«Сауатты «жазшиш»
Телефондағы «мазасыз уатсапқа» келген дүниелерге жұмыс аяғында көз жүгіртіп отырғанмын. Арасында елең еткізгені – «Сауатты «жазшиш» деген тақырыптағы мақаланың сілтемесі. Шағын ғана дүние. Лезде-ақ оқып шықтым, ойланып қалдым. Көкейдегі «әттеңайдың» бірін дөп басыпты. Үн қосайық…
«Сөз қадірін білмеген – өз қадірін білмейді». Халық даналығы, терең ойдың «балталаса бұзылмайтын» тоқетері ғой. Ал, қазіргі көпшілік шұрайлы тіліміздің шырайын қашыруға неге әуес? Иә, көпшілік. Бірен-саран емес.
Үй мен жұмыстың арасына автобуспен қатынаймыз. Сонда қаракөз қарындастарымыз ұялы телефонмен сөйлесе қалса, «это, не ғой», «патамушта, білесің бе?», «знаешь, мен де солай ойлағам ғой» деген сияқты паразит тіркестерді жиі қолданғанын көзіміз көріп, құлағымыз шалып жүр. Не қазақша, не орысша емес. Тіліңізді тістейсіз де қоясыз…
Қайран тілдің теперіш көруі мұнымен шектелсін бе? Қоғамдық көлік болғасын, танысыңыз жолығады. Хал сұрасып, әңгімеге тартасыз. «Аняққа соққам, енді түгенге бара жатырқ» дейді. Анығында «ана жаққа соққанмын, енді түгенге бара жатырмыз деп айтылса керек-ті. Ол аз десеңіз, әлгіңіздің аялдамадан түсіп бара жатып, «звондап тұрсай», «уатсапқа жазшиш хотя бы» деп қоштасатыны бар ғой. Күлесіз бе, жылайсыз ба?
Осылай сөйлеп, ауызекі тілмен сорды ішкеннің егізін әлеуметтік желідегі «авторлардың» қатарынан да көптеп кездестіресіз. Грамматика, стилистикасын «жылы жауып» қойғанмен, әлгіндей оғаш сөздерден көз сүрінеді. Мысалы, күректей дипломы бар мамандардың да көпшілігі «ағымдағы жылы» деп жазады. Мұндай тіркесті әдеби шығарманың қайсынан кездестіріп едіңіз? «Биыл», «үстіміздегі жылы», «осы жылы» деп жазуға сол «сабаздар» қымсына ма, әлде бейхабар ма екен шынымен?
«Біздер», «қаладағы 7 көшелер», «балабақшадағы 12 балалар» деп жазылған қателіктермен де жиі ұшырасамыз. «Біз» деген түбір көпше түрге тиесілі, жалпылама ойды білдірмей ме? Демек, бұл ретте «дер» көптік жалғауының артық қолданылғаны. Сондай-ақ, тіл біліміндегі «қаладағы 7 көше», «балабақшадағы 12 бала» деп жазылуы тиіс деген заңдылық қайда қалды?
Осы ойға түрткі болған мақаланың авторы намысты қамшылауға тырысқан екен. «Сауатты жазу сауатты сөйлеуді қалыптастырады. Сауатты сөйлеу, әуезді де мәнерлі сөйлеу қашан да сәнді һәм құнды. Уақытты сылтауратамыз. Телефонда қазақ әріптерінің жоқтығын айтып ақталамыз… Өзіңізді сыйласаңыз, сөйлесіп отырған адамыңызды сыйласаңыз қатесіз жазуға тырысыңызшы. Білмесеңіз сұраңыз. Кітап оқыңыз» деп түйіпті ойын.
Расымен, ана тіліміздегі «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» (Абай) төл сөздердің қадірін қашырмайық, ағайын.
Сауатты жазайық, жақындарымызға да ой салайық…
Қуаныш АМАНҚҰЛ,
«Ortalyq Qazaqstan» газетінің Балқаш, Приозерск қалалары бойынша меншікті тілшісі.