Ұлы Жеңіске - 75 жыл

Сен едің ғой, Солдат!

Солдат! Сен өмір есігін іңгәлап ашып, мына жарық дүниеге келгеніңде, алдыңда ұзақ жылдар «ұлы» деп ұлықталған қызыл төңкеріс тосып тұрды. Ақ қашып, қызыл қуған зобалаң заман сені ерте ес жиюға еріксіз мәжбүрледі. Сондықтан да болар, бүкіл адами болмысбітіміңде әділдік пен жақсылық, қарапайымдық пен мейірмандық ұлттық негізде көрініс тапты. Ал ХХ ғасыр болса, сенің тағдыр-талайыңа ауыр салмақты – зорлық пен аштықты, қанды майданды бұйыртты.

Сен не көрмедің, Қазақ Солдаты?! Ат жалына қол созатын жасқа жеткеніңде елді зар еңіреткен «ұлы кәмпескені» көзің көрді. Кешегі «жақсы» аяқ астынан неге «жаман» бола қалғанын ұқтың ба, ұқпадың ба?! Оны біле алмасымыз анық. Бірақ, кеше ғана асыққа таласып, таймен жарысып жүрген құрдасыңның не себептен «жау» болып шыға келгенін шын мәнінде ұға алмағаның ақиқат. Тек, бай баласы болғандықтан «тап жауы» атанғанын түйсінгеніңмен, сол «бай-құлақтарды» жер аударғанда бүкіл ел-жұрт болып неге жылапсықтап шығарып салғанын түсінбегенің анық.

Одан соң «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп шапқылаған шолақ белсенді мен мылтық асынған «қызыл жағалының» құқайын көрдің. Кешегі «көн шалбарлы жаманның» алдында әке-шешеңнің орынсыз төмендеп, амалсыз «әке-көкелеп» қалғанынан қатігездік атаулыға деген қарсылық сезім өнбойыңда берік орын тепті. Өйткені, ол зорлықзомбылықтан қан жылаған халықтың мұң-шері мен қарғысы арқылы тұла бойыңды жаулап алып еді. Сондықтан да, сүндет тойыңа деп мінген тайыңды немесе бәсіре атыңды колхозға ортаға алғанда да шылбырына жармасқан жоқсың. «Байдың құйыршығы» атанбас үшін ата-бабаңнан келе жатқан Құранды, араб қарпімен жазылған кітаптарды киізге орап қыстаудың іргетасының астына жасырыстың. Көбің атаңның «заман түзелген соң, қазып аларсың» деген аманатын орындай алмастан шейіт кеттің. Ауыл молласынан мұсылманша хат танығаның далада қалып, үлкендермен бірге «саужойда» әуелі латынша, кейін орысша сауат аштың. Ертерек туғандарыңды комсомол атандыру үшін «құдайсыздар қоғамына» зорлықпен кіргізіп, шошқаның етін жегізді. «Ел аман, жұрт тыныш болса болды» деп, сен оған да көндің.

Он үш-он беске қадам басқаныңда барша қазаққа төнген қара нәубет аштық зұлматы маңдайыңа тап келді. Әке-шешең аштан өліп, өзің қаңғып далада қалғаныңда «ШКМ» аталатын детдомға іліктің. Миллиондаған адамды жалмаған осы қырғыннан да аман қалдың, Солдат! Шындық үшін шырылдаған талай боздақтың «халық жауы» болып, жазықсыз жапа шеккенінің көзі тірі куәсі де сенсің, Солдат!

Есеңгіреген ел есін жиды, сен де есейдің. Өз қатарың секілді бірің колхоз жұмысына, бірің қызметке іліктің. Бірақ, сені адамзаттың қас жауы – фашизм лаңы тосып тұрды. Тез арада «кадровая армияға» алындың. Қол шалғы мен қара соқадан жауыр болған қолың мылтық ұстады. Бүкіл жер шарын шарпыған дүниежүзілік соғыс басталды. Алдың фин соғысына қатысып та үлгердің. Болмаса, Бессарабияны, Батыс Украинаны, Балтық елдерін алдың. Орысшаң шамалы болса да, ұлтыңның бойындағы сұңғылалық пен еңбекқорлық, батылдық пен адалдықтың арқасында бәрін үйрендің және жеңдің.

