Жаңалықтар

Семей сапары (деректі әңгіме)

Жаздың орта тұсы. Қос ат жеккен жеңіл арба көк майса шалғынның ортасындағы жолмен келе жатыр. Арқаның шөбі шүйгін, мәуелі белдері әлі де сол қалпында. Енді осыдан кейін ғана қоңырқай тартып, қырат-қырат қана ептеп сарғая бастайды. Әйтпесе, өзек-өзектің шөбі әлі сол қалпы, жап-жасыл күйінде.

Ат тұяғынан жасқанып, шырылдап ұшқан шегіртке әудем жерге барып қайтадан қонады. Шөптің арасынан әр түрлі дыбыстар естіледі. Кейде бөдененің «бытпылдығы» құлаққа шалынады. Әйтеуір қырдағы даланың өзіне тән «күйі» бір тоқтар емес. Аспанда бір түйір бұлт жоқ, кәдімгі Сарыарқаның мамыражай сары даласы. Арбаға пар жегілген қос торы ауыздығымен алысады. Мыйлыбұлақтан шыққаннан сар желістен айныған жоқ. Жеңіл арба үстінде екі адам. Бірі көшір болып келе жатқан жасөспірім жігіт Таңаттың Разағы еді де, екіншісі Петербордан оқып келген, елге танымал Жақып болатын. Иә, Берікқараның болысы Ақбайдың Ыбырайының інісі – Жақып. Бұдан бұрын әкесі Жандеркенің Ақбайы болыс болып еді, былтырдан бері ол орынға ағасы Ыбырай жайғасқан.

Жарастың Киікбайынан – Едіге, Естемес, Есқұлы, Құдабай, Байғұлы, Қисықаяқ, Балат – жеті ұл тараған. Сол жетеудің бірі Құдабайдан – Жандерке, Жұман, Жұмабай, Жұмағұл туған. Жандеркеден Нұралы, Қызылбай, Ақбай, Сырлыбай туады, Ақбайдан – Жақып туса, Жұманнан – Таңат, одан Разақ туады. Міне, сол немере інісі енді ат-арбамен Семейге апармақ. Осыдан бір-екі айдай бұрын шамасында Керекуге де апарып салған. Кеше түстен кейін Разақтың әкесі ұлына ертең жол жүретіндігін, сапардың ұзақ болатындығын ескерткен. Бірден біле қойды – Жақып мырза ауылда қонақта болатын. «Е-е, Жақкем бір жерге апаруды өтінген болар» деп ойлады. Сол ойы тұп-тура болып шықты.

– Қайда жол тартамыз, әке?

– Жақкеңді Семейге апарасың…

– О-о, жақсы болды ғой. Бір қыдырып қайтатын болдым.

– Өзіңнің де баруға құштар болатыныңды сезгенмін. Жақсылап дайындал. Таза киімдеріңді ки, үстің мұнтаздай болсын. Жақкең кір киіммен жүргенді ұнатпайтынын білесің ғой. Ат-әбзелдеріңнің де дұрысын таңда. Қанша айтқанмен де алыс жер. Қос торыны жек. Екеуін парласаң жақсы жүреді, – деп жолға дайындықтың қамына кірісу керектігін түсіндірген. Жақыптың әкесі Таңаттан төрт-бес жастай кішілігі бар. Соған қарамастан «Жақаң», «Жақкең» дейді, одан кішілер болса «Жақкем» деп өзіне бауыр тарта сөйлейді. Бұл Жақаңды бүкіл ауылдың, бүкіл Құдабай ұрпағының сыйлап, құрмет тұтатындығын көрсетеді. Әсіресе, балалар жақсы көреді. Өйткені, Жақаң ауылға әр келген сайын үлкендермен амандасып, жағдай сұрап, кішілерінің сәлемін алып, бетінен сүйіп жататын. Алдынан шыққан балаға қалтасынан кәмпит-мәмпәси алып беретін. Тіпті болмаса, ақша, тиын-тебен ұстататын. Қыз балаларға айна, тарақ сыйлайды. Әйтеуір келген сайын бүкіл ауылды бір риза етіп кетеді. Алдынан шығып сәлем берген Разаққа да сан рет қалтасынан тиын алып ұсынған. Ауыл баласы ондайға әбден үйренген, «алмаймын» деп айтпайды. Мұның қолын алып тұрып:

– Оқу қалай, Разақ? – деп сұрайды.

