Саран

Саран қысқа дайын

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Саран қаласының әкімі Ержан Темірханов қаланың жылыту маусымына толық дайын әрі ешқандай проблема жоқ екенін мәлімдеді. Бұл үшін арнайы жоспар да дайындалып, жергілікті бюджеттен 29 миллион теңге бөлінген. Бірақ, тұрғындарды алаңдататын жайт та жоқ емес. Қала халқының көпшілігі жер үйде тұратындықтан, жаз айларында, яғни суғарым кезінде басын қылтитатын су мәселесі әлі шешімін таппай келеді. Бірақ, «Мәскеудің де бір күнде тұрғызылмағанын» айтқан қала әкімі былтырдың өзінде 100 миллион теңге бөлініп, апат орын алған жерлерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп келе жатыр дейді. Дегенмен, «ескі жамағанның есі шығады» демекші, әр жерден бір түртіп, қашан апат болады деп күтіп отыру – мәселені түбегейлі жоя алады ма деп алаңдаулы тұрғындар.

Саран қаласындағы 4 мың жеке секторды сумен қамтамасыз ететін 83 шақырым құбыр желілері 80 пайызға тозған. Маусым-шілде айларында суғару басталғанда қысым төмендеп, қызмет ұсынушы амалсыздан оны жоғарылатуға мәжбүр. Тозығы жеткен құбыр желілері жоғарғы қысымға шыдамай, осы кезде жиі жарылады. Бірақ, апат болған жерде жедел қимылдап, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, халықты сусыз қалдырмауға тырысып жатырмыз, – дейді Ержан Оралұлы.

Былтыр қазығы қағылған, Орталық Азиядағы ең ірі күн электрстанциясы туралы айтылған небір қауесеттер де қисынсыз екенін жеткізді қала әкімі. Жоба сәйкес дайындықтан өтіп, жаздың алғашқы айларынан бері жұмыс қарқынды түрде жүргізілуде. Қуаттылығы 100 мВТ құрайтын, энергиясы сарқылмайтын станция қараша айында іске қосылар болса, қаладағы бірқатар мәселелер де өздігінен шешімін табары сөзсіз.

Дегенмен, Саран жақсы көрсеткіштерден де ада емес. 2017 жылы экономиканың барлық секторының үйлесімді жұмысы қала дамуының стратегиялық көрсеткіштерінің оң динамикасын қамтамасыз еткен. 9 айдың қорытындысы бойынша қала облыс аймақтарының көрсеткішінде 3-орында. Мәселен, өңірлік өнім көлемі, 34 млрд. теңгеге, қала экономикасына 3,9 млрд. теңге инвестиция құйылып, өнеркәсіптік өнім 11,8 млрд.теңгеге жеткен.

56 ірі, орта және шағын өнеркәсіптік кәсіпорындар қаланың негізгі экономикалық әлеуетін қалыптастырып, 5,5 мың адамды жұмыспен қамтыған. Кәсіпкерлікті қолдау картасына енген 6 жоба нәтижесінде 360 жаңа жұмыс орны ашылған. Нәтижесінде – 1,6 млрд. теңгеге өнім өндірілсе, бұл – қайта өңдеу секторының 16%-ы.

Аталмыш жобадан тыс 10,3 млрд. теңге инвестиция салынған құю өндірісі мен көмір өндіруді ұйымдастыру жобалары қазірдің өзінде жұмыс жасаса, энергетика мен қайта өңдеу өнеркәсібі бойынша 3 жоба ағымдағы жылдың аяғында іске қосылады деп күтілуде. Қаланың өзіндегі 1989 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері де сауда және қызмет көрсету көлемін 100 % пайыз қамтамасыз етуде.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша инфрақұрылымның жаңа ауданын қамтамасыз ету үшін жобалықсметалық құжаттама да дайын. Жыл басынан бері жеке тұрғын үй құрылысы есебінен 5026 шаршы метр үй пайдалануға берілген. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 5 қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталған. Қала бюджеті есебінен қала абаттандырылып, автокөлік жолдары қайта жөнделіпті. – Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша аулаларды абаттандырудың үш жылдық жоспары жүзеге асырылуда. Екі жылдың ішінде 20 аула абаттандырылады дейді, – Ерлан Темірханов.

Жұмыссыздық деңгейі де төмен. Жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары, әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарға қолдау көрсету белсенді түрде жүргізілуде. Қала мектептері заманауи иннновациялық технологиялармен жабдықталып, 5 робототехника кабинеті, 350 компьютер алынған. Ақтас кентінде балабақша салуға жер де бөлініпті. Жобаны жүзеге асыруға мүдделі кәсіпкерлер болса, субсидия беру бағдарламасы бар.

Жекеменшік-серіктестік жағдайында гемодиализ орталығы жұмыс жасайды. Білікті кадрларды тарту үшін жас дәрігерлерге арналған отбасылық жатақхана да бар. Қала халқы да спортпен айналысуға мүдделі. Олар үшін «Сұңқар» қалалық стадионы базасында спорттық бағыттың бірнеше түрі дамытылып, триатлоннан қалалық команда қалыптастырылған. Өкілеттіліктерді кеңейту мақсатында 2018 жылдың 1 қаңтарынан Ақтас кентінің дербес бюджеті қалыптастырылды, коммуналдық меншік объектілері жергілікті өзін-өзі басқару иелігіне берілді. Денсаулық сақтау, білім беру және ТҮКШ салаларында мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жобаларды жүзеге асыру жұмыстары басталады, – дейді Саран қаласының әкімі.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button