Спорт

Селт еткізген сенсациялық жеңіс

Солтүстік Ирландияның Белфаст қаласында өткен футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу аясындағы кездесуде Қазақстанның құрама командасы Солтүстік Ирландиямен ойнады. Солтүстік Ирландия құрамасымен ойын нәтижесі Қазақстанның жеңісімен аяқталды. Бұл Қазақстанның футбол тарихындағы ең маңызды жеңіс болды. Ойынның 88-минутында матч бойына соғылған жалғыз голдың авторы қазақстандық футболшы Абат Айымбетов еді.

Расында бұл тарихи сәт болды. Кездесу аяқталуға санаулы минуттар қалғанда алаңға шыққан Абат Айымбетов допты қарсыластар алаңында қабылдап, Солтүстік Ирландия құрамасының қорғаушыларын айналып өтіп, қақпашы Бэйли Пикок-Фаррелді қапы қалдырды. Осылайша тарихи гол қарсыластар қақпасына сүңгіді.

– Барша жанкүйерлерді жеңіспен құттықтаймын. Бұл жарыс әр қазақстандықты жақсы эмоцияға жетелейді деген ойдамын. Жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымын. Соңғы минутта үш ұпай олжалап кетуге мүмкіндік туды. Құрамамыз жақсы ойнады. Жеңіс голын соғу – жалғыз менің еңбегім емес. Ұлттық құрама жейдесін киген жігіттердің барлығы бір отбасы секілді. Біз ойынның қиын болатынын алдын ала білдік. Соған қарамастан қарсыласқа тойтарыс беріп, жеңіс жолында тер төгілді. Мұндай үлкен ойында ұпай олжалау оңайға соққан жоқ. Ең маңызды деген үш ұпаймен елге оралу – біз үшін үлкен мәртебе. Маңызды кездесуде гол салу бақыты бұйырғанына қуаныштымын. Жалпы, ойында әртүрлі гол болады. Негізінде оны әдемі гол немесе басқаша деп бөліп қарауға негіз жоқ. Сол сәтте өзім қарсыластар қақпасын дәл көздей алғанымды мақтан тұтамын. Бапкер маған ойынға қатысты жоспарын айтқан еді. Жоспарымыз жүзеге асты. Әзірге қайталау сәтін көрген жоқпын. Десе де барлығы әдемі гол салғанымды айтып мақтап жатыр. Бұл менің емес, Қазақстан құрамасының емес, Қазақ елінің жеңісі, – деді Абат Айымбетов.

Шабуылшы ұлттық құрама жейдесіндегі 29 ойында сегізінші голын соқты. Ол бұған дейінгі ойындарында Әзербайжан мен Беларусь, Біріккен Араб әмірлігі, Дания, Литва құрамаларын қапы қалдырды.

Абат Айымбетов 1995 жылы 7 тамызда Қызылорда облысы Арал ауданында дүниеге келген. Қазірге дейін қазақстандық «Ақтөбе», «Қайрат», «Астана» клубтарында ойын көрсетіп келеді.

Жалпы, Еуро-2024 іріктеу кезеңінде үш ойын өткізген Қазақстан құрамасының қоржынында бұдан бұрын алты ұпай болатын. Магомед Адиевтің ойыншылары турнирдегі алғашқы кездесулерін сәтсіз бастады. Олар Словениядан 1:2 есебімен ұтылды. Десек те, араға уақыт салып сенсациялы түрде Дания құрамасын 3:2 есебімен тізе бүктіріп қайта бас көтерді. Ал, Сан-Марино құрамасының қақпасына үш гол салып таза жеңіске жетті. Солтүстік Ирландияға келер болсақ, олардың үш ойыннан кейін үш ұпайы бар. Солтүстік ирландиялықтар да Сан-Мариноны 2:0 есебімен жеңген болатын. Алайда, олар Финляндия мен Дания құрамасына есе жіберіп алды.

Төрт турдың қорытындысы бойынша ұлттық құрама тоғыз ұпай жинады. Солтүстік Ирландияның үш ұпайы бар.

Қазақстан құрамасы келесі кездесуін 7 қыркүйекте тоғыз ұпай жинаған Финляндия құрамасымен өткізеді.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button