– Жақсы, – дейді бұл. Жақаң болса, оның жауабына Алаш арысы Жақып Ақбаевтың туғанына – 145 жыл (Деректі әңгіме) риза болып қалады.

– Дұрыс, жақсы оқу керек. Ендігі ұрпаққа оқымаса болмайды…

Бұлай сұрауының да өз жөні бар. Анау жылы келгенде қолынан жетектеп бірінші класқа алып барған. Оған да жеті-сегіз жыл өтіп кетті. Содан бері атын да ұмытпапты. Ол кезде Қарқаралы уезіне 22 болыс қарады. Солардың бесеуінде ғана мектеп болған екен. Оның өзінде де бастауыш кластар. Ондағы мектептердің ашылуына Жақып Ақбайұлының сіңірген еңбегі зор екенін Разақ жақсы біледі. Солардың бірінде белгілі революционер Әбжан Медеубаев деген кісі мұғалім болды. Сол кісіні Жақаң жақсы таниды екен. Кезінде қатар жүрген, талай ауыртпалықты бірге көтерген, көпті көрген сауатты адам. Разақ бірінші рет мектепке барып, сол Әбжанның алдынан хат таныды. Сол кездерде «Сарыарқа» газетін алдырып оқыған, оған қоса шәкірттерін де газет оқуға баулыған. Өте білімді, әділ адам болған. Әттең, ол кісі ұзақ өмір сүре алмайды. Қызылжардан шығып, Қытайға қашып бара жатқан бүлікшілер жолшыбай Қарқаралыға соғып, сонда Совдеп мүшелерін түгел айуандықпен қырып тастағанда солардың арасынан Әбжан Медеубаевтың да мүрдесі табылыпты… Таңертең шыққаннан Жақыптың ауызы тыным тапқан жоқ. Әңгімеден әңгімеге ауысып, айтады да отырады. Кейде өзінің байырғы әдетімен оң қолының сұқ саусағының сырт жағымен мұрынын қағып жіберіп, ауылдың жағдайын, ел арасындағы әңгімелерді сұрап қояды. Ондай сұрақтарға өзінің білгенінше жауап қатып, естіп-білгендерін айтып береді.

– Міне азамат болды деген осы. Маған атқосшы болуға да жарадың. Амандық болса, сонау үлкен қалалардағы оқуға да барасың… Бұл сөздерге Разақтың жаны семіріп, марқая түседі. Ағасының қамқорлығына риза болады. Алыстағы тауларға көз салады. Негізі Семей мен Қарқаралы арасында бұрын әкесіне еріп жүргені бар. Бұл жақтың жолы онша жақсы емес. Жолдың бойын қалың шөп басып кеткен. Негізі ауыл адамдары таудың баурайындағы қау шөптерді болмаса, жолдың жиегін аса көп шаба бермейді. Бағанағыдай емес, күн көтеріле шегірткенің шырылы, ауаға ілініп қалған сияқты бір орында тұрып алып, безектеген бозторғайдың шырылы жиі естілетін болды. Бір кезде аспанға қырғи көтеріліп еді, «ілініп» тұрған бозторғай жып-жылдам төмендей ұша жөнелді. Енді қайтсін, оған да жан сақтау керек. Әйтпесе, қалықтап тұрған торғайды қырғидың қас пен көздің арасында қағып әкетуі ғажап емес. Бұл көріністі Жақып та байқап отыр екен.

