Жаңалықтар

Сенім мен сабақтастық салтанаты

Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыхалықтық референдум мәреге жетті. Яғни, саяси қайта қалыптасуға қатысы жоқ, жалпы есеп бойынша ел тарихындағы төртінші референдум «Бізге атом энергиясы қажет па, жоқ па?» деген сауалдың нүктесін қойды. Енді, дауыс беру нәтижесі АЭС құрылысының болашағын анықтайды. Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясы дауыс беру құқығы бар 12 284 487 адамның 7 820 204-і өз таңдауын жасағанын хабарлады. Ал, Қарағанды облысы бойынша 764 115 адамның 548 952-і референдумға қатысты. Бұл ретте алдын ала деректер бойынша облыстың 345 434 тұрғыны АЭС құрылысына келісімін білдірсе, 161 408-і қарсы екенін көрсеткен. Жалпы, 5 561 937 қазақстандық «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген жалғыз сұраққа «иә» деп жауап берді. Түпкілікті шешім референдум өткеннен кейін аумақтық комиссиялар дауыс санағаннан кейін, 2 күн ішінде хаттамалардың түпнқұсқаларын Орталық референдум комиссиясына жеткізгеннен кейін белгілі болады.

Суреттер газет тілшілерінен

Референдум заң аясында өтті

Жалпы, облыс тұрғындары өзге өңірлермен салыстырғанда дауыс беруде белсенділік танытқанын айту керек. Мәселен, Орталық референдум комиссия­сының хатшысы Мұхтар Ерманның 6 қазан, сағат 10:00-дегі жағдай бойынша таратқан мәліметіне сәйкес, қарағандылықтардың 30,63 пайызы өз таңдауын жасаған. Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіш.

6 қазан, референдум күні сайлау учаскелері өз жұмысын дәл сағат 7:00-де бастады. Алайда, бір сағат бұрын, яғни, 06:00-де ашылғандар бар. Бұл – әскери бөлімдер, вахталық кенттер және ауысымдық кесте бойынша жұмыс істейтін адамдар тұратын бірнеше учаскелер. Жалпы, республика бойынша учаскелердің көбі Қарағанды облысында орналасқанын айту керек. Яғни, Қарағанды, Шахтинск, Теміртау, Қарқаралы және Нұра аудандарындағы 10 учаскеге қарасты дауыс берушілер таңдауларын сағат жетіге дейін жасап үлгерді.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та облыс орталығының Кеншілер мәдениет сарайындағы №17 учаскеде АЭС құрылысына қатысты дауысын берді.

Сондай-ақ, референдум учаскелері ашылмастан келіп, дауыс беруге асыққан тұрғындар да бар. Қарағанды қаласындағы №31 референдум учаскесінің төрағасы Саян Жекебаев осылай дейді.

– Учаске ашылмастан келген дауыс берушілер таңдауларын жасап жатыр. Халық белсенділігі жақсы екенін байқауға болады, – дейді ол.

Референдум барысын қадағалаған халықаралық байқаушылар да бәрі заң жүзінде өткенін мәлімдеді. ТМД байқаушылар комиссиясының мүшесі Дмитрий Михайлов алты учаскеде болғанын айтады.

– Біз барған учаскелердің ешқайсысының жұмысына ескерту жасалған жоқ. Бәрі заң аясында өтіп жатыр. Ауылдық және қалалық жерге бақылау жүргіздік. Таңдау жасаушылардың қатары қалың. Көңіл күйлері де тамаша. Жас ерекшеліктері әрқилы, – деді ол.

Өңірлер референдумда белсенді

Шет ауданында 51 референдум учаскесі болса, дауыс беру құқығына 23 830 адам ие екенін айту керек. Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Берікбол Дәулетұлының айтуынша, ауданға қарасты учаскелердің барлығы сағат 7.00-де ашылып, өз жұмысын бастаған.

– Еліміз үшін маңызды шешім қабылдау мақсатында аудан тұрғындары бүгін ерте тұрды. Оны бүгінгі дауыс беруге келген адамдардан аңғаруға болады. Учаскелер талапқа сай жабдықталып, комиссия құрамдары бекітілген. Тіпті, алғашқы болып дауыс бергендерге сый-сияпат та жасадық, – деді Берікбол Дәулетұлы.

Ал, Ақадыр кентінде орналасқан № 736 учаскеде алғашқы болып 77 жастағы Нарбай Куланов таңдауын жасады.

Референдум болады деп, таңертең ерте тұрып, дауыс беруге келдім. Мен үшін бүгінгі күн ерекше маңызды. Сондықтан, жерлестерімді бейжай қарамауға шақырамын, – деді Нарбай Куланов.

