Бас тақырып

Сертификат саудалап жүрген кім?

Мұғалімдер аудандық, облыстық олимпиадалардан орын алудың машақаты көп екенін айтады. Одан гөрі ақысын төлеп, оқушыларды алыс-жақын қашықтықтағы ақылы олимпиадаларға қатыстырған тиімді. Өйткені, оқушымен қатар мұғалім де сертификат алады. Ақылы сертификат мұғалімді аттестациялаудан құтқара ма, жоқ па – беймәлім. Ол жағы біліктілік арттыруға құжат тапсырғанда белгілі болады. Сондықтан, ақылы сертификатты жинай бергені мұғалімнің өзіне – тиімді. Бірақ, ата-аналар олимпиадаға жарна сұрататындардың оқушы есебінен ақша табуды көздейтінін айтады.

– Электронды поштама халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің «Бейбітшілік әлемінен» шақыру хаттары жиі келеді. «Ұстаздардың – мектеп, колледж, балабақша ұжымдарының назарына: Бір ұжымнан он бала қатысса, он бірінші бала мектеп директорының сұранысы негізінде «Бейбітшілік әлеміне» жарнасыз қатысады. Халықаралық Ұстаздар Одағы, Ғалымдар Одағы Мүшесінің жарнасы – 12 мың теңге, төсбелгі, куәлік беріледі» дейді. Қашықтықтан өткен сайысқа жарна төлесең, мадақтама аласың. Орын алу үшін әр оқушының тапсырмасын мұғалім орындап береді. Бұл не білім болды өзі, – дейді қарағандылық әке Тәуіржан Нарымбетов.

Баласы мектепке баратын әке сөзінің жаны бар. Әр мектеп 3-11 сынып оқушыларын «Ақбота», «Русский медвежонок», «Адам және табиғат» халықаралық зияткерлік конкурстары мен жеке меншік ұйымдар оқушылары арасындағы «Бейбітшілік әлемі», «Эрудит», «KIO», «NIO.KZ» сияқты көптеген байқауларға қатыстырады. Тіркелу жарнасын ата-ана төлейді. Мысалы, «Эрудит» пен «KIO», «NIO» интернет олимпиадасына қатысу 350-400 теңге болса, «Бейбітшілік әлемі» өткізетін байқаулардың қатысу жарнасы –15 мың теңге. Жарнасы төленген ақылы байқаулар оқушыны ғана емес, мұғалімді де қуантып, сертификатты поштамен салып жібереді.

Бірақ, бізге Қазақстанда дарынды балаларды мемлекеттік деңгейде қолдау жұмыстарын үйлестіруді Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы (РҒПО) ұйымдастыратыны белгілі. Орталық директоры Шолпан Қирабаеваға хабарласқанымызда, Білім және ғылым министрлігіне қарасты олимпиадалардың тегін өтетінін білдік.

– Қазіргі таңда Білім және ғылым министрлігі бекіткен 20 халықаралық олимпиада, 9 халықаралық ғылыми жоба сайыстары, 17 республикалық олимпиадалар бар. Осы сайыстар «Дарын» РҒПО басшылығымен өтеді, – деді Шолпан Қирабаева.

Шолпан Ақашқызының айтуынша, «Бейбітшілік әлемі», «Эрудит», «NIO.KZ» сияқты ақылы байқау өткізетін ұйымдардың Білім және ғылым министрлігіне еш қатысы жоқ. Бар мәселе – мұғалімдер мен мектеп басшыларында.

 – Мұғалімдер біліктілік өтілін арттыруға құжат өткізгенде оқушылардың жетістіктерін қатар ұсынады. Осы ретте қандай сайыстардың мадақтамалары біліктілік санатына жарамды екенін әр директер және мұғалім білуі тиіс. Директорлар мектепке жеке меншік білім орталықтарының өкілдерін кіргізбеуі керек. Сонда олимпиадаға 1000 теңгеден ақша жинау тыйылады. Ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізу керек. Мысалы, халықаралық «Кенгуру», «Британдық бульдог», «Ақ бота» республикалық интеллектуалдық марафоны, тағы басқалары жайлы мәліметтің барлығы орталықтың сайтында жарияланады, – дейді Шолпан Қирабаева.

