Бас тақырыпБіздің сұхбат

Серғазы ӘДЕКЕНОВ, академик: «Маман тапшылығы жойылмай отыр»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында жаңа тұрпатты жаңғырудың басты шарты – ұлттық кодты, мәдениетті сақтаумен қатар, бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы екенін баса айтқан болатын. Осы орайда бәсекеге қабілетті жастар арасында білімнің салтанат құруы заңды құбылыс. Әсіресе, техникалық және кәсіби мамандарды даярлау жүйесін жетілдіріп, жас мамандарды ғылыми-өндірістік салаға жұмысқа тарту – күн тәртібіндегі мәселе. «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің бас директоры, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор Серғазы ӘДЕКЕНОВ жастарға сапалы білім беріп, жайлы жағдай жасау арқылы олардың ауылдан кетпей, кіші Отанын өркендету жолында еңбектенулеріне мүмкіндіктер туғызу керек екенін айтады.


– Серғазы Мыңжасарұлы, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жастар арасында көптеген тың жобалар жүзеге асып жатқаны белгілі. Осы ретте жастардың басым дені ауылда екенін ескере отырып, ауыл жастары арасындағы жұмыссыздықты қалай жеңуге болады деген заңды сұрақ туындайды. Қандай ұсынысыңыз бар?

– Қоғамның қозғаушы күшi жастар екенi даусыз. Оларға тәуелсiз елдiң тұғырлы болуына үлес қосу жауапкершiлiгi жүктелiп отыр. Тұңғыш Президентіміздің Жарлығымен биылғы жыл Жастар жылы болып жарияланды. Жыл сайын еліміздің жоғары оқу орындарын тәмамдаған түлектер белгілі бір мамандық иесі атанып шығады. Бірақ, қолдарына диплом алысымен көбі қалалық жерде тұрақтап қалуда. Сондықтан да болар ауыл аймақтарында кадрлардың тапшылығы жойылмай отыр. Бұл жағдайды реттеу үшін білім алу, тұрғын үй, жұмысқа орналасу сияқты жас ұрпақтың ең өткір мәселелерін шешуге қабілетті, дәйекті жастар саясатын іске асыруға, Мемлекеттік жастар саясаты туралы заңға жастарға нақты әлеуметтік кепілдіктер беретін өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Ал, ауыл жастары арасындағы жұмыссыздықты жеңу үшін ақпараттық қолдау көрсету және ауыл үшін нақты өзекті дағдыларға оқытқан жөн. Сондай-ақ, ауыл жастары үшін арнайы жұмыс орындарының банкін құру, әлеуметтік тұрғын үй құрылысының ауқымын ұлғайту арқылы тұрғын үймен қамтамасыз ету – маңызды. Ақылы жоғары кәсіби білім алу үшін жастарды мамандық бойынша одан әрі жұмыс істеу міндеттемесімен пайызсыз несиелендіру тетігін енгізген дұрыс. Осылайша, жастарға жайлы жағдай жасау арқылы еңбектенулеріне мүмкіндік береміз.

– Мысалы, ауылдарға агроном мамандар жетіспейді. Осы орайда «тәжірибемді іс жүзінде ауыл шаруашылығында көрсетемін» дейтін жастарға қандай мүмкіндіктер қарастырылған?

– Қазіргі таңда агроөнеркәсіп кешеніне арналған мамандарды даярлауды Қарағанды облысында бірқатар колледждер жүзеге асырып келеді. Солардың ішінде ауыл шаруашылығы саласы үшін кәсіби мамандарды дайындау бойынша М.Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл-шаруашылық колледжі үлкен жұмыс атқаруда. Колледждің көптеген түлектері республикамыздың түпкір-түпкірінде ауыл шаруашылығы саласында табысты еңбек етуде. Мәселен, бүгінде Қарқаралы ауыл-шаруашылық колледжінде 400-ге жуық студент білім алады. Колледждегі оқу 10 мамандық бойынша жүзеге асырылады. Соның ішінде агрономиямен қатар ветеринария, зоотехникалық, техникалық қызмет көрсету, туризм және басқалары бар. Колледж студенттерінің алған білімдерін 4000 га жер аумағында орналасқан оқу-тәжірибелік шаруашылығында іс жүзінде көрсету мүмкіндігі бар. «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі Қарқаралы ауылшаруашылық колледжімен бірлесіп дәрілік өсімдіктерді егу, өңдеу мен өндірумен байланысты жаңа агрономиялық мамандықтар ашу жоспарлап отыр.

