Басты тақырыпРухани жаңғыру

«Әсеттей сал, ән салсаң…»

    Қарағанды Кеншілер мәдениет сарайында атақты Әсет НАЙМАНБАЙҰЛЫНЫҢ 150 жылдығы аясында «Інжу-маржан» атты дәстүрлі ән орындаушыларының облыстық байқауы мәреге жетті. Облыстың түпкір-түпкірінен жиналған жас әншілер екі күн (18-19 қазан) бойы Қарағанды аспанын Әсет әндеріне бөледі.

«Ақырғы сөз» өлеңінде Әсет бабамыздың өзі әулиелік танытып, әндерінің нарқы биік екенін тайға таңба басқандай айтып кеткен екен:

«Бозбала, осы әнімді үйренерсің,

Өледі деп қайран Әсет күңіренесің.

Бұл әнді бірің бұзып, бірің түзеп,

Ырғаққа келтіре алмай күйзелерсің.

Білмесең сыр, мінезін бұл өнердің,

Домбыра қайдан жорға күйге келсін.

Асау ән жетегіңе жүрмеген соң,

Бұқадай мұрындықсыз сүйрелерсің.

Боршалап іреп сойып өз бетіңнен,

Жан-жақтан найза сұғып түйрелерсің.

Оғанда көнбегенде көңілің қайтып,

Жоламай маңайына жиренерсің» дегеннен кейін кез келген әншінің жүрегі дауалап Әсет әндеріне бара қойсын ба?! Әншінің әншісі, үнпаздың үнпазы ғана бара алса керек! Ақын әрі композитордың әндерін орындау үшін жүрекпен (терең сезім) қатар, асқақ рух та керек, меніңше. Дауыстың терең, биіктігі мен сұлулығы өз алдына. Осы жүкті сезінгендіктен шығар, байқауға алдын ала тіркелген 24 талапкердің 11-і қатыспай қалса, оның 5-і байқауға келіп тұрып, сол жерде қатыспаймын деген шешім жасапты. Міне, масқара! Өнерді осылай түсінуі керек кейінгі өнерпаз болам деушілер! «Құр айқай бақырған, Құлаққа ән бе екен? Өнерсіз шатылған, Кісіге сән бе екен?» демей ме хакім Абайдың өзі?! Әсеттің өзі болса, «Әсеттей сал ән салсаң,  әуелетіп» дегенінен-ақ пайымдаңыз.

Байқаудың қорытындысы шыққан концерттен, бірақ, жан тоят тапты. Әсет әндерін шырқаған жас өнерпаздардың аяқ алысы жаман емес. Рухани ләззат сыйлай алды. Олардың өнерін бағалап, төрешілік етуші қазылар алқасының төрағасы – республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, күміс көмей әнші Дәуренбек Әркенов һәм ҚР еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев, бірнеше ән байқауларының жеңімпаздары, дәстүрлі әншілер – Ардақ Мұқыш пен Қанат Әбеуов және Қарағанды Кеншілер мәдениет сарайының директоры Жаролла Ақышев. Байқаудың қорытынды концертінде бұлардың бәрі өнер көрсетіп, ән салды. Жеңімпаз, жүлдегерлер де сөйтті. Сонымен, байқаудың ІІІ орыны жезқазғандық Алмагүл Қаратаеваға бұйырды. ІІ орын Сұлтан Тілеубековке, ал, І орын теміртаулық Арманбек Халелбекке берілді. Ән байқауының бас жүлдесін Қарағанды облыстық мәдениет мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев пен Әсет Найманбайұлы қоғамдық қорының төрағасы, бабамыздың ұрпағы Бақытбек Сыздықов Нұрболат Ұзақбайға табыстады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар мен ақшалай сыйлықтарға ие болса, қатысушылардың бәрі Алғыс хат және сыйақыларға ие болды.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button