Басшыдан «Дарын» РҒПО ұйымдастыратын ақылы республикалық және халықаралық сайыстардың тізіміндегі «Ақ бота», «Золотое руно», «Адам және табиғат», «Британдық бульдог» және «Кенгуру» олимпиадалары жайлы сұрағанымызда, «Мәселен «Ақ бота» сайысына қатысу құны нәбәрі – 350 теңге. Барлық жиналған жарна сомасы балаларға берілетін сыйлықтарға жұмсалып, саяхаттауға мүмкіндік беріледі» деді. Сондай-ақ, «мектеп жасындағы балалардың да талабын ескеруіміз керек. Мектеп өмірінен бөлек, олар үшін қызықты ойындар, саяхаттар ұйымдастырып тұрған дұрыс. «Ақ бота», әсіресе, ауыл балаларына жақсы. Өйткені, ауылдарда мүлдем поездға мініп көрмеген балалар бар. Оларға көңіл бөлінуі тиіс. Жеңімпаздарды ұшаққа отырғызып, саяхат ұйымдастыратынымыз сол үшін» дейді «Дарын» РҒПО басшысы.

Ал, ақылы түрде байқаулар өткізіп, сертификат ұсынатын жеке білім орталығын ашқан кәсіпкер Ерден Хамит:

– Олимпиадаға қатыстыру үшін мектеп директорларымен байланыс орнатамыз. Мектеп талап ететін «Мұғалімнің жетістік папкасына» (портфолио) оқушылардың жетістігі де қосылады. Сондықтан, мұғалімдер оқушыларды олимпиадаларға көптеп қатыстыруға мүдделі, – дейді кәсіпкер.

Ал, ондай олимпиадаларды кім ұйымдастырады деген сауалға «Сарыарқа дарыны» ғылыми-практикалық орталығы басшысының орынбасары Гүлжан Оразғұлова сайыстарда мадақтамалар қалай болса солай берілмейтінін, сертификаттар сатылмайтынын айтты.

 – Министрлік бекіткен мектепішілік, аудандық, облыстық, республикалық олимпиадаларды өткіземіз. «Дарын» РҒПО олипиадаларын ұйымдастырып береміз. Ал, «Ақ бота» секілді сайыстарға оқушылар өз еріктерімен қатысады. Оқушыларды сайысқа қатыстыру – мұғалім мен ата-ананың өз еркінде. Облысқа қарасты қала, аудан оқушылары «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен келісім нәтижесінде олимпиада жарнасын банк арқылы төлейді. Тапсырмалар конверт арқылы біздің орталыққа келеді. Ұлытау секілді облыстан қашық орналасқан аудан адамдары орталықтан алып кетеді. Конверт сол жерде ашылады, – дейді ол.

Жалпы мәліметке сүйенсек, соңғы 20 жыл ішінде Қазақстанның дарынды оқушылары халықаралық пәндік олимпиадалардан 2241 алтын, 3266 күміс, 4763 қола медальдар жеңіп алыпты. Олар әлемдік интеллект нарығында қазақ жастарының бәсекеге қабілеттілігін осылай дәлелдеп жүр екен.

Ал, «Дарын» РҒПО ұйымдастырған сайыстың нәтижелерінің көрсеткішіне сай, қазіргі халықаралық олимпиада қозғалысы рейтингі бойынша 123 қатысушы елдердің арасынан Қазақстан құрамасы 10-шы орында тұр. Оның ішінде қарағандылық жас дарындар да бар.

Р.S. Сертификаттың сатылуына мүдделі директорлар мен сатып алып жүрген мұғалімдер жайлы білгіміз келіп, қала мектептерінің басшыларына хабарластық. Әркімді ұяты мазалап, жауап беруден, аты-жөнін көрсетуден бас тартты. Қымбат сертификат сатып алып жүрсе де, арларын арзандата қоймаған сыңайлы.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button