Сандық технологияның сауаттылыққа әсері
Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде «Білім беруді цифрландыру жағдайында бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту» жобасы жүзеге асты.
Жобаның мақсаты – білім беруді цифрландыру жағдайында бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытудың әдістемесін теориялық және әдіснамалық тұрғыдан негіздеу және тиімділігін сынақтан өткізу.
Осы мақсатқа орай білім беруді цифрландыру жағдайында бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытудың теориялық негіздерін анықтау, білім беруді цифрландыру жағдайында қолданбалы негіздерін ашу және педагогикалық мониторинг жүргізу міндеттері қойылды.
Мақсат пен міндеттерді жүзеге асыруда теориялық және эксперименттік әдістер қолданылды.
Жоба аясында цифрландыру жағдайында бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту мәселесінің жай-күйіне қатысты отандық және шетелдік ғылыми әдебиеттерге теориялық-әдіснамалық талдау жасалды.
Бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын цифрландыру жағдайында дамытудың қолданбалы негіздері ашылып, бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын цифрландыру жағдайында дамыту әдістемесі әзірленіп, тиімді жолдары анықталды. Зерттеулердің қорытындысы бойынша ұжымдық монография жарияланды.
Жоба аясында «Тіл және әдебиет», «Математика», «Жаратылыстану» пәні бойынша тапсырмалар қоры әзірленді. Бастауыш сынып оқушыларына арналған тест-тренажерден құрылған бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған «Интеллектум» цифрлық контенті әзірленді.
Жоба барысында әзірленген авторлық оқу-әдістемелік кешен тиімділігін дәлелдеп, Қарағандының «№16 жалпы білім беретін мектеп», «№66 мектеп-лицейі», «Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-лицейі», «әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясына» оқу-тәрбие үдерісіне енгізілді. Дайындалған бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту әдістемесі оқушылардың өмірде болып жатқан түрлі құбылыстарын өз бетінше зерттеуге және талдауға дайындығын пысықтайды. Ақпаратты бағалау және пайдалану қабілетін, сондай-ақ әлемде болып жатқан процестер арасындағы өзара байланысты көруге мүмкіндік беретін танымдық қабілетін дамытуға негізделген жан-жақты тұлғаны дамыту тетіктерін жүйелеуге ықпал етеді.
Салтанат ӘБІЛДИНА,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің профессор-зерттеушісі, жоба жетекшісі.