– Негізі, табиғаттың өз тепе-теңдігі болады. Жаратылыста артық нәрсе болмайды. Бәрі өзінің тиісті орнында, тиісті міндетін атқарады. Жан-жануардың барлығы да өзінің өмір сүру дағдысына орай икемді әрекет жасайды. Оны бірақ саналы түрде емес, табиғат бойына сіңірген сезім, түйсік арқылы жүзеге асырады, – дей келіп, жаратылыстану ғылымына біраз бойлап, соған қатысты бірталай әңгіме қозғады.

Бұл әңгіме заңгер ағасының тек заң саласын ғана емес, жалпы табиғат, жаратылыс, қоғамдық орта сияқты ғылымдардан да мол хабардар екендігін көрсетіп еді. Сол сияқты басқа да тақырыптарға көптеген әңгімелердің кілтін ашты. Сол кезде Разақтың бір байқағаны Жақкең әңгімені әсерленіп, майын тамыза айтуды ұнатады екен. Әңгімесіндегі кейіпкерлерінің мінезін, жүріс-тұрысын, тіпті, сөзінің екпініне, сөйлеу мәнеріне дейін келтіруге тырысатындығы айтып отырған оқиғасын одан сайын нәшіне келтіре түседі. Сол жолғы бір айтқаны Разақтың өмір бойы есінде қалыпты.

– Мен Петерборда оқып жүргенде көп ауырдым. Біз осы Сарыарқаның құрғақ саф ауасына әбден үйреніп алғанбыз ғой. Ол жақтың ауасы дымқыл, қысы суық болып келеді. Дымқыл ауа аяз болған кезде денеңді қалтырата түседі. Ондай ауа райы өкпеге қатты әсер етеді екен. Соның салдарынан жиі науқастанатын болдым. Ауруханаларында көп жаттым, – деп бастаған келесі бір әңгімесін.

– Сол кезде жанымдағы жолдастарым ауруханаға жиі келіп тұрды. Сабақтарыма көмектесті. Берген тапсырмаларды әкеліп, дәрістерді тастап кетіп жүрді. Мен оларды өзіме көшіріп жазып алып, сабаққа дайындалатын едім. Содан бір күні арасында орысы, қазағы бар достарым келіп, бәріміз бөлмеде мәре-сәре болып отырғанбыз. Әдетімізше, әлдене тақырыпты қызу талқылап кеттік. Менің дауысым басқалардан гөрі қаттырақ шығып кеткен болуы керек. Біздің палатада менменсіген біреу емделіп жатқан. Оның генерал екенін, Ресей патшасына қызмет еткенін алдында естіген болатынмын. Сол тұрып: – Ей, киргиз, сен неменеңе жетісесің? Жан-жағыңа қара, шаңыраққа қара, әуелі бағдарлап алып, содан кейін барып еркінсімейсің бе? – деп маған қарап жекігені бар ғой. Жыным мұндай келмес! Қылыштың жүзінен өтетіндей, қылпып тұрған кезім ғой. «Ә» десе, «мә» дейтін шағым. Оның үстіне, Петербордағы астыртын ұйымдарда сөз таластырып үйреніп қалғанбыз. Мына топас генералдың сөзі сүйегімнен өтіп, мені «киргиз» деп кемсітіп қана қоймай, өзінің шовинистік мінезін көрсеткені жаныма батып кетті де:

– Мәртебелі генерал мырза, мүмкін кешірім сұрарсыз! Менің ғана емес, сіздің де байқап сөйлеуіңізді өтінемін. Бұл жерде бәріміз тең адамдармыз. Біздің бәріміз де науқаспыз. Сіздің шеніңіз бен погоныңыз қызмет орныңызда ғана жүреді. Сіз бен біз қазір тең құқылымыз. Тіліңізді тартыңқырап сөйлегеніңіз дұрыс шығар. Негізі сізге сол тиімді болады. Өйткені, біз сізге тиіскен жоқпыз. Біз ылғи жігерлі жас жігіттерміз. Оның үстіне біздің арамызда азиат-киргиздармен бірге еуропалық христиандар да бар, – деп едім, менен ондай қарсылық мінез күтпеген анау көзі ежірейіп барып, ашуға булығып:

