Шаңырақтың рухани шырағы
Қара танығаннан бері кітапқа деген құмарлығым артып, кітабы көп үйлерге қызыға қарайтынмын. Ол кезде әр отбасы кітап оқитын еді. Интернет «игілікке» айналғалы, кітапқа деген сұраныс азайды. Сонда да білім саласы кітапқа қызығушылық тудыру мақсатында өткен жылдан бері әр өңірде мектепшілік «Оқырман отбасы» байқауын өткізіп келеді.
Отбасылық кітап оқу дәстүрін қайта жаңғырту, оқырмандардың жан-дүниесіне рухани ізгілік қалыптастыру, оқырман отбасын сақтап қалудың қарекеті екен. Қарашаның 15-күні Қарқаралыдағы №2 орта мектепте өткен осы байқаудың аудандық шарасына куә болдым. Мектепке қарама-қарсы тұрған мешіт Құнанбай атында. Құнекең де құран-кәрім кітабының құрметімен қажылығын өтеп келген, ал баласы Абай:
Алланың өзі де рас, сөзі де рас.
Рас сөз ешуақытта жалған болмас,
Көп кітап түсті Алладан, соның төрті,
Алланы танытуға сөз айырмас.-дейді.
Ендеше, ежелден бері адамзатқа ізгіліктің жолын көрсеткен кітап, ақпарат заманында көштен қалып қоюы мүмкін емес. Ертегі-әңгімелер мен аңыз-әпсана, тарихи томдар мен көркем әдебиет көңіл тереңінде көлдей тербеледі. Кеше ғана менің атым Қожа деп, Махаббат қызық мол жылдарды артқа тастап, Ақиқат пен аңызды кешіп, Қасқа құлынды іздеп, Елең-алаң мен Аласапыранға ұшырап, Адасқақ болдық емес пе?! Бүгінгі оқырман қалай екен? Кітапханашы ретінде қызығушылығым туды…
Байқауда бақ сынауға 10 отбасы қатысты. Шаңырақтың шығармашылық әлеуетін танытатын білім бәсекесі 5 кезеңнен тұрады. 1-Буктрейлер, яғни отбасы өздері оқыған шығарма жайында шағын бейнебаян әзірлейді. 2-шарты: Кейіпкерді тап, мұнда шығарма үзінділері беріліп, қай кейіпкердің сөзі екенін анықтау. 3-Әдеби жекпе-жек, онда бір минут ішінде шығармаға қатысты блиц-сұрақтарға жауап беру. 4-Сахналық қойылым, бес минут ішінде шығармадағы шағын көріністі бейнелеу. 5-Фотогалерея. Онда оқырман отбасының бос уақытты тиімді пайдаланған әдемі сәттері көрініс табады. Мектеп ұжымының ұстаздары кезектесе жүргізіп, ұғынықты сұрақтарға ұтымды жауап берген талапкерлерге аудандық білім бөлімінің мамандары қазылық етіп, қаламнан шыққан кейіпкерлер қым-қуат араласып кеткендей. Әрине, байқау бірінші рет өтіп тұрған соң, кемшіліктер болмай тұрмайды. Тізім бойынша берілген кітаптарды толық оқымағандары олқылық танытты. Кейбір оқушылар кейіпкерін таба алмай тосылып, жыламсырап қалғандары болды. Бірақ, бір рет сезінген ағаттықтан намысы оянған жас оқырман, кейін бәрін зерделеп оқитын болады. Сахналық қойылымдардың көбі сәтті шықты. Әдебиет зергерлерінің әдемі дүниелерін сарапқа салған қазылар алқасы шығармашылыық сайыстың қортындысын былайша белгілепті; Бас жүлде-Алпысбай отбасы, 1-орын Омаровтар жанұясы, 2-орын екеу, Шәріп отбасы мен Жұмағали жанұясы, 3-орынды Қырғызалиндер, Дәуренбековтер және Армия отбасылары өзара бөлісті. Сондай-ақ «Өнегелі отбасы» сыйлығын Махадиловтар, «Белсенді отбасы» жүлдесін Жолтай жанұясы, «Шығармашылық отбасын» Ағыбай отбасы олжалады. Өнегелі шараның өн бойында өнерпаз оқушылардың тамаша ән-күйлері өріліп отырды.
Қарқаралы-қазақ рухниятының қазығы болған, бола да береді. Қамшы ұстаған билер, қалам тербеген ақындар мен жадысы мықты жазушыларға кенде емес. Байқауға Егіндібұлықтың Абай ауылынан, Ахаң сабақ берген Ақтерек ауылы, Тегісшілідік ауылдары мен Қарағайлы кеніші мектебі, туған жердің тарихына айтарлықтай үлес қосқан аудан басындағы мектеп-интернат бәрі де көркем әдебиетті мейлінші көңілге тоқытты. Бұл бағытта тіл мен әдебиетімізді қызғыштай қорғап жүрген ұстаздарға мың алғыс. Кітапханаларды «Бір ел-бір кітап» деген айтулы акция өтеді, ақындардың арасында «Бір өлең-бір әлем» деген танымдық тақырып бар. Мен де бүгін әдебиет әдеміне өзгенің ойынымен өзімше саяхат жасадым. Біз шығарманың нақты уақыты мен оқиғаның себеп-салдарына ғана үңілетін сияқтымыз. Ал ішкі иірімдерді жаттап оқығаннан емес, жадымызға тоқу арқылы топ жаратынымыз рас. Соқтықпалы соқпақсыз «Абай жолы» арман жолына айнала ала ма? «Өлегендер қайтып келмейді» десек те, рухта ажал жоқ. Ол ұлтпен, ұрпақпен бірге өмір сүруі керек!
Руслан НҰРБАЙ,
ҚР Жазушылар одағының мүшесі
Қарағайлы кенті