ҮШ МЫҢ АДАМ ҮЙМЕН ҚАМТЫЛАДЫ
Облыста 7172 тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға шешім қабылданды. Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абзал ЖАЙЛЫБАЕВ бұл бағыттағы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы баяндады.
Өңірде облыс тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша бірнеше мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда. Олардың ішінде, өз пәтерін сатып алуға немесе қолда бар пәтерді кеңейтуге арналған жеңілдікті қарыздар бар. Кейіннен сатып алу құқығымен ұзақ мерзімді жалға берілетін тұрғын үй ұсынылады.
Сондай-ақ, ауылда тұрғын үй салу кезінде шығындардың 50 пайызын субсидиялау жоспарланған. Былтырдан бастап «Отбасы банкі» «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағытын іске асыруда. «Шаңырақ» жобасы (5-10-20) кезекте тұрғандарға жеңілдетілген ипотека алуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде 260 өтінім берілді. 41 өтінім мақұлданды.
Биыл облыста 662 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл 2,9 мың кезекте тұрғандарды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Тұрғын үй алуға кезекте тұрған азаматтардың саны жыл сайын өсіп келеді. Бүгінде бұл облыстың 36 233 тұрғыны. Биыл кезекте тұрған 2,9 мың адамды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда, – деді Абзал Жайлыбаев.
Енді тұрғын үй кезегінде тұрғандар туралы барлық деректер бір жерге біріктіріледі. «Отбасы банкі» базасында тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бірыңғай орталық құрылады. Мұнда кезекте тұрғандар бойынша барлық деректер енгізіледі және тұрғын үй кезекке қойылған күні бойынша бөлінетін болады. Тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі облыс әкімінің ерекше бақылауында.
– Қалалар мен аудандардың әкімдеріне өңір тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет. «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» бағдарламалары уақытылы және сапалы іске асырылуы тиіс. Халықты мемлекеттік бағдарламалар туралы әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы хабардар етуді қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ, құрылыс индустриясын дамыту керек. Бұл ретте өңірлік құрылыс материалдарын сатып алуға және қолдануға назар аудару маңызды, – деп тапсырды Жеңіс Қасымбек.
Сондай-ақ, көктемгі тасқынға дайындық мәселесі де назардан тыс қалмады. Бүгінгі таңда облыста 750 мың текше метр қар шығарылды. Автомобиль және темір жолдардың су тасқыны қаупі бар 129 учаскесі бақылауға алынды. 1 наурыздан бастап ТЖД-ға күн сайын қар жамылғысының космомониторингі туралы мәліметтер жіберіледі. Бұл туралы ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов айтып берді.
Республикалық маңызы бар автожолдарда су өткізу құбырлары мен көпірлерді тазарту жұмыстары басталды. 1 наурыздан бастап жергілікті маңызы бар жолдар мен темір жолдар тазаланады.
Негізгі су қоймаларында санитарлық ағызу жүргізіледі. «Қазгидрометтің» мәліметінше, қар мен жаңбыр түріндегі жауын-шашынның салдарынан Нұра мен Шерубай-Нұра бассейндеріндегі су қоры нормасынан 22-29%-ға артқан. Қазіргі уақытта күрделі учаскелерде жарылыс жұмыстарын жүргізуге конкурстық рәсімдер жүргізілуде.
– Өткен жылдардағыдай азаматтық қорғау күштері мен құралдары іске қосылатын болады. Бұдан басқа, инженерлік, жоғары өтімді және су сорғыш техниканың 20 бірлігімен күшейтілген 100 адамнан тұратын жиынтық топтама құрылды. Осыны барлығы ең күрделі учаскелерге жедел бағытталатын болады, – деп есеп берді Мұрат Қатпанов.
ТЖД бастығы қалалар мен аудандар әкімдерінен арықтар мен нөсер кәріздерінің жағдайына ерекше назар аударуды сұрады. Ол жеке сектор тұрғындарын белсенді қар еру кезеңі басталғанға дейін өз аулаларын және су өткізетін арықтар мен науаларды қар мен қоқыстан тазартуға шақырды.
– Барлық әкімдер мен су тасқынының қауіпсіз өтуіне жауапты басшыларға күштер мен құралдардың жоғары дайындығын, материалдық-техникалық құралдардың қажетті қорын қамтамасыз етуді тапсырамын. Су тасқыны кезеңінің өтуі көбінесе ауа-райына ғана емес, дайындық деңгейіне де байланысты, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.