Осы соғыстың «ер етігімен су кешкен» қиын да қанқұйлы күндері мен жылдары басталды. Сонда Брест қорғанында кеудеңді оққа тосып, шекараларда жанқиярлықпен жауға қарсы тұрған да сенсің, Солдат! Көкірегің қан жылап, шегіністің ащы зары мен азабын да арқалаған сен едің ғой, Солдат! Бәрі де болды, бәрін де көрдің, барлығына да төзген де, сен едің ғой, Солдат! «Жеңімпаз Қызыл Армия» Мәскеу түбіне дейін шегінгенде, одан жауды қуып Берлинге дейін жеткенде, Еуропаның сен басып өткен жерінде қаншама сорғалаған терің, тамшылаған қаның, көмілмеген дене мүшелерің қалды екен, Солдат?!

Ф.Достоевский айтқандай, «кез келген соғыстың құны жас баланың көзінен тамған бір тамшы жасқа тұрмайтынының» куәсі де сенсің, Солдат! Қазір кейбір керауыздар: «Ол соғыстың қазаққа түк қатысы жоқ еді. Босқа қырылды. Қайта Германия жаулап алғанда, қазақтар тәуелсіздікті ертерек алатын еді», – деген қисын ойлап тауып жүр. Бұл Ер Түріктің ұрпағы – қазақ деген ұлттың азаматы ретінде сынға түскен шақтардағы сенің барлық ерлігіңді, әрі-беріден соң тарихи шындықты жоққа шығару екеніне күйінбеске шара жоқ!

Айта берсін, «ит үреді, керуен көшеді». Ең бастысы, сен барша адамзат баласына қауіп төндірген фашизмді жеңдің, Солдат! Ұлтыңның рухын асқақтатып, бірінші болып Рейхстагқа ту тіккен де сенсің, Қазақ Солдаты! Сұрапыл майданнан он екі мүшеңнің бірін беріп, бірің шолақ, бірің ақсақ болып жарымжан күйде оралғаныңда, соғыс зардабынан қайғыдан қан жұтқан елге де тірек болған сен едің ғой, Солдат! Жетім-жесірге қорған болған да, олардың әлжуаз иығына майдан түсірген салмақты жеңілдетуге келе салып арқаңды тосқан да сен едің ғой, Солдат! «Тірідей көрге түспейміз» деп шахтадағы «трудармияға» барудан бас тартқан шал-шауқанды, ФЗО-ның азабына шыдамай қашып келген ауылдың жас өркенін қорғаймын деп тағы да сын тезіне түскен де сенсің, Солдат! НКВД-ның әпербақан милициясы мен ақылынан айғайы көп бастықтың «жауды жасырып отырсың, давай, партбилетті столға қой» деп сен майданда, шабуылға шығар алдында алған құжатыңа жармасқанында да ыққан жоқсың. Сонда «Партбилетті сен берген жоқсың, ендеше сен ала алмайсың!» деп қасқая қарсы тұрған да сенсің, Солдат!

Маршал К.Рокоссовский Мәскеуді қорғау туралы түсірілген бір фильмде қазақ жауынгерін «қорқақ, дезертир» бейнесінде көрсетілгені үшін киноны шығартпай, қойылымға жібертпей тастаған. «Москваны қорғаған әр үш солдаттың біреуі – азиаттық, көбі – Қазақстаннан. Ендеше, олардың ұлттық намысына тиюге кім право берді сендерге?! Москвадағы «Белгісіз солдаттың» мүрдесі Крюководан әкелінген. Онда Қазақстанда жасақталған 316-дивизия соғысты. Белгісіз солдат солардың жерлесі болуы да әбден мүмкін» дегенді кесіп тұрып айтқан екен. Осындай «самородный сары алтынға» сатып ала алмайтын бағаны алып берген де сенсің, Солдат! Қазақ деген батыр халықтың ұлы екеніңе кір келтірмедің. «Жаным – арымның садағасы» деген ұлтыңның ұлағатын жоғары ұстадың, намысты қолдан бермедің. Менің туған жерімдегі сол кездегі «Ұлы Октябрь» колхозынан қан майданға аттанған 37 боздақтан 17-ің ғана оралыпсың. Көбің шаһит кеттің, тағзым етер молаң да қайда екені белгісіз. Алайда, сен кешегі Советтер Одағы деп аталған алып мемлекеттің әр ұлтының жауынгерімен қарулас қана болып қоймай, бауырлас та бола білдің. Сондықтан да, бауырластар бейітінде құшақтасып бірге жатырсың. Боздақтар тізімінде есімдерің де қатар тұр. Себебі, сен өз тағдырластарыңа, қаруластарыңа опасыздық жасаған жоқсың. Сол арқылы Отаныңды сатпаған да сенсің, Қазақ Солдаты!

