РуханиятТұлға

Шәкірттері шабыты

     Ақын Мағжан Жұмабаев бір сөзінде «Алты Алаштың баласы бас қосқанда, төр – мұғалімдікі» деген екен. Жас ұрпақтың бойына білім мен тәрбие нәрін сіңірген ұстазға төрден төмен орын бар ма? Мұғалім болып мұратына жеткен сондай ардақтылардың бірі – Несіпбай БОЛҒАНБАЕВ.

Киелі Ақтоғай өңірі ұлыларға кенде емес. Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермековтің кіндік қаны тамған қасиетті топырақтан Несіпбай Нығметоллаұлының да қанат қағуы таңқаларлық дүние дей қою – қиын. Несіпбай ағамыз бар өмірін ұстаздық қызметке арнады. Соған да, міне, 40 жылдың мұғдары екен. Осы уақыт аралығында қаншама шәкіртін қанаттандырды. Сөйте жүріп, самайын ақ қырау шалды. Ақ қырау шала жүріп, асқарлы 60 жасқа аяқ басты.

«Әке – балаға сыншы». Несіпбай ағамыздың әкесі Нығметолла ақсақал да жарты ғасыр ғұмырын бала оқытуға арнапты. Қанмен келген қасиет кейіпкерімізді 1974 жылы мектеп бітірісімен-ақ Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетіне жетелеп әкелді. Бұл мамандықты таңдаудың тағы бір себебі – осы әулеттен шыққан Әсет Болғанбаев, Жеңіс Қашқынов сынды ғалымдардың ықпалы еді. Себебі, Несіпбай Нығметоллаұлы жастайынан осы азаматтардың ақылын тыңдап, еңбектерін оқып өсті.

Институт қабырғасында да осал ұстаз кезікпепті. Серік Қирабаев, Нығмет Ғабдуллин, Асқат Әбілқаев, Нұржамал Оралбаев сынды қазақтың кіл марғасқаларынан дәріс алды. 1979 жылы оқуын тәмамдаған жас маман еңбек жолын Ақтоғай ауданынан шалғай «Калинин» ауылындағы сегіз жылдық мектепте директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары болып бастады. Қызметке кіріскен бойда бала оқыту, шәкірт тәрбиелеу ісіне ерекше ден қойып, оқу-әдістемелік жаңашылдығын да ала келді. Ең бастысы – берген білімі шәкіртіне өмірлік азық болса екен деген қағидасынан айнымады. Бар білімін, өмірлік мол тәжірибесін шәкірттерінің сапалы білім алуына арнады. Бұл аз десеңіз, 1979-1980 жылдары Ақтоғай аудандық «Арқа еңбеккері» газетінде жауапты хатшы қызметін де атқарды. Одан әрі 1981-1983 жылдары сол аудандағы «Кеңшоқы» орта мектебінде директордың орынбасары, 1983-1984 жылдары Кеңес Одағының батыры Қ.Нұржанов атындағы орта мектепте мұғалім, 1984-1999 жылдары Ж.Ақбаев атындағы орта мектепте директордың оқу, әрі, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерінде болды. 2000 жылдан бері Екі мәрте Кеңес Одағының батыры Т.Бигелдинов атындағы Қарағанды республикалық «Жас ұлан» мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, әрі, әдістемелік бірлестіктің жетекшісі қызметін атқарып келеді.

Ұлағатты ұстаз қазақ ұлыларының өмір жолын, шығармашылық мұрасын дәріптеп, жас ұрпаққа насихаттаудан бір жалыққан емес. Сабағын халық ауыз әдебиеті үлгілерінен бастап, ұлы ғұламалардың қанатты сөздерімен сабақтастыру үрдісін қалыптастырған. Әр дәрісі ұлттық тәлім мен тәрбиенің түпсіз тұнығы десе де болады. Себебі, жаһандану заманында ұлттың бәсекеге қабілетті болуы – сапалы біліммен қатар, төл тәрбиеміздің ұрпақ жадына сіңірілуімен де өлшенетіні белгілі. Сондықтан болар, өз шәкірттеріне талап қоя білу, нәтижеге жету жолында тайсалмай тер төгу – ұстаздың басты қағидасына айналған.

Несіпбай ағамыздың тағы бір ерекшелігі – өз пәнін жетік меңгеріп қана қоймай, оқушылардың шығармашылық қабілеттерінің шыңдалуына да ерекше мән беруінде. Сабақ барысында оқушылардың бойынан қабілеттің ұшқынын байқаса, сол оқушының дарынын аша түсуге бар ықыласымен кіріседі. Бұдан қала берді, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған түрлі шараларды ұйымдастырады. Шәкірттері қалалық, облыстық олимпиадалардан топ жарып, республикалық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Республикалық «Абай оқуларына» он жыл қатарынан шәкірт дайындап, шәкірттері жүлделі орындардан көрініп келеді. Оқушылары «Мұқағали оқулары», «Мағжан оқулары», «Бауыржан оқулары» сынды республикалық байқаулардан да қанжығасы майланбай қайтқан емес.

Несіпбай ағамыз ұстаздық қызметімен қатар, облыстың қоғамдық өміріне да белсене ат салысып келеді. Еңбегі еленіп, аудандық, облыстық білім басқармасының Алғыс хаттарымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, 2014 жылы облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Жүрегі шәкірт деп соққан ұстаз отбасының ұйытқысы, аяулы жар, қадірлі әке. Жары Бибігүл Әбдірахманқызы да облыс көлеміне танымал тарих пәнінің мұғалімі. Екі ұл тәрбиелеп өсірген қадірлі ата-ана. Ұлдарын ұяға қондырып, төрт немере сүйіп отыр.

Несіпбай Нығметоллаұлы – жоғары санатты мұғалім. Солай бола тұра, қарапайымдылығы адам таңғалдырады. Сонысымен де әріптестеріне сыйлы, шәкірттеріне – үлгі. Қайткен күнде де, «Ұстаз болу – жүректің батырлығы».

Жеңіс ҚОШАНОВ,

Т.Бигелдинов атындағы Қарағанды республикалық «Жас ұлан»

мектебінің қазақ тілі мен

әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button