Ұлытау

Сенім сетінемеуі тиіс

     «Жемқорлық – мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады. Біздің түпкі мақсатымыз – жемқорлықты құбылыс ретінде жою үшін жемқорлыққа қарсы заңнамаларды жетілдіру арқылы жемқорлықпен күресті қатты күшейтуіміз керек».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің дамуына, қоғамның ішкі тұрақтылығына, экономикалық қауіпсіздікке кері әсер ететін ең басты қауіп-қатерлердің бірі. Сондықтан, оған жол бермеу, алдын алу мақсатында ел көлемінде пәрменді іс-шаралар жоспарланып, жүзеге асырылуда.

Қоғамдағы жемқорлық әрекеттердің жолына батыл тосқауыл қойып, олардың зардаптарын жою және кінәлілерді жауапқа тарту – бүгінгі күннің ең басты міндеттерінің бірі. Келеңсіз құбылыстармен жүйелі күрес жүргізу – сот, құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес, барлық азаматтардың парызы. Мұндай ауыр кеселді мемлекеттік және құқық қорғау органдарының күшімен, сонымен қатар, бүкіл ел, қоғам болып қолға алу арқылы тоқтатуға болады.

Сыбайлас жемқорлықтың белең алуы, ең алдымен, мемлекет абыройына, сот пен барлық құқық қорғау органдарының беделіне зор нұқсан келтіреді. Оның мейлінше кең таралған түрі – пара алу және пара беру.

Мұндай қылмыстарға барғандарға заң бойынша берілетін жаза қатаң. ҚР Қылмыстық кодексінің 366, 367-баптарына сәйкес, пара алғаны, пара бергені үшін мүлкі тәркіленумен бірге, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, алынған пара сомасының елу еселенген мөлшерінен бастап айыппұл салу, не он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған. Ал, пара бергені үшін оның жиырма еселенген сомасы мөлшерінен бастап айыппұл салуға, не үш жылдан он екі жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы бар.

Парақорлыққа делдал болу да жазасыз қалмайды. Параны алушы мен беруші арасындағы келісімге қол жеткізуге, оны іске асыруға ықпал етуші мүлкі тәркілене отырып немесе тәркіленусіз, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылады. Ол параның он еселенген сомасы мөлшерінен бастап айыппұл салуға, не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне қатысты сотталған мемлекеттік қызметкер барлық шендері мен мемлекеттік марапатынан айырылып, мемлекеттік қызметке орналасуына түбегейлі тыйым салынады. Бұл ретте шартты жаза тағайындалмайды, қылмыстық жаза ретінде еселенген айыппұл белгіленеді.

Қоғамдық кеселдің тамырын тереңдетпеу және онымен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жою мақсатында құқықтық түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын барынша арттыра түсу қажет. Қарапайым тұрғындар өздерінің құқықтарын, құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-әрекет қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері тиіс.

Салтанат БҰҚАРОВА,

Ұлытау аудандық соты

кеңсе меңгерушісінің міндетін атқарушы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button