– Мен сені табан астында атып тастаймын. Сен сияқтылардың құнын ешкім сұрамайды! – деп мықтылығын көрсетіп, таяп келе жатыр еді:

– Иә, атыңыз генерал мырза. Тура мына жерімнен көздеп атыңыз, – деп оған менің де ыза болғаным сондай, екі аяғымның арасындағы ұятты жерімді көрсеттім. Таяп келе жатқан генерал аузына сөз түспей, тұрып қалды да, ызадан көзі ежірейіп, не айтарын білмей, кейін бұрылды. Менің жанымдағы жолдастарымның барлығы ішек-сілесі қатқанша күліп жатыр. Міне, осындай бір оқиға болған.., – деп қояды Жақаң. Содан соң қайтадан тіктеліп алып:

– Сол сәтте өзім де ашуға булығып, оған қалай қарсы шыққанымды білмей қалдым. «Азар болса, атып тастар. Халқымызда «Шалқайғанға – шалқай, ол Құдайдың ұлы емес, еңкейгенге – еңкей, ол әкеңнің құлы емес» деген сөз бар ғой. Генерал болса қайтейін! Оның бетін қайтарып тастағаным дұрыс болды. Негізі, Разақ шырағым, бетті болған дұрыс, – деп жымия қарады.

Жақаңның осы айтқан сөзі өсиет ретінде Разақтың есінде өмір бойы қалып қойды. Сол сөзді қағида ретінде ұстауға тырысты. Ауылдан шыққаннан сар желіспен отырып, Кент тауы көзге шалынған кезде түс әлеті болып қалған еді. Әкесінің: «Балам, аттарды уақытымен шалдырып отыр. Әйтпесе, болдырып қалады», – дегені есіне түсіп:

– Аттарды бір отқа қойып алғанымыз дұрыс болар, – деп ағасына қараған. Бұл ұсынысты Жақаң да қостады. Үнемі жол үстінде жүретін адам ғой:

– Өзім де соны айтайын деп келе жатыр едім, – деп қойды. Аттарды аяңдатып келіп, бір бұлақтың сағасына тоқтаған. Негізі аттарды суаруға, өздерінің де ауыздарын шайып, су ішуіне ыңғайлы болуы үшін осындай сағалардың жанына аялдаған жақсы. Бұлақтың басы болса, тіпті дұрыс. Қос торы сар желістен танбаған еді. Арқалары терлеп, бауырлары бусана бастапты. Аттың жайын жақсы білетін Разақ оларды әуелі жегінінен босатқан соң басын көтеріңкіреп, арбаға әкеліп байлады. Жол жүріп келген атты бірден отқа қоюға болмайды, әуелі суығаны дұрыс. Бір он-он бес минуттай уақыт өткен соң ғана әуелі суарып алады. Содан соң ғана жайылуға арқандайды. Алыс жолға жүргенде аттарын арқандап қоюды әдетке айналдырған. Қанша дегенмен де, малдың аты – мал. Кенет бір нәрседен секем алып, ұстатпай әуре қылуы да мүмкін. Аттарын отқа қойып болған соң, қалың кигіз қапшықтың ішінен торсықшаға құйылған қымыз бен бауырсақтарды алып шығып, шағын шүберек дастарханды жайды. Мұндай жолға жүрек жалғар бірдеңе ала шығуды Разақ әкесінен үйренген. Оларын дастарханға салған кезде Жақып та:

– Разкен, менің жеңгем де бірдеңе орап жатқан, – деп өзі барып, арбаның артына таңылған жүгінің ішінен шүберекке оралған бірдеңе алып келді. Орауды жазған кезде семіз жылқының сап-сары болып сүрленген қазысы шықты. Ұзындығы екі қарысқа жуық. Жанында кеше ғана сойылған қойдың жас еті – бел омыртқасымен қосып салыпты. Көрген адамның сілекейін шұбыртатын-ақ тағамдар. Разақ өткір бәкісімен етті әдемілеп, жұқалап турауға кіріскен еді.

