Сенатор ел арасында
Шілде айының басынан ҚР Парламенті Сенатының депутаты Рысқали ӘБДІКЕРОВ облысқа іссапармен келді. Алдымен сенатор Жаңаарқа ауданына барды. Халық қалаулысы жұмыс сапарын аудан орталығындағы №132 орта мектептен бастады. Аудандық білім бөлімінің басшысы Тілеш Бейсенбайұлы мен мектеп директоры Мархаббат Ермұхаметқызы білім ордасының тынысымен таныстырды.
Ұстаздар ұжымымен емен-жарқын әңгімелескен Рысқали Қалиақбарұлы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында және «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында жүктелген міндеттер мен жаңадан қабылданған Заң жобаларына жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ, Рысқали Әбдікеров мектептегі IT-сыныбының тұсауын кесіп, мектеп ұжымына смарт-теледидар сыйлады.
Келесі кезекте сенатор «Арқа құрылыс-2009» мекемесінің асфальт-бетон зауытын және үгу-сұрыптау кешенінің құрылысын аралады. Кәсіпорын басшысы Серік Мұқанұлы кәсіпорынның жай-жапсарын баяндап, құрылыс жұмыстарымен таныстырды. Сенатор кәсіпорын ұжымына өз ризашылығын білдіріп, мұның бәрі ауылдың, ауданның келешегінің кемел екендігін аңғартатындығын айтып, кездесуде көтерілген түйінді түйіткілдер назарда болатындығын жеткізді.
Мұнан соң Рысқали Әбдікеров Сәкен Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапханасында жергілікті атқарушы орган өкілдерімен, білім беру, құқық қорғау саласы қызметкерлерімен, аудандық мәслихат депутаттарымен, ардагерлер мен қоғамдық ұйымдардың басшыларымен дөңгелек үстел отырысын өткізді. Жиын барысында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғ.Төтеев, аудан прокуроры А.Әділханов, аудандық соттың судьясы А.Баубеков, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы С.Сағынтаев салалар бойынша өзекті мәселелерге тоқталды. Сенат депутаты көтерілген проблемаларды зерделеп, қойылған сұрақтарға тиісінше жауап берді.
Жиын соңында аудан әкімі Ю.Бекқожин ауданның экономикалық-әлеуметтік жағдайына тоқтала келе, Сенат депутаты Рысқали Әбдікеровке алғысын білдіріп, Елбасымыз ұсынып отырған мемлекеттік бағдарламалардың біразы ауданымыз бойынша қарқынды іске асып, әлі де өз жалғасын табатындығын айтты.
Жаңаарқа ауданында еңбек ұжымдарымен кездесіп, кәсіпорын-мекемелердің тыныс-тіршілігіна назар аударған Сенат депутаты жұмыс сапарын Қаражал-Жәйрем өңірінде жалғастырды. Қаражал қаласының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөлімі, №5 орта мектебі, су қоймасын, «Өркен» ЖШС аралап, өңірдің дамуындағы қарқынды байқады. Рысқали Қалиақбарұлы «Өркен» кәсіпорнының жұмысымен танысып, марганец, кен өндірудің қоры кейінгі 250 жылға жететінін атап айтып, жұмыскерлердің жалақысының жоғарылығы жайлы сөз қозғады. Сенат депутаты өңірдегі алып кәсіпорын «Жәйрем кен-байыту комбинаты» АҚ ат басын тіреді. Кездесуде басқарма төрағасы А.Бурковский бүгінгі таңда жасалынып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Бұл жерде, – деді өз сөзінде басқарма басшысы, – екі үлкен кен орыны бар. Оның бірі – «Қиыр-Батыс» кеніші және «Батыс» карьері.
А.Бурковский Сенат депутатын «Қиыр-Батыс» кеніші жанындағы жаңа технологиямен салынып жатқан кенбайыту фабрикасының жұмысымен толық таныстырды. Бұл жоба 2020 жылы аяқталмақ. Онда 1700-ге тарта жұмыскер жұмыс істейді. Кен комбинаты жыл сайын кенттің әлеуметтік саласына айрықша көмектесіп келе жатқаны белгілі. Соның бір дәлелі – 2017 жылы «Жәйрем КБК» АҚ мен облыс әкімдігі арасындағы меморандум бойынша бірнеше әлеуметтік нысандар жаңартылды. Орталық ауруханаға алынған рентген аппараты мен күрделі құрылыс жұмыстарына тәнті болған Сенат депутаты ем қабылдап жатқан тұрғындармен тілдесті. Жәйрем кентінің қақ ортасында күмбезделіп бой көтеріп жатқан жаңа мешіт құрылысымен да танысты.
– Әр өңірдегі кәсіпорын қаланың немесе кенттің әлеуметтік саласына 1,5 млрд. теңге бөліп отырса, гүлденбейтін аймақ болмайды, – деді кездесу соңында Сенат депутаты.
Рысқали Әбдікеровтің сапары Жезқазған, Сәтбаев қалаларында жалғасты. Сенатор Сергей Ершовпен бірге Сәтбаев қаласындағы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-не қарасты технология колледжіне барды. Ұстаздар қауымымен емен-жарқын әңгімелесіп, қазіргі таңда білім саласына енгізіліп отырған өзгерістерге тоқталып өткен Сенат депутаттары ұстаздар ұжымында жас мамандардың көп болуы қуантарлық екендігін айтып өтті.
