Басты тақырыпРуханият

Селт еткізер сезімді…

    Бүгінгі ғашықтар сезімдерін виртуалды әлемге жариялаумен шектеледі. Жастар жүректі тебіренткен сол сезімді сөзбен жеткізуден көрі, бағалы сыйлықпен дәлелдеген абзалырақ дейді. Қазақ жастары ертеректе бір-біріне сезімдерін қалай білдірген? Ғашықтық сезімнің көбі – ақ пен қара теңеліп, жаңа таңды той-думанмен қарсы алар Ұлыстың ұлы күнінде айтылған. Бұл күні бойжеткен серісіне «ұйқыашар» әзірлеп, бозбала «селтеткізер» сыйын дайындайды. Тарих беттері осындай дәстүрлер арқылы Төлеген – Жібегімен, Ақан сері – Ақтоқтысымен, Біржан – Ләйлісімен, Абай – Әйгерімімен табысқан деседі. «Дәстүрдің озығы, тозығы бар» десек те, жастар жарастығының алтын қазығындай болған осы дәстүрлер қазір сақталған ба? Бұған ел не дейді?

Жастар жағы Наурыз мейрамын түні бойы алтыбақан аясында ауылдың алты ауызын айтып көңілді өткізген. Мейрамда жігіттер жағы ақылына көркі сай, иба-инабаттылығына тәнті болған қыздарға сезімдерін білдіруге асыққан. Ал, қыздар осындай мерекеде шаршауды ойламаған жігітке «Ұйқыңды аш» деген сылтаумен ең тәтті-дәмді тағамнан «Ұйқыашар» әзірлеген. Жігіттер де ұнатқанына «селт еткізер» деген ниетпен алқа-сырға, шолпы-шашбау сыйлаған.

Дәкен ҮСЕНБЕКҚЫЗЫ, «Алтын алқа» иегері:

Кезінде «ұйқыашарды» ет, тәтті уыз секілді дәмді тағамдардан жасайтын едік. Сондай-ақ, соғымның соңғы етін уызға салып ұлттық тағамдардың басқа да түрлерін қолдандық. Әркім өз шеберлігіне қарай, мысалы жылқының майы мен құйрық-бауырын араластырып та ұйқыашар ұсынғандар болған. Қыздар сәл қулыққа салып жігіттерге ұйқыашарға бұлақтың таза суын ұсынған. Кейде тостағанға қымыз құйып әкелген екен. Қазір бұл дәстүрлерді жиі көрмейміз. Бірақ, немерелеріме айтып отырамын. Наурыз ұлттық мереке ғой, келешек ұрпақ үшін осы дәстүрді жаңғыртсақ дұрыс болар еді.

Ерден ШОРМАНОВ, Қарағанды құю-машина жасау зауытының бас энергетигі:

Наурыз тойы ауылда жақсы тойланады. Ауылға барсақ, наурыз көже ішіп, елдегі ағайындармен арқа-жарқа болып қаламыз. Жастар жағы түні бойы алтыбақан теуіп, үлкендері жоқ үйге жиналып, бастаңғы жасап, ақ дастарқанда ән айтамыз. Мереке күнін сылтау еткен жас жігіттер ұнатқан қыздарына сөз салып, болашақ жарын табуға асығады. Осы сәттерде оларды «ұйқыашардың» уыз дәмі оятып, «селтеткізер» сезімге бөлейді. Ал, қалада анама, әпке-қарындасыма сыйлық жасаймын. Енді, бұл «селтеткізерге» саналмағанмен, риясыз көңілдің, ерекше ықыластың белгісі деп ойлаймын.

Айдана БАЛЫҚБАЕВА, Ə.Мусин атындағы Балқаш педагогикалық колледжінің І курс студенті:

«Ұйқыашар» – қыздар мен жігіттер ұйқы ашу үшін ойнайтын ойын деп ойлайтынмын. Сөйтсем, салт бойынша наурыз тойы алдындағы түнде қыз, келіншектер жігіттер ұйықтап қалмасын деп жақсы тағамдардан «ұйқыашар» дайындайды екен. Ол – қыз, жігіттердің бір-біріне деген сезімі мен махаббатын арттыруға себепші. Дәстүрлер анықтамасын жатқа білемін. Бірақ, сыйлық алып көрмеппін.

Қанат ДОСҰЛЫ, ҚР Ұлттық Ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің басшысы:

Наурыздағы жастардың сыйлық беру дәстүрі туралы сізден естіп тұрмын. Негізі мерекеде нәзік жандылар қауымына раушан гүлін сыйлаған дұрыс, Бірақ, қазіргі қоғамда мұндай мереке күндері сыйлық дайындап, жастардың басын қосу үрей туғызады. Алдымен, мерекенің мәнін ұғындырмаса, жастар батыстың әдетіне салуы мүмкін. Мысалы, «Әулие Валентин күні» жөнінде бұқаралық ақпарат құралдары дер кезінде түсіндіру жұмыстарын жүргізбегенде тойлап жүрер ме едік? Енді «Валентиннің» кім екенін біліп, ауызға алмайтын болдық. Ал, замандастар арасында наурыздың бұл дәстүрін жаңғыртсақ тамаша болар еді.

Индира ӘСЕТОВА, Жезқазған қалалық №1 жалпы білім беретін орта мектептің мұғалімі:

Өткен жылы жұбайым мейрамда «селтеткізерге» ою-өрнекті, ұлттық нақыштағы құнды күміс әшекей сыйлады. Мен өзі көптен ұнатып жүрген сағат бердім. Мерекеде бір-бірімізге сый жасау дәстүрге айналған. Отбасымызбен наурыз көже дайындап, дастарқанды қазы-қартаға толтырамыз. Ұлт мерейін үстем етіп, өзгеден ерекшелеп тұратын мереке болғандықтан, бір-бірімізге ақжарма тілек айтамыз. Жаңа жылда Қыдыр ата таза үйге кірсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады деп сенеміз. Сондықтан, Тәңірдің қалауымен орындалатын мейрамды әулетімізбен ұлттық дәстүрге сай атап өтеміз.

Торғай АҚПАНБАЕВА, Білім беру ісінің ардагері:

Бұл дәстүрлерді тек мейрам келгенде неге еске аламыз? Мысалы, мемлекеттік мерекелерде осы дәстүрлерден сайыс ұйымдастыруға болады ғой. «Селтеткізерде» жігіттер қыздарға ұлттық нақыштағы сыйлық әзірлеуден сайысқа түссе, қыздар «ұйқыашарда» ұлттық тағамдар әзірлеуден жарысады. Сөйтіп, Наурызды һәм ұлттық дәстүрлерді насихаттаймыз.

Наурыз мерекесі қарсаңыңда жүргізілген сауалнама пікірлері сан алуан. Көбі – қазақ Жаңа жылын Тәңірге шексіз ырзалықпен, келешекке зор сеніммен қарсы алған дегенді меңзейді. Сондықтан, кей сәтте жаныңызда жүрген серігіңізге «селтеткізерге» жылы сөздер айту жеткілікті. Ал, сіз төл мерекеде үлкеннен бата алып, сүйікті жанға «ұйқыашар» дайындап, «селтеткізуді» ұмытқан жоқсыз ба?!

Аяулым СОВЕТ

сурет интернеттен алынды

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button