Бас тақырып

Сенім салтанаты

Иә, бүгін 20 қарашадағы кезектен тыс Президент сайлауында айқын басымдықпен (81,31%) жеңіске жетіп, сенім мандатын иеленген Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтеді. Сөз жоқ, бұл – сенім салтанаты!

Сонымен, «Күркіреп күндей – өтті ғой соғыс» (Қасым) демекші, санамызды сергітіп, сенімді серпілтіп, сайлау да мәреге жетті. Кім жеңді? Кім жеңілді? Мен айтар едім – сенім жеңді, сәулесіз сәуегейлік жеңілді!

Жасыратыны жоқ, сайлау қарсаңында қоғамдық пікір қақ жарылды. Еліміздегі «оппозициялық блок» саяси додаға түскен Қасым-Жомарт Кемелұлынан басқа үміткерлерді «биліктің өз таңдауы» деген сыңайдағы сыңаржақ пікірі қарапайым сайлаушылар көңіліне күдік ұялатқаны да шындық. Солай бола тұра, олар Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұлғалық қасиеттері мен көшбасшылық қабілеттеріне нұқсан келтірер өткір пікір айта алмады. Неге? Себебі, Мемлекет басшысының көшбасшылық харизмасы – әлемдік деңгейде де, халықтық сипатта да мойындалған даралық еді.

Сондай-ақ, дауыс беру нәтижелері кейбір саяси сәуегейлердің сайлау бюллетеніне енгізілген «Бәріне қарсымын» бағаны бойынша жасаған болжамдарын да жоққа шығарды. «Электораттың жартысынан көбі «Бәріне қарсымын» бағанына белгі соғады да, сайлау заңсыз болып есептеледі», – деп жалаулатқандар жерге қарады.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» демеп пе еді?! Тұлғаның мінезі, көшбасшының көрегендігі ұлы мұратқа ұмтылған тарихи тәуекелдерге бастайды. Ел тарихындағы екінші Президент ретінде үш жарым жыл тізгін ұстаған Қасым-Жомарт Кемелұлының кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешімі де – тарихи тәуекел. «Бүгінде әлем санкциялық қысым әдістері, негізгі жаһандық мәселелерді шешуде кереғар тәсілдер алдыңғы қатарға шыққан күрделі халықаралық жағдайдың шиеленіскен қауіпті кезеңіне қадам басты», – деп, Президенттің өзі айтпақшы (Шанхай ынтымақтастық ұйымының Самарқанд Саммитінде сөйлеген сөзі), әлемдегі геосаяси ахуал күрделеніп тұрған кезеңде сайлау өткізудің қаншалықты тәуекел екенін ойлаудың өзі – ауыр. Халықаралық ахуалға қатысты мемлекеттер арасындағы импорт алмасу жүйесі кедергілерге тап болып, нарықтағы баға халықтан алшақтап бара жатыр. Инфляция ырыққа көнер емес. Мұның барлығы халық наразылығын тудырып, «Қасіретті қаңтар» оқиғасы қайталанып кетуі мүмкін деген пікірлер де бой көтере бастаған. Осынша қатердің жолын кесіп, қаймықпай жасалған тарихи тәуекелдің қайтарымы – елдің жарқын болашаққа жасаған нық қадамы. Қазақстан халқы өз таңдауы арқылы жаңа дәуірге қадам басты! Ашық сайлауда еркін таңдау жасау арқылы өз Президенттерін сайлап алды.

Ал, еліміздің алдағы жеті жылдағы тағдыры қалай болмақ? Сайланған Президентіміздің үш блок, 18 бағыттан тұратын сайлауалды бағдарламасында Әділетті Қазақстанның берік ұстанымы, байсалды бағыты, даму мүмкіндіктері толық қамтылған. Ел сеніміне айрықша серпін берген бағдарламаны жүзеге асыруға Қасым-Жомарт Кемелұлының көшбасшылық һәм тұлғалық қасиеттері толық жауап бере алатынына да еш күмән жоқ.

Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық дипломатиясын қалыптастырушы саясаткер ретінде Қазақстан Президентінің әлемдік аренадағы абырой-беделі, әлемдік дау-дамай сәттеріндегі бітімгерлік саясаты туралы аз айтылып, кем жазылып жатқан жоқ. Тұлғаның бұл қасиеттерінің елде әділетті экономика орнықтыруға қауқары жете ме? Мәселе – осында. Ал, әлем саясаттанушылары қалыптастырған көшбасшылық теориясы талаптары негізінде салмақты сараптама жүргізген сарапшылар алдағы жеті жылда Қазақстан дамудың жаңа сатысына көтерілетінін және ел Президентінің тұлғалық қабілеті мен қарымы сонша жауапкершілікті еркін еңсеретінін айтады.

Шынымен де, тәуелсіз сарапшылар осы сайлаудағы Тоқаев жеңісінің күмәнсіз болатынын алдын-ала болжаған. Қарапайым халықтың Мемлекет басшысына деген сенімі орасан болғанын да айтады. Бұл сенімге Қасым-Жомарт Кемелұлының соңғы үш жылда айтқарған еңбегі мен қолға алған реформалары негіз болғаны белгілі. Игілігін тұтас қазақстандық қоғам көріп, сырт көз мойындаған өзгерістер өрлеудің нақты жолын айқындап отыр.

Бұл жерде Мемлекет басшысының салқынқанды саясаткер екеніне де тоқтала кетуіміз керек. Мәселен, қаңтар оқиғасы кезіндегі шешімталдығының өзі ешқандай эмоциясыз талай күрмеуі күрделі мәселелерді шешіп тастағанын сіз бен біз көзбен көрдік. Кешегі сайлаудан кейінгі өзінің штабында өткен кездесу кезінде де сабырлы қалпынан ажырамаған күйі: «Халықтың сенімі – бұл ең құнды нәрсе. Сондықтан, халықтың сенімін бәріміз ақтауымыз керек. Бүгін, міне 21 қарашадан бастап бәріміз жұмысқа кірісуіміз қажет», – деп, өз мойнындағы тарихи жауапкершілікті жан-тәнімен сезінуінің өзі көп жағдайды аңғартса керек.

Жалпы, сайлау алдында да, сайлаудан кейін де оппозициялық топтар тарапынан бұра тартып, бұғалық үзер әрекеттің байқалмағанын бәріңіз де аңғардыңыздар. Мұның астарында сан-саққа жүріген қоғамдық пікірдің арынын басқан мойындау құбылысының жатқаны белгілі.

Сөз түйінінде өз дәуірінің тыныс-тіршілігіне налыған ұлы Абайдың «Единица болмаса, не болады өңкей нөл» дегені ойыма оралып отыр. Осы бір ордалы ойының тұжырымында «Билемесе бір кемел», – деді хакім. Бізде единица да, кемел тұлға да бар. Оған кешегі сайлаудың нәтижесінде көз жеткіздік. Халықтың сенімі салтанат құрды!

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Back to top button