Одан кейін қалалық әкімдікте Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуінде, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында нақтыланған мәселелерді талқылау жөнінде кездесу өтті.
Жиында өңірлерді дамыту, газ құбырын тарту, техникалық білім алуға қолдау көрсету жайында сөз болды. Рысқали Қалиақбарұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жүктелген міндеттер мен жаңадан қабылданған Заң жобаларына тоқталды. Сол күні Сенатор Жезқазған қаласындағы прокуратура, сот, ішкі істер органдарының қызметкерлерімен кездесті. Өз сөзінде Президент бастамаларын іске асыруды қамтамасыз етуде құқық қорғау органдарының роліне айрықша назар аударды.
Кездесуден кейін Рысқали Әбдікеров Жезқазған қаласы тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Сенатордың қабылдауына он екі адам келді. Үш азаматтың өтініші дереу оң шешімін тауып, алты өтініш бақылауға алынды. Сонымен қатар, үш өтініш бойынша тиісті түсіндірулер берілді. Жезқазған қаласының әкімі Қ.Бегімовке олардың өтініштерін мұқият зерделеп, жауабын беру ұсынылды.
Сенат депутаты келесі күні Ұлытау ауданының Жезді кентінде болды. Сондай-ақ, Нұра және Осакаров аудандарына барды. Сенат депутаты алдымен Нұра ауданы орталығының ішкі жолдарымен танысты. Ағымдағы жылы, тек, Нұра кентінің ішкі жолдарына облыстық бюджеттен 120 млн. теңге және аудандық бюджеттен 22 млн. теңге бөлініп, жөнделуде.
Сенатор аудан орталығында орнатылған спорт алаңдары мен балалар ойын алаңдарында да болды. Аудан бойынша ең ауқымды жұмыс – құрылыс бөлімінде. Ағымдағы жылы 88 пәтер кілті тапсырылады. Міне, осы үйлердің құрылыс жұмыстарымен де жете танысқан Рысқали Әбдікеров ауданның әлеуметтік даму қарқынына оң бағасын берді.
Сенатор Нұра ауданының әлеуметтік даму қарқынымен танысып, жеке қабылдау өткізді. Жеке қабылдауға нұралық төрт тұрғын келді. Аудан дық қоғамдық кеңес хатшысы Ермек Шорабеков Қайнар ауылын таза ауыз сумен қамтып отырған су құбырының ауылға дейінгі бөлігінің жөндеу жұмыстары 2016 жылдан бері жүргізілмей келе жатқанын жеткізді. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Данияр Алшынбаев Теңіз өңірінің жолдарының сапасы сын көтермейтінін айтты. Нұра кентінің жергілікті қауымдастық өкілі Думан Бекенов Нұра кентіне дене шынықтыру сауықтыру кешені керек десе, Нұра кентінің тұрғыны Айткен Нақыпов Қайып Айнабеков көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы ұсынысын білдірді.
Рысқали Қалиақбарұлы Қайнар ауылының су құбырына жөндеу жұмыстарын жүргізу және Нұра кентіне дене шынықтыру сауықтыру кешенін салу бойынша дайын тұрған сметалық-жобалық құжаттарға сай қаржының бөлінуін бақылауға алатынын жеткізді. Теңіз өңірінің жолдарын жөндеу жұмыстары бойынша алдымен сметалық-жобалық құжат дайындап, соған сай қанша қаражат керек екенін анықтап алу керектігін айтты. Ал, Нұра кентіндегі Қ.Айнабеков көшесіне 2019 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болды.
Бұдан кейін Сенат депутаты мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Мешітбай Жұмановтың қатысуымен бөлім, мекеме басшыларымен және депутаттармен кездесу өткізіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел игілігіне арнайы құрған бағдарламаларының жүзеге асу барысымен бөлісті.
Сенат депутаты Осакаров ауданының орталығында «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан жаңа тұрғын үй кешеніне, «Нұрай» балабақшасына барып, жай-күйімен танысты. «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша Осакаров кентінде он сегіз пәтерлі төрт үй салып жатқан «Сектор Строй» ЖШС басшылығы депутатқа жұмыс барысы туралы түсіндіріп, осы жылдың қараша айында құрылысты аяқтайтынын айтты.
Сондай-ақ, Рысқали Әбдікеров аудан әкімі Н.Қобжанов, аудандық мәслихаттың хатшысы Қ.Саққұлақов, білім беру, құқық қорғау салалары қызметкерлері және тұрғындар қатысқан кездесу өткізді.
Аудан халқымен кездесуде Сенатор заң шығару мәселелері бойынша және жақын арада ішкі істер органдарында болатын өзгерістер жайлы түсіндірді. Рысқали Қалиақбарұлы «Қарағанды – Павлодар» республикалық тасжолын жөндеу мәселесін көтеріп жүргені туралы әңгіме қозғады. Өз кезегінде аудан әкімі келесі жылы «Осакаров – Молодежный» облыстық маңызы бар тасжолында жөндеу жұмыстары басталатынын айтты.
Сенат депутаты көтерілген проблемаларды зерделеп, қойылған сұрақтарға тиісінше жауап берді.
Жалпы, облыстағы іссапар барысында өткен кездесулерде аймақ тұрғындары Сенат депутатын ыстық ықыласпен қарсы алғанын атап өткен жөн. Шешімі күрмеулі мәселелерді ортаға салып, сенатор назарына жеткізген жұрттың Рысқали Әбдікеровке ризашылығы ерен.
Жазыкен ТОМПИЕВ