«Сарыарқа» алғашқы бестікте
Қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы Жоғарғы хоккей лигасында үздік бестікті түйіндеуде. Өткен бейсенбіде Өскеменнің «Торпедосын» қабылдаған жерлестеріміз 2:1 есебімен басым түсті.
20 қарашада «сарыарқалықтар» Өскеменде «Торпедодан» 3:2 көрсеткішімен ұтылған еді. Бұл жолы шығыста кеткен есені қайтарудың сәті түсті.
Кездесудің алғашқы шайбасын «торпедолықтар» салды. 13-ші минутта Архипов мергендігімен көзге түсті. 0:1. Ал, 27-ші минутта біздің Поляков есепті теңестірді. 1:1. Ойын соңындағы буллит соққылары кезеңінде Олег Ломаконың соққысы қарағандылықтарға жеңіс сыйлады. 2:1.
26 ойыннан кейін «Сарыарқаның» қоржынында – 48 ұпай. Қорғанның «Зауральесімен» 5-ші сатыны бөлісуде. Он алты мәрте жеңіске жетіп, он ойында қарсыластарынан айласын асыра алмады.
«Сарыарқаның» ойыншылары 70 рет қарсы тараптың қақпасын бағындырды. 38 мәрте «Сарыарқа» қақпасына шайба соғылды.
Қазір Жоғарғы хоккей лигасында Тверьдің «ТХК» командасы көш бастап тұр. Тверліктерде – 58 ұпай. Екінші орында 54 ұпаймен Красноярдың «Соколы» келеді. Алғашқы үштіктің нүктесін 53 ұпайы бар Санкт-Петербургтің «СКА-Невасы» қойып отыр. Ал, лигадағы қос қазақстандық команданың бірі – өскеменнің «Торпедосы» 50 ұпаймен алдымызды орап, төртінші сатыдан төбе көрсетті.
Кеше «Сарыарқа» «ХК Саров» командасымен кездесті. Ойын Ресейдің Саров қаласында өтті.
Нұрқанат ҚАНАФИН