«Қырық жыл қырған болса да, ажалды өледі» дейді халық. Сұрапыл соғыс, қанды майданнан жаралы да жарымжан болып оралған соң, оны еске алудың өзі бір қиямет-қайым екенін екінің бірі біле ме, шіркін?! Сонда, сен қазақи мақтанды қалқан етіп, «Маршал Жуковтың қолыңды алып, алғыс жариялап құттықтағанын, Сталиннің өзі орден тапсырғанын» айтып, нанымды-нанымсыз әзіл-оспаққа салатынсың. Кейінде соғыс жайын қызық көріп тыңдағысы келгендерге, «Тәйірі, қан төгіп, адам өлтірген де мақтан болып па?» деп қыжыртатын да сен едің ғой, Солдат! Жалған айтуға жаның қас болған соң, тоталитарлық жүйенің әміршілдік құқайын бастан өткізген де, әділетсіздік атаулыға шамаң келгенше қарсы тұрып шыдаған да сенсің, Солдат! Себебі, әрдайым «тәубең» аузыңнан түскен жоқ. Сондықтан да, кемі он баланы өсіріп-тәрбиелеп отырғаныңа Алладан медет сұрап, «шүкіршілік» тілеуден бір танған жоқсың. Өйткені, қаңғыған оқ пен жарықшақтың бірінен опат болып кетпегеніңе тәубе еттің, туған жерден топырақ бұйырмай, қыршынынан қиылған қаншама боздақтың артта қалған аманаты екеніңді есте ұстай отырып ғұмыр кештің.

Алаш көсемі Әлихандай тұлға бастаған Алашорда идеясымен суарылған күрескерлер шыққан аймақтардың дені «ұлтшылдықтың ұясы» атанып, саяси сенімсіздіктің қатаң қадағалауынан да қажығансыңдар. «Ұрпағыма зияны тиіп кетер» деп, сол кезде ашып айта алмаған қаншама ащы шындықты да өздеріңмен бірге ала кеткендерің де ақиқат. Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялаған жылы барша ел бірбірінен сүйінші сұрасып жатқанда, қуаныштан сақалдарың селкілдеп жылағандарыңды да көзіміз көрді. Сонда «ақсарбас» айтып, қой сойып тойлап, егемендігіміздің қайырлы болуына бата жасап, Көк Тәңірден тілек сұраған да сен едің ғой, кәрі Солдат!

Міне, сол «күндей күркіреп өткен соғыстың» аяқталғанына да 75 жыл өтіпті. Бүгінде мектепте кездесу өткізуге шақыруға көзі тірілерің де санаулы қалды. Бәріңнің де оқтың ізі бар көкіректеріңде бір ғана тілек болды. Ол – «Енді соғыс болмаса екен!» деген бүкіл адамзаттық гуманизмге ортақ арман еді. Бірақ, сен кешкен сол соғыс та, Ұлы Жеңіс те ХХ ғасырда қалды. Сендер де сол ғасырда қалдыңдар!

Жаңа ХХІ ғасырда кеше сен қорғаған Советтер Одағына қараған ұлт республикаларының бірталайы сен сыйлаған ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 75 жылдығын тойлауға дайындық үстінде. Ал, сендер, ілуде бірің болмаса, оны көрмейсіңдер. Бірақ, сендер, бәрібір тірісіңдер! Себебі, Ұлы Жеңістің тойлануы сенің жанқиярлық ерлігіңнің арқасыңда ғана жүзеге асты. Сондықтан да, ЕРЛІГІҢ, ҒҰМЫРЫҢ, ТҰЛҒАҢ – жас ұрпақ үшін ТАУ МҮСІН!

Мың тағзым саған, СОЛДАТ!

Жандос СМАҒҰЛ,

филология ғылымдарының докторы,

 профессор.

Басқа материалдар

Back to top button