала – бақытты отбасында ғана өсіп-өнеді» деседі. Жөн уәж.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button