Ресми

Сауапқа толы қасиетті ай

Қасиетті Рамазан айын мұсылман қауымы асыға күтеді. Ауыз бекітіп, жақсы ниет қылады. Ас-судан, артық сөзден тыйылып, рухани кемелдікке ұмтылады. Биыл Рамазан айы 23 наурызда басталып, алғашқы тарауих намазы 22 наурызда оқылады. Пітір садақаның мөлшері 2 келі ұнның орташа бағасына тең. Яғни, 535 теңге деп белгіленген. Бұл жөнінде ҚМДБ Қарағанды облысындағы өкіл имамы Естай Әбдіғали Әнет баба атындағы орталық мешітте өткен баспасөз мәслихатында кеңінен айтты.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімдегі «Бақара» сүресінің 185-аятында: «Рамазан айы – өмір сүрудің тура жолын ажыратып, айқын дәлелдермен көрсетіп берген қасиетті Құранның түсіріле бастаған айы. Осы айға аман жеткен әрбір адам ораза ұстасын…» депті. Демек, барынша ораза ұстау қажет.

Биыл ораза ұстау уақытының ұзақтығы – 29 күн. Қасиетті Қадір түні сәуірдің 17-нен 18-не қараған түні болады. Ал, 21 сәуір – Ораза Айт мерекесі тойланады. Мешіттердің маңында түрлі ұлттық ойындар мен ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылып, салауатты өмір салты насихатталмақ.

– Рамазан айы – атқарылған ізгі істер үшін еселеп сауап жазылатын Алланың рахымына бөленген уақыт. Облыс аумағындағы мешіттерде түрлі қайырымдылық акциялар өтеді. «Тегін такси» акциясын қайта жандандырамыз. Онда мешітке келген көлігі бар кісілер жол-жөнекей адамдарды ала кетіп, сауапқа кенеледі. Жанашыр жандарды ізгілік жолында қол ұшын беруге шақырамын. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, студенттерге, жалғызбасты аналар мен жетімдерге «Рамазан қоржыны» және «Ауызашар себеті» сынды ауызашарға қажетті себеттер таратуды жоспарлап қойдық. Қалыптасқан дәстүр бойынша, мешіттеріміздің асханасында ауқымды ауызашарлар ұйымдастырамыз. Бұдан бөлек, әр жұмада «Қайырымды жұма», «Жомарт жұма» қайырымдылық акцияларын да өткізу ниетіміз бар. Тағы бір айта кетерлігі, балалар үйі мен қарттар үйіне барып, оларға да ауызашарлар ұйымдастырамыз. Жылына бір келетін қасиетті айда әркім сауабы мол іс жасауға асығуы керек, – деп айрықша атап айтты Естай Айтуғанұлы.

Сонымен қатар, ай бойы облыс мешіттерінің имамдары әлеуметтік желілер мен телеарналарда «Отыз күнге отыз сұхбат» атты айдармен ораза ұстау, рухани тазару тақырыбындағы сұрақтарға жауап береді.

– Рамазан айында көбірек уағыз айту қажет. Сондықтан, біздің имамдарымыз «Намаз оқып үйренейік», «Құран оқып үйренейік» дәрістерін де ел назарына ұсынатын болады, – деп атап өтті спикер.

Сондай-ақ, спикерлерге журналистер тарапынан жалпы мұсылманшылық пен дінді ұстануға байланысты сұрақтар қойылды. Елдің көкейінде жүрген бұл сауалдарға да жауап берілді.

– Негізі, адам алдымен ойын таза ұстауы керек. Жақсылық жақсы ойдан басталады. Рамазан айында тіпті, жаман ойдан аулақ болып, жақсы сөйлеуге, ізгі ниет қылуға шақырамыз. Садақа – бәлені қайтарады. Ал, Рамазан айында берілген садақаның сауабы өте мол. Белгілі себепке байланысты ауыз бекіте алмаған адам ораза ұстаған адамға ауыз ашқызса, ораза ұстағанмен бірдей сауап алады. Дені сау, ақыл-есі түзу адамның, шариғатта белгіленген кәмелет жасына толған әр мұсылман баласы ораза ұстауы керек. Денсаулығы келмейтін жандар мен қарттардың өзі ораза ұстамаса да, ауызашар жасап, сауапты істер атқарып жатады. Ал, ораза ұстауға мүмкіндігі болмаған адамдар күніне үш мың теңге көлемінде садақа жасап, парызын өтеуге болады. Яғни, күніне бір адамға ауыз бекітуге, ауыз ашуға үш мың теңге бөліп, сауапқа кенеле алады. Бұның дені сау, ауыз бекітуге шамасы келетіндерге қатысы жоқ. Ал, пітір садақаны мешітке апарып беруге уақыт болмаса, ҚМДБ арнайы бекітілген есепшоттарына аударуға болады. Туыстарыңыз бен жақындарыңыздың арасында әлеуметтік жағдайы төмен, ауырып жатқан жандар болса соларға немесе үйі-күйі жоқ адамдарға пітір садақаны беруге шариғат рұқсат етеді. Бастысы ниет түзу болуы ләзім, – деді облыстық Әнет баба мешітінің ұстазы Юсуфбек Шұғай.

Рамазан – Алла Тағаланың мұсылмандарға берген ұлы сыйы, нығметі. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз үмбетін: «Бұл айда жәннат есіктері ашылады. Ораза тұтқан адамның алдыңғы және кейінгі күнәлары кешіріледі», – деп сүйіншілеген екен.

Рамазан айында адамдарға көп жақсылықтар және мүмкіндіктер беріледі. Бұл – шынайы құлшылық жасап, Алланың разылығын алуға, сонымен қатар халқымызға қызмет етіп, адамдардың алғысын алуға берілген үлкен мүмкіндік маусымы. Сондықтан, жамағат арасынан Құран хатым оқу топтары ұйымдастырылып, мүмкіндікке орай тарауих намазынан соң жамағатты қоғамдық көліктермен қамтамасыз ету қолға алынбақ екен. Қасиетті айда тойлардың ішімдіксіз өтуіне, жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол берілмеуіне дүкендерде, сауда орындарында насихат жұмыстары жүргізіледі.

Тағы бір ескерер жайт, көбіміз Құранды кириллицамен оқимыз және белгілі себептермен оразаны толық өтей алмаймыз. Шариғат бойынша, арабша үйренуге мүмкіндік болса, Құранды арабша оқығанның сауабы мол екен. Ал, кириллицамен оқығанда кейбір араб қаріптерінің мағынасы өзгеріп кететін көрінеді. Алайда, бұл арабша білмесең, Құран оқыма деген сөз емес. Мешіттердегі мүмкіндікті пайдаланып, арабша оқуға дағдыланса, сауабы көп. Ал, қалып қойған қарыз күндерімізді ораза басталғанша өтеп үлгермесек, Рамазан айы біткен соң, қайта өтеуге болатынын айтқымыз келеді.

Сауабы мол Рамазан айында әрбір ізгі амалды шынайы ниетпен орындап, оның нәтижесі мен жемісін көруді Алла нәсіп еткей. Әмин!

Жәлел ШАЛҚАР,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button