– Өзіңіз басшылық жасайтын «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі бүгінгі таңда отандық фармацевтикалық сала мамандарын дайындауға қаншалықты көңіл бөлуде?

– Қазіргі таңда «Фитохимия» холдингі мен Қарағанды медицина университеті, Астана, Алматы медицина университеттері, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеттері арасында фармацевтика саласына арналған мамандарды даярлау туралы шарттар жасалған. Оған сәйкес 27 маман докторантура мен магистратурада оқып жүр.
Сондай-ақ, «Фитохимия» холдингі халықаралық ынтымақтастыққа да көңіл бөледі. Бірнеше жылдар бойы Ресей Федерациясының жоғары оқу орындары мен фармацевтикалық кәсіпорындарымен, соның ішінде Н.Ворожцов атындағы Новосибирск органикалық химия институтымен, Сібір мемлекеттік медицина университетімен (Томск қ.), Томск ұлттық зерттеу политехникалық университетімен, Ново- сибирск мемлекеттік медицина университетімен, Алтай мемлекеттік университетімен (Барнаул қ., РФ) және т.б. жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс жасап келеді. Жоғарыда аталған жоғары оқу орындарымен ғылыми-техникалық ынтымақтастық және дәрілер технологиясы, дәрілік заттар химиясы, фармацевтикалық химия бойынша білікті мамандарды даярлау туралы шарттар жасалды.
Сондай-ақ, жоғарыда аталған университеттердің 250-ден астам студенті, магистранттары мен докторанттары жыл сайын тәжірибеден өтіп отырады.

– Жалпы, Қазақстанда, Еуропада, АҚШ-та және Қытайда патенттелген қазақстандық жаңа дәрілік препараттар жайлы не айта аласыз?

– «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің мамандары 72 жаңа бірегей дәрілік препаратты жасап, өндіріске енгізді. Соның ішінде ісікке қарсы «Арглабин» препараты, «Салсоколлин» гепатопротекторы, паразитке қарсы «Саусалин» препараты, «Атеролид» гиполипидемиялық құралы, анаболикалық және адаптогенді «Экдифит» препараты және басқа да дәрілер бар. Ісікке қарсы қазақстандық бірегей «Арглабин» препараты Ресей Федерациясында, Беларусь Республикасында, Грузияда, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Қазақстанда, Тәжікстанда тіркеліп, Еуропалық, Еуразиялық, Қытай және АҚШ патенттерімен қорғалды.

– Елбасының бастамасымен «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» жобасы басталғаны белгілі. Жоба аясында өзіңіз атаған дәрілер құрамымен жұмыс жасай алатын мамандардың қарқынына тоқталсаңыз?

– Негізі тәжірибелік дайындық рөлінің артуына байланысты болашақ мамандар өндірістік дағдыларды оқу сатысында-ақ игере бастайды. Оған қол жеткізу үшін оқу үдерісінің тәжірибелік жағы артып, сабақтар тікелей жұмыс орындарында өткізіледі. Мысалы, жоғарыда аталған Қарқаралы ауылшаруашылық колледжінің студенттері жыл сайын «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің зертханаларында өндірістік тәжірибеден өтіп отырады. Өндірістік тәжірибе барысында студенттер дәрілік препараттарды жасау мен өнеркәсіптік өндірудің барлық кезеңдерімен танысады, соның ішінде дәрілік шикізатты өсіру, оны өңдеу, субстанцияларды алу және дайын дәрілік түрлерді шығару бар. Сонымен қатар, бірден-бір заманауи жабдықтар орнатылған кәсіпорынның өндірістік учаскелерінде жұмыс істейді.
Ел экономикасының инновациялық даму бағдарына сәйкес, қазіргі таңда техникалық және кәсіби мамандарды даярлау жүйесін жетілдіруге, соның ішінде, дуалды білім беру жүйесіне ерекше көңіл бөлінуде. Бұл сәтті қолға алынған жоба деп есептеймін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button