Бас тақырып

Аймақта келер жылы 20 000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады

Өндірістік қуаты мен экономикалық әлеуеті тұрғысында орталық облыс – республикамыздағы жетекші өңірлердің бірі. Табиғи ресурстарға аса бай арқасүйер аймақ елдің қолқа жүрегіндей. Ұлттық экономиканың тірек нүктесіне де айналып отыр. Әсіресе, көмір өндіру мен металлургия салаларындағы орны айрықша. Мүмкіндігі толық, адымы кең. Сөзімізді дәйектеп, сабақтай түселік.

Суреттер ЖИ. Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

Көкжиек

Кейінгі шақтағы ресми деректерге сүйенсек, жаһандық экономикалық әртүрлі де әрқилы сын-қатерлеріне қарамастан, өрісті өңір тұрақты өсіммен көңіл көншітіп келеді. Иә, өнеркәсіп ошақтарының тынымсыз тіршілігі, шахталар мен зауыттардағы қарбалас еңбек экономиканың серпінді дамуының көзайымы екендігі аян. Тек, биылдың қаңтар-қараша айларының қорытындысы аймақ өнеркәсібі бөлек қарқынын айқын аңғартқан-тын. Осы кезеңде өнеркәсіп өндірісінің көлемі, 2024 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда аттай алты пайызға артқан. Кез келген экономиканың күретамыры саналатын тау-кен өндіру саласы да 7,3 пайыздық өсім көрсетсе, өңдеуші өнеркәсіп 5,7 пайызға іркіліссіз ілгерілеген. Қызықтысы, электр энергиясын өндіру көлемі де 4,3 пайызға ұлғайып, өндірістік сектордың кідіріссіз жұмысын қамтып тастады.
Ал, 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында облыстың жалпы өңірлік өнімі 3,7 трлн теңгені құрап, нақты өсім 5,9 пайыз деңгейінде қалыптасты. АҚШ долларына шаққанда (1 доллар шамамен 480 теңге бағамымен) бұл көрсеткіш 7,6 млрд долларға жуықтайды. Сандар сөйледі, дерек дәлелдеді. Қуатты Қарағанды өндірістік әлеуетін сақтап қана қоймай, оны жаңа сапалық деңгейге көтеріп келеді. Экономиканың осындай орнықты өсімі өңірдің ертеңіне деген сенімді бекіте түсті.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Ауыл шаруашылығы да оң серпінінен әсте жаңылмақ емес. Мұндағы жалпы өнім көлемі 493 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,3 пайызға артқан. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1 049 млрд теңге шамасында. Былтырғы теңгерімінде 12,9 пайызға кем болғанымен, сарапшылар мұны уақытша құбылыс ретінде бағалап отыр. Өңірдегі ірі де жоталы жобалардың кезең-кезеңімен іске асуы, инфрақұрылымдық бастамалардың жандануы жыл соңына қарай инвестициялық ахуалды қайта жандандырады деген долбар бар. Жыл соңында облыстағы инвестициялар көлемі 1,5 трлн теңгеге дейін өседі деп болжанады. Ескерерлігі, ауыл мен қала, өндіріс пен агросектор арасындағы осы өзара сабақтастық өңірдің экономикалық келбетін тұтастыра түсуде.

Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер өңірдегі ахуалдың салыстырмалы түрде тұрақты екенін аңғартады. Үшінші тоқсанда жұмыссыздық деңгейі 4 пайыз шамасында қалып, еңбек нарығындағы теңгерім сақталып отыр. Орташа айлық атаулы жалақы 410 314 теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 9,4 пайызға өсті. Табыс деңгейінің біртіндеп артуы халықтың тұрмыс сапасына оң әсер еткенімен, инфляциялық қысым да назардан тыс қалған жоқ. Қараша айында инфляция 112 пайызды құрап, азықтүлік бағасы 12,3 пайызға қымбаттады. Сауда саласы қалыпты, байыпты қарқынмен дамып келеді. Қаңтар-қарашада бөлшек сауда айналымы 1 639 163 млн теңгеге жетіп, 1,3 пайыздық өсім көрсетті. Ал, көтерме сауда көлемі 2 828 598 млн теңге шамасында.

Тыныс

Жалпы алғанда, бүгінгі таңда өңір экономикасының өсімі 5,3 пайызды құрап отыр. Алдағы меже – 7 пайыздық өсімге қол жеткізу. Мақсат – өндіріс пен инвестиция, еңбек пен нарықтағы нақты қозғалыстарға негізделуде. Көшелі көрсеткіштер республикалық үрдіспен де үндес. Жылдың 11 айының қорытындысында Қазақстан экономикасы 6,4 пайызға өсті. Демек, Қарағанды облысы елдік экономикалық арнаның ішінде өз қарқынын сақтап қана қоймай, өсімнің алдыңғы легінде келеді. Соны серпін ұлттық экономиканың тұтастай дамуына сүбелі үлес қосып, алғы кезеңге сенімді бекітті.

Өңір экономикасы өнеркәсіп тұрғысында елде үшінші орынға ие. Қарағанды көмір бассейні – еліміздегі кокстелетін көмірдің негізгі жеткізушісі. Аймақта мыс, алтын, молибден, мырыш, қорғасын және басқа да пайдалы қазбалар қоры мол. Биыл көмