Сапалы мектептен саналы ұрпақ түлейді
Өңірде құрылыс жұмыстары – қарқынды. Ескі ғимарат пен үйлер қайта күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа берілуде. Бұл – өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстардың бір бөлігі ғана. Осындай ілкімді істерден білім ошақтары да тыс қалмады. Өңірде 10 білім беру нысанының құрылысы басталар күн жақын. Сонымен қатар, аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК облыстық білім басқармасына мектептерді күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық құжаттама әзірлеуді тапсырды.
Биыл облыстағы 166 мектеп жөнделіп, 2025 жылға дейін тағы 299 білім ошағы жаңартылмақ. Сонымен қатар, 300-ге жуық ауыл мектебі толық жөндеуден өтеді деп жоспарланып отыр. Ал, білім ошақтарын жаңартуға 2022 жылғы бюджеттен қомақты қаржы бөлінбек. Қазіргі таңда облыстағы ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайтып, инфрақұрылымын жақсарту жалғасуда. Сонымен қатар, өңірде 10 білім беру нысанының құрылысы басталар күн жақын. Сәтбаев қаласында жаңа оқушылар сарайы бой көтермек. Ауыл мектептерін жаңғырту аясында 57 мектепке күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 61 мектеп кітапханасы мен 9 асхана, 26 мектеп пәндік кабинеттермен жабдықталмақ.
– Балалардың қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше көңіл бөлінеді. Жол картасы аясында өңірде турникеттер орнатылған нысандар саны мен мамандандырылған күзет ұлғайтылды. Жақын арада турникеттер тағы 31 нысанда орнатылады. Барлық білім беру ұйымдарында дабыл түймелері, құлақтандыру және бейнебақылау жүйелері бар, – деді өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифингте Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова.
Аутистік спектрдегі аурулары бар балалар үшін Қарағандыда арнайы орталық ашылады. Ол үшін қаладан ауданы 700 шаршы метрлі екі қабатты ғимарат берілді, қажетті қаржы да бөлінген. Ал, жылдар бойы Қарағандыдағы Күнгей шағын ауданының тұрғындары жыл сайын адам саны артып келе жатқан ықшамауданға бір мектептің қажет екендігін айтып дабыл қаққан болатын. Алайда, бюджеттен қаржы бөлінбегеннен кейін тұрғындар амалсыз балаларын қаладағы мектепке апарып жүр. Биыл осы мәселеге нүкте қойылды.
– Облыс орталығындағы 11а шағын ауданда мектеп құрылысы аяқталды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары аясында «Таугүл» мен «Күнгей» шағын ауданында мектеп салуға құжаттар пакеті әзірленуде. Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжінің оқушылары үшін 100 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Шахтинск технологиялық колледжі жатақханаға өзінің оқу ғимараттарының бірін берді. Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 80 орындық жаңа жатақхана осы жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс, – деді Гүлсім Шабданқызы.
Жаңа оқу жылының бірінші тоқсаны да тәмам. Алайда, оқушылардың оқу үлгерімі төмендеп кеткен. Бұл жағдайды былтырғы онлайн оқудың салдары деп мәлімдеуде ұстаздар. Сонымен қатар, жаңа оқу жылы басталғалы мектеп оқушылары арасында індет жұқтырғандар да тіркеліпті. Денсаулық сақтау министрінің мәлімдеуінше, жаңа оқу жылы басталғалы Қазақстанда 9 мыңнан астам оқушы коронавирус инфекциясын жұқтырыпты. Ал, бүгінгі күні облыстағы 25 мектепте 14 күнге үй карантиніне жіберілген сыныптар бар. – Қашықтан оқыту форматы білім сапасына әсер етті. Сондықтан, педагогтар оқушылардың білім олқылықтарын толтыру үшін жұмыс жүргізуде. Бірінші кезекте барлық пәндерден бастапқы диагностикалық кесінділер өткізілді. Олқылықтардың орнын толтыру және оқушылардың білім сапасын арттыру бойынша жұмыс жоспарлары жасалды. Білім ошақтары облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің № 36-Қ қаулысына сәйкес талаптарды қатаң сақтауда. Індет жұқтырған оқушылардың сыныбы үй карантиніне жіберілді. Әзірге жағдай тұрақты, – деді басқарма басшысы.
Сабақтар арасындағы үзіліс уақыты бастауыш, орта және жоғары сыныптарда білім алушылардың барынша араласпауын қамтамасыз етуді ескере отырып белгіленген. Зертханалық, практикалық сабақтарды қоспағанда кабинеттік жүйе алынып тасталған.
Ербол ЕРБОЛАТ.