Бас тақырыпРуханият

Серт

Бағзыдан беймәлім күй емес-ті. Ерте замандардан көз көріп, құлақ естімеген құндылық емес. Тіпті, ұлан-ғайыр ұлы дала төсінде көшіп-қонып жүрген киіз туырлықты қазаққа ғана жарасты, Алашқа ғана тиісті бақ секілді. Өйтпесе, ен жайлап, еркін төстеп, сал-серілік құра ма? Айлап жатып аңшылық, саятшылық қыла ма? Алыс-жақын қонған бауырлас елдерге сауын айттырып, ас та төк той жасап, ас бере ме? Алтыннан киім соқтырып, ер-тоқымын күміспен қаптай ма? Қызын Қырымға, ұлын Ұрымға аттандыра ма? Алласы қиып берген, айналайын азаттығы болмаса басында?!

Сонау Сақ, Ғұн, Түрік қағанаты, Алтын Орда империясы, Қазақ хандығы кезінен күллі тек-тамырымызда орнығып, қанымызға сіңіп, жанымызға баттасып кеткен ұғым. Көз жазып, қолдан сусытып алсақ, аздаған уақытқа ғана. 300 жыл бодан елге айналдық дейді. Айта беретін сөз емес, негізі. Оған дейін империя болып, жарты әлемді дәргейіне жүгіндірген, ұлттық сипаты бекіп, тарихи сыпаты қалыптасып үлгерген ұлыстың көзімен қарағанда, аз ғана уақыт. Тарих үшін де солай. Бертінге дейін, мына Алашорда заманына дейін қазақ қоғамын қымқырып, жапырып кете қойған жоқ отарлық езгі. Мың-мыңдап жылқы айдап, көшіп-қонып жүрді. Кенесары хан кеткеннен соң да, хандық билік, ертеден келе жатқан ескі жора бірден қиылып қалған жоқ. ХХ ғасырдың басынан бері ғана кесілді. Кейінгі 70 жылдың шегінде тамыры қиылды. Ұзын арқан кесілді, кең өріс тарылды. «Қамауда жаның, Талауда малың» дегендей бұғауға түстік. Оның өзінде сол беті қоғадай жапырылып кетпедік. «Жыланды үшке бөлсе де, кесірткелік қауқары бар» демей ме бейнелі түрде. Қадым заманнан келе жатқан қан бар. Алашорда болып еңсемізді тіктеуге ұмтылдық. Алтын Орда, Қазақ хандығы тұсынан қалған кеуде мен намысты қайда қоясыз?! «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады» деген сөздің тағы бір мағынасы. Есерлік, даңғойлық емес. Қанша күйсіз болса да, еңсесін түсірмей, жоғын білдірмей, ортада ірі сөйлейтін, қонағына барын беріп шығарып салатын еркөңілді азаматтарды талай көрдік. «Ей, немене, атаң топқа түспеп пе еді?!» деп жуасты жігерлендіріп алатын. Ұлы хандық, дербес ел баласының бойында қалып қойған қан! Артында тіреп тұрған ешкімі, қорасында малы жоқ, бірақ кеудесінде намыс пен рух атқақтап тұрған қазақы қан. Әр жағы бағынбаған, азат!

ХХ ғасырдың басында ендігі заман ат пен найза, қылышқа көнбейтінін кеш те болса, ұғынып, күрес жолына көштік. Мыңдап, миллиондап қыра түсті. Қарап отырсақ, бұғып қалмаппыз. Қайрала түсіппіз. Ұрымтал тұсын, мезетін күткен екенбіз. Ақыр соңында атам замандардан үзілмей келген алапат күш, екінші дүние жүзілік соғыстан кейін бір тыныстап алып, Желтоқсанда қайта жарылды. Алланың көзі түзу қашанда. Өз тәуелсіздігімізге жол салып қана қойған жоқпыз. Еуразия кеңістігіндегі бірталай ұлт пен ұлыс тәуелсіздігін жариялауға себепкер болдық. Дүниені ашса алақаны, жұмса жұдырығында ұстамақ болған алып держава – КСРО-ның озбырлығын әшкерелеп, бетіне бастық. Қабырғасын сөгіп, шындықты ашып бердік. Өзімізбен қатар, өзгелердің де көзі ашылды. Тәуелсіздігімізді жарияладық. Тәңірі қазаққа сондай бақ пен бостандықты қиыпты. Тәуелсіз Қазақстанның басты байлығы – осы Азаттық. Алаштың өзіндей қастерлі, көзіндей киелі құндылық. Баянды қылу, өрісті ету – өз қолымызда.

Әлем елдерінің алдында айбынды Алаш жұртының өкілдері сөз алып, тайсалмай сөйлейтін күн туғалы – 30 жылға жуық уақыт. Сол күнді құлатып алмау – сіз бен бізге аманат! Сұлтанмахмұтша айтсақ, «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбеуге тиіссің». Серт – осы!

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Back to top button