Жаңалықтар

Шаһар шаттығы

Кенді өлкенің астанасы Қарағандының ел тарихында алар орны ерекше. Өндірісті өлкенің қала мәртебесін алғанына келер жылы 90 жыл толса, биыл Қарағанды өңірінен көмір табылғанына 190 жыл толып отыр. Қара көмірден басталған қала тарихының тамыры тереңде.

Облыс орталығы қала ретінде 1934 жылы 10 ақпанда құрылды. Ел аузындағы әңгімеге сүйенсек, ертеде қала орнында қараған қаулап өскен.

Ағылшын кәсіпкерінің қара алтынды қазып, кәдеге жаратуы бірте-бірте өндірістің өркендеуіне жол ашты. Кен өндіру мақсатында шахталармен қатар, шағын елді мекендердің де іргетасы қалана бастады. Сәйкесінше, жер-жерден шахтаға жұмыс жасауға келген адамның толассыз легі елді мекендер іргесінің кеңеюі мен халық санының артуына әкеледі.

Апақ алау тұтатқан мекен бүгінде құтты қонысқа айналды. Тау қопарып, тас жарған кеншілердің мекені. Өлке тарихының ақтаңдақ беттерінен айтулы оқиғалар ойып тұрып орын алған, алып тұлғалардың ізі қалған іргелі қала. Индустрияландыру игілігі арқылы белестен белеске сәтті қадам жасауда. Бүгінде қала халқының саны жарты миллионнан асты. Бой көтерген зәулім ғимараттар шаһар шырайын ашуда. Мәселен, былтырғы жылы аймақ тұрғын үй құрылысы бойынша рекорд орнатып, 662 мың шаршы метр пайдалануға берілді. Басым бөлігі облыс орталығына тиесілі.

Өндірісі өрлеген, рухы төрлеген қалада ірі өнеркәсіптен бастап, шағын кәсіпкерліктің де көрігі қызып тұр. Ал, қаланың экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында көгілдір отын тарту бағытында кешенді жұмыстар жүзеге асуда. Қала бойынша 140 шақырымнан астам газ тарату желілері салынып, көгілдір отын 4187 үйге жеткізілді.

Мәдениеттің мәйегі, руханияттың ордасы, білімнің қайнар бұлағы, өндірістің өзегі болып отырған қалада келешекке құрылған жоспар ауқымды.

Шағын кенттен құралған алып қаланың өрісі кең. Күннен күнге құлашын кеңге сермеп келе жатқан қаланың болашағы жарқын. Миллион тұрғыны бар шаһарға айналар күнде алыс емес.

Сағыныш ӘБІЛ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button