– Е, бәсе, етті осылай турар болар. Өткен жолғыдай емес, – деп қойды Жақкең інісіне риза болған сыңай танытып. Өткен жолы Кереку сапарында ағасына ет турап беремін деп ұятқа қалғаны бар. Етті ала салып, турай бастап еді, Жақкең:

– Шырақ, етті жұқалап турар болар, – деді де, Разақтың қолындағы бәкіні алып, өзі турады. Қолы-қолына жұқпайды, кәдімгі кәнігі тураушылар сияқты, жұп-жұқа етіп турап шықты. Бұлай туралған етті жеудің өзі бір рахат екен. Ауылда қалай болса солай турай салады ғой, тамақты жеуге асыққан қазақ.

– Жұқалап туралған ет жақсы желінеді және жақсы қорытылады, – деп қойды. Сол оқиға ойына түскен Разақ барынша жапырақтап турауға тырысқан еді. Жүректерін жалғап, ат шалдырып болған соң қайтадан жолға шыққанда Жақкесі інісін көшірдің орнынан, өзінің жанына отырғызып алды. Шынында да осылай қатар отырғанда әңгімелесуге ыңғайлы екен. Сол жолы Разақ Жақаңды Семейге жеткізіп салған соң іле-шала ауылға қайтты. Асыққан жоқ, жолшыбай әр жерде арбасын доғарып, аттарын шалдырып отырды. Әйтпесе, ұзақ жолда ұдайы жүру жануарларға обал ғой. Сондай сәттерде арбаның үстінде жатып алып, сонау түпсіз көк аспанға тесіле қарайды да, Жақаңның айтқан әңгімелерін есіне алып, зерделей түседі. Сондай сәттердің бірінде ағасының Ресей думасы туралы айтқан әңгімесі есіне түсті.

– Разақ, – деген Жақкең інісінің бетіне тесіле қарап.

– Қазір бәрі оқуда қалды. Оқуды жалғастыруың керек. Біздің Қыр елінен шыққан, оқыған азаматтар көбейіп келеді. Егер, біздер табандылық танытып, өзіміздің құқығымызды өзіміз қорғай білмесек, ертеңгі күні ағылып келіп жатқан анау қарашекпендердің аяғының астында қаламыз. Сол кезде орыс казактарының қамшысы арқамызда ойнайтын болады. Қазіргі оқыған қазақтардың барлығы осының жолын кесу жағын ойластырып жатыр…

Мұны айтқан кезде Жақкеңнің қабағы қатуланып, әлдеқандай жігер пайда болып, көзінен ұшқын шашты. Әдеттегісінше, оң қолының саусақтарының сыртымен мұрынын екі-үш рет қағып-қағып жіберді. Разақ болса, ағасы тағы не айтар екен деген үмітпен оның аузына тесіліп қарап қалыпты.

– Делбеңді қағыңқырап қой, аттарың аяғын ширағырақ бассын, – деп қояды ағасы. Шынында да, Разақ ағасының әңгімесіне құлақ түремін деп, пар жеккен аттың делбесін қағуды да ұмытып кеткен екен.

– Шу, жануар! – деп делбесін қағып қояды да, қайтадан ағасына қарайды. Ағасы болса, әңгімесін әрі қарай жалғайды.

– Біз Ресей империясына тәуелдіміз. Осыдан екі жүз жылдан астам уақыт бұрын Абылай ханның Ресейдің қатын патшасынан мәуліт сұрап, қол астына кіргеннен бастап, қыр қазақтарының жағдайы жақсы болған жоқ.., – деп біраз ойланып алды да, патшалық Ресейдің қазақ еліне қалай кіргенін, өздеріне басқаруға ыңғайлы болуы үшін бұрынғы хандық жүйені жойып, оның орнына аға сұлтандық басқаруды енгізгенін жігерлене отырып, ішінде буырқанып қайнап жатқан шерін шығарған сыңайда әңгімелеген еді.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Мәдениет қайраткері.

Басқа материалдар

Back to top button