Бас тақырыпРесми

Сенім кеңесі – қоғаммен ашық диалог

Билік пен қоғам арасында диалог орнату мақсатында құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі небары екі отырыс өткізсе де қордаланған біраз мәселенің басын қайырып, оңтайлы шешілуіне жол ашты. Күнде жиын өткізіп, іске келгенде «су аяғы – құрдымға» кететін өзге бастамалардай емес, жылдар бойы сыздаған жараның бетін ашып, проблеманы «жылы жауып қоймай», нақты іске кірісті.

Әлбетте, бұл бастамаға алғашында халық үрке қарады. Оның үстіне, саяси транзит уақытында құрылғандықтан да болар, сарапшылар биліктің бұған дейінгі ұқсас бастамалары аяқсыз қалғанын айтып, диалог орнатуда реформа керектігін алға тартты. Бірақ, реформа өз алдына, қарапайым халық үшін ең бастысы – ел тыныштығы мен әлеуметтік жағдайдың реттелуі еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нысанаға дөп тигізіп, Кеңестің алғашқы отырысында инаугурация кезінде айтқан сөзін тағы қайталап, сөзден іске көшу керектігіне назар аударды. Ұлт мүддесі үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған, азаматтық ұстанымдары, көзқарастары алуан сипатты әр түрлі саланың мамандары да ашықтықты ұстанды. Сенім кеңесінің мүшелері, саясаттанушылар Айдос Сарым «Алаң да алаң жұрттың ойлағанын дөп басып, өгізді де өлтірмеуді, арбаны да сындырмауды» айтса, Саясат Нұрбек «…адами капитал экономиканың дамуына, әлеуметтік, саяси мәселелерге тікелей байланысты» деді. Ал, Қасым-Жомарт Кемелұлы болса, «Бәріміз Отанымызды сүйеміз. Бірақ, жай ұрандамай, нақты қадамдар жасауымыз керек. Әр сала бойынша жеке жоспар дайындауымыз керек» деді. Ал, осы жерде көтерілген мәселелердің барлығы халықтың базына-тілегі екенін ескерсек, кейіннен олардың барлығы үкімет отырысында қаралуы әлеуметтік мәселелердің оңынан шешілуіне ықпал етті.

Шыны керек, жер шетелдіктерге жалға беріледі немесе сатылады деп ашынған халықтың, немесе балаларын асырай алмаған ананың алаңға шығуы, салықтан шаршаған шағын бизнес өкілдерінің жанайқайы да осы Кеңес құрылғаннан кейін биліктің құлағына жеткені даусыз. Нақты мұқтаж отбасыларына атаулы әлеуметтік көмектің берілуі, кәсіпкерлерді жалпы табыс салығынан 3 жылға дейін босатылуы жағымды жаңалық болды. Әлбетте, осының барлығы аяқ асты қабылданған шешім емес. Ең бірінші, халықтың тілегі, оны ести білген, түйсіне білген әрі дер кезінде тиісті шара қолдана білген Үкіметтің әрекеті екені анық. Бірақ, солай бола тұра масылдықтан арылуға үндейді Президент те, Кеңес мүшелері де.

Ал, Кеңестің екінші отырысында көтерілген мәселе де біраз жылдан бері көптің көкейіндегі, жанын сыздатқан өзекті жайттар. Оның ішінде айырықша мәнге ие – жер мәселесі. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттік бақылау саласына тың технологиялар негізінде бақылаудың жаңа заманауи тәсілдерін енгізу, еңбек және миграциялық заңнаманың сақталуын тексеру, шетелдік жұмыс күшін тарту, мемлекеттік тілді реформалау мен жаңарту мәселелері көтеріліп, ұсыныстар атқарушы органдар деңгейінде талқыланып, кері байланыс орнады. Заңнамадағы бірқатар оң өзгерістерге де Кеңестің ықпалы бар екені даусыз.

Сәуір айында өтетін Кеңестің үшінші отырысында білім және денсаулық мәселесі қарастырылады. Кеңес мүшелері кезекті отырыста өздерінің және халықтың көкейіндегі мәселелерді күн тәртібіне шығарып, шешімін табарына сенімді.

 Осыларға қарап, Кеңес бастапқыдағы қоғаммен диалог орнату мақсатына жетті деп айтуға толық негіз бар. Бәрі бір демде бола қалмайды. Кез келген оң дүниенің қолдау табуы үшін талай кедергілерден өтетіні тәрізді, құрылған тұста сынға ұшыраған Ұлттық сенім кеңесінің де өміршеңдігі, талай игі іске мұрындық болары күмәнсіз.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button