Ақтоғай ауданының тұрғындары да референдумда белсенділік танытты. Бұл жергілікті халықтың ел үшін қабылданатын шешімге бейжай қарамайтындығын көрсетеді. Ақтоғай аудандық референдум комиссиясының төрағасы Алтай Баймағанбетұлы республикалық референдумды әзірлеу мен өткізу жөніндегі мәселелер бойынша аудандық референдум комиссиясы кезекті отырысын өткізіп, тиісті шешімдерді уақытында қабылдағанын айтады.

– Науқанға 39 референдум комиссиясы қатысуда. Оның ішінде 1 аумақтық және 38 учаскелік референдум комиссиясы қамтылып, барлығы 213 комиссия мүшелері жұмылдырылған. Ақтоғай аудандық референдум комиссиясы кезекті отырысында комиссия құрамымен және мүшелерінің біліктілігін арттыру мақсатында оқыту мәселелері пысықталды. Нәтижесінде облыстық, аудандық референдум комиссияларының қатысуымен оқу оффлайн форматта қалыптасқан оқытудың каскадты әдісін тұрақты негізде қолдана отырып ұйымдастырып өткізу бағытында тиісті жоспар бекітілді. Осы аталған оқу-семинарлары облыстық сайлау комиссияларының қатысуымен және аудандық референдум комиссияларының қатысуымен ұйымдастырылып өткізілді, – деді Алтай Баймағанбетұлы.

Сонымен қатар, комиссия мүшелері мен бақылаушылар референдумды ұйымдастыру деңгейінің жоғарылығы мен қатысушылар белсенділігін атап өтті.

Қарқаралы ауданындағы барлығы 51 референдум учаскесінде дауыс беру күнтізбелік жоспарға сәйкес өтті. Учаскелердегі референдум комиссияларының мүшелері қолданыстағы заң талаптарына сәйкес жұмыс атқарды. Өз таңдауын жасауға келгендерге қажетті жағдай жасалған.

Ал, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен денсаулығына байланысты өтініш жазған жандар үшін арнайы қарастырылған дауыс беру жәшіктері олардың үйіне жеткізіліп, референдумнан ешкімнің тыс қалмауына барлық мүмкіндіктер жасалғанын айту керек.

Мәселен, Ақтерек ауылындағы №797 референдум учаскесі бойынша 103 жастағы қарт ана Шәмшибану Акпарова өз шаңырағында отырып дауыс беріп, референдумға қатысты.

Ал, Егіндібұлақта тоқсаннан асқан Роза әже азаматтық ұстанымның үлгісін көрсетіп, осы ауылдағы № 571 референдум учаскесіне өзі келіп, таңдауын жасады.

АЭС құрылысы сынды еліміздің ертеңіне зор ықпалы бар маңызды мәселе бойынша референдумға аудан халқының басым бөлігі қатысып, өз таңдауын жасады.

Ал, Осакаров ауданында 20 684 адам дауыс беру құқығына ие. Барлығы 41 референдум учаскесінде дауыс берген осакаровтықтар өз таңдауын жасады.

Ел ертеңіне енжарлық танытпады

Референдум өңірдің әр тұрғыны ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетті. Мәселен, 6 қазанда шаңырақ көтеруді жоспарлаған Асылхан Төлегенов пен Сәбина Болатова таңдауларын жасағаннан кейін ғана неке қиюға аттанды.

– Біздің дауысымыз Қазақстанның болашағына әсер етеді. Той күні жарты жыл бұрын белгіленген. Бұл – жақсы сәйкестік деп ойлаймын. Осы мәселеге қатысты бірқатар деректер оқыдым, Сәбина екеуміз ақылдастық. Әр адамның дауысы маңызды. «Бізсіз де өтеді» деуге болмайды, – дейді Асылхан Төлегенов.

Ал, Ұлы отан соғысының ардагері, ғасырдан астам жасаған Осакаров ауданының тұрғыны Анна Котова елдегі оң өзгерістер Қазақстанның дамуына жаңа серпін беретінін, бейбіт заманда өмір сүріп жатқан жас ұрпақ үшін жасалып жатқан қадамдарды қолдайтынын айтты. Ол «Даңқты жауынгерлік жолы» 2 дәрежелі «Отан соғысы Орденімен», «Германияны жеңгені үшін», «Украинаның фашистік басқыншылардан босатылуына 60 жыл», «Санитарлық қызметтің үздігі» медальдарымен марапатталған.

Ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы болса, Қазақстан референдум өткізу арқылы жаһанға үлгі көрсетіп отырғанын айтады.

– Халықты еститін мемлекеттің болашағы жарқын. Халық қай кезеңде де өзіне керегін ашық айта алуы тиіс. Осы саяси шешімнен көп үміт күтемін, – дейді ол.

Дауыс берушілер қатарында әлем чемпионы Максим Раков та бар. Ол референдумның ел болашағы үшін маңызы зор екенін айтады.

Облыстың қала, аудандары да дауыс беруде белсенділік танытып, 6-қазанды өзге күндерден ерекшелегенін де көруге болады. Айтар болсақ, Бұқар жырау ауданында референдум күніне орай ауданның бірнеше елдімекендерінде жәрмеңке ұйымдастырылып, сауда да қыза түсті. Ал, Ғабиден Мұстафин кентінде дауыс берушілердің жүріп-тұруы үшін тегін автобус бағыты ойластырылған.

«Мерейлі отбасы-2024» Ұлттық байқауының жеңімпазы, балқаштық Халабаевтар отбасы референдум участкесіне келіп, өз таңдауларын жасады. Ұлттық нақышта киім киген олар өздерімен бірге ең кішкентай отбасы мүшесін де ала келген. Ақ жаулықты әже болса, алтын алқасын да тастамапты.

Шет ауданының тұрғыны, қазақтың қабырғалы қаламгері, екі қоғамды басынан өткерген Өмір Кәріпұлы да ел үшін маңызды шешімнен қалыс қалған жоқ.

– Тәртіпке бағынып, өз таңдауыңды жасау – маңызды. 85 жасқа шыққан жасымда ел тағдырына байланысты референдумнан қалыс қалуды қаламадым. Ел мен жер аман болсын! – деді жазушы.

Қарағандыдағы №16 референдум учаскесінде ең соңғы болып, қала тұрғыны Инабат Армиева өз таңдауын жасағанын да айту керек. Учаскеге асыға жеткен ол әр азамат өз елінің болашағы үшін дауыс беруі керек екенін айтады.

Тарихи сәтті ерекше есте қалдырғандар

Референдумға ерекше жауаптылықпен қарап, ел өміріндегі елеулі оқиғаға өздерінің көзқарастарын білдіріп, өзгелерден ерекшеленуге тырысқандар да бар.

Мәселен, Приозерск қаласының тұрғындары, өнегелі отбасы Абдрахим Дүйсенбаев пен Бимария Жамбылбайқызы референдумға ұлттық киіммен келді. 70-ке толған ардагерлер ел өміріндегі саяси оқиғалардан қалыс қалған емес.

– Халық – мемлекеттің басты қозғаушы күші. Ұлттық киім киіп, қазақтың дәстүрін ұлықтап жатырмыз. Аға ұрпақ кейінгілерге жол көрсетуіміз керек. Дауыс беру процесі штаттық режимде өтіп жатқаны да көңілге сенім ұялатады, – деді Абдрахим Дүйсенбаев.

Ал, қала тазалығына жауапты «Тазалық Эксперт» ЖШС өкілдері де Қарағанды қаласындағы №15 учаскеге жұмыс көліктері – «КамАз»бен келіп, дауыс берді.

– Біз үшін мемлекет дамуы ең басты орында. Күз айы болғандықтан, ағаштардың жапырағы түсіп жатқан кез. Қала ішінің тазалығына жауап беретін болған соң, ертемен жұмысқа кірістік. Жұмыс арасында саяси өмірге пікірімізді білдіруге құқылы болғандықтан таңдау жасауға келдік. Тұрғылықты мекеніміз қала маңында болса да, осы учаскеде дауыс беруге мүмкіндік берген жандарға алғысымыз шексіз, – деді «Тазалық Эксперт» ЖШС өкілі Сара Амильжанова.

Ал, «Chingizkhan mc» мотоклубының президенті Владимир Киммен бірге мотоклуб мүшелері де бірге келді. Ол осындай маңызды күні достарының жанына табылғанына қуанышты екенін де жасырмады.

Осы күні АЭС құрылысына қатысты өз таңдауын жасауға «Динозавр» да келді. Қарағандылықтарды ғана емес, қазақстандықтардың өзін таң қалдырған тұрғын Ернар дауыс беру құқығына алғаш рет ие болған екен. Айтулы күнді ерекше есінде қалдыру мақсатында ол референдум учаскесіне осылай келуге шешкен.

– Дауыс беру құқығыма ие болған соң көңілденіп, учаскеме ерекше болып барғым келді. Бастысы, учаскедегілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлағым келді. Өзім де бюллетеньді алғаннан соң, таңдауымды жасайын деп, дауыс беретін аймаққа кіре алмай қойдым. Сөйтіп, тағы бір адам көмекке келіп, әйтеуір амалын тауып, кірдім. Халық риза болып, «бәрекелді!» десті. Еліміздің ертеңі үшін шешім қабылдауымыз керек. Ол үшін бәріміздің дауысымыз маңызды. Референдум – елдің өз таңдауына берілген мүмкіндік, – дейді Ернар Рақышев.

Айта кету керек, референдумда дауыс беретін мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық жағдай жасалған. Әр учаскеде дауыс берушілердің бұл санаты үшін кіреберістерге пандустар орнатылып, ғимарат ішінде арнайы бұрыштар жасақталды.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button