Жаңалықтар

Сауатты жазу – тіл мәдениетінің бір көрінісі

Ұлт ұстазы А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ өткен ғасырдың басында «Біздің заманымыз – жазу заманы. Сөздің жүйесін, қисынын келтіріп жаза білу керек», – деген екен. Яғни жазу қай кезеңде, адамзаттың бүгіні мен ертеңін жалғаушы алтын көпір ретінде игілікті қызмет атқарып келеді.

Ал жазуды белгіленген талапқа сай, жүйеге лайықты сауатты түрде игеру немесе жаза білу – білімділіктің бастауы десек, біздің ана тіліміздегі жазуымыз, яғни қазақ тілінде жазуымыз қазіргі таңда сын көтермейтіндей халге душар болып отыр.

Күнделікті тіршілікте жан-жағымызды түгендеп, бағамдайтын болсақ, ана тілінде таза, сауатты жазатын адамдар тобы азайып бара жатқанына куә боламыз. Оның басты себебі – ана тіліне деген немқұрайлылық болса, әрі қазіргі ғылым мен технология сағаттап дамыған кезеңде қажетті ақпаратты жылдам жеткізіп, ақпарат алмасуда сөздер мен сөз тіркестерін, тіпті ,сөйлемдерді де барынша ықшамдап қолданатын әрекетінде жатыр деп ойлаймыз. Яғни, ойымызды жазбаша түрде жылдам жеткіземіз деп жүріп, тіліміздің болашағына балта шауып жатқанымызды өзіміз де байқамаймыз. Бұл жерде тыныс белгілеріне қатысты қателікті айтудың өзі артық. Оған көзді жұма қарап, дұрыс қойылмаған пунктуациялық қатеге кешіріммен қарайтын жағдайға жет­ тік. Әрине, бұл – дұрыс емес.

Қазіргі кезде көпшілік өте қарқынды дамып келе жатқан әлеуметтік желі ішінде хат-хабар алмасу белсенділігін бір сәт болсын, төмендетпейтін жағдайға жетті. Соның ықпалынан сөз ішінде кей әріптерді тастап кету, белгілі бір буындарды «жұтып қою», сөз тіркестерін біріктіріп жазып жіберу, қосымшаларды қазақ тіліндегі сингармонизм заңына сай дұрыс жалғамау секілді толып жатқан қателікке жол беріп жатамыз. Сондай-ақ, қазақ тіліне тән төл сөздерімізде кездесетін дыбыстарды таңбалауда да әріптердің аражігіне мән бермейміз. Осы айтылғандардың салдарынан оқырманға түсініксіз сөздер тізбегі пайда болып, ой ауырлап, оларды қабылдау тіпті, қиындап кетеді.

Сондықтан, балабақша, мектеп қабырғасынан бастап қазақ тілінің емле ережелерін жетік меңгеріп, сауатты жазуға ден қою қажет. Сауатты жазуға қазақ тілі орфографиялық сөздіктерінің де қосар үлесі зор. Өйткені дұрыс немесе бұрыс жазып отырғанына күмәнданатын адам бірден орфографиялық сөздікке жүгініп, қатесін түзетіп отырады.

Алайда, осы 30 жылдың ішінде баспа бетіне жарық көрген орфографиялық сөздіктерге үңілер болсақ, бір сөздің әр жылы шыққан сөздікте әртүрлі жазылғанын көресіз. Мұндай ала-құлалық, жүйесіздік қарапайым адам тұрмақ, тіл мамандарының өздерін де кейде шатастырып жатады. Егер қазақ тілінде сауатты жазатын ұрпақ тәрбиелеп шығарамыз десек, мұндай сөздерді тым кешіктірмей, бірізге, тәртіпке, жүйеге түсіріп, нақты жазылу емлесін тайға таңба басқандай етіп көрсету керек.

Осы сауаттылық мәселесіне де біздің университетіміз оң қабақ танытып келеді. Мәселен, филология факультетінде сауаттылықты қалыптастыру мақсатында «Жазу тарихы», «Тіл мәдениеті», «Қазақ тілінің емле ережелері», «Латын негізді қазақ жазуы» секілді арнайы курстар оқытылады. Бұрындары барлық факультетте дерлік «Сөйлеу (тіл) мәдениеті» курсы оқытылатын еді, оқу бағдарламасына енгізілген өзгеріске байланысты қазір аталған курс оқытылмайтын болды. Сондықтан, жазған дүниесінде кейде салғырттықтан, кейде білместіктің салдарынан жіберілетін орфографиялық және стилистикалық қатені болдырмау үшін барлық факультетте «Сөйлеу (тіл) мәдениеті» курсын қайта жандандыру қажет.

Бектұрсын ҚАЛИЕВ, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты.

Басқа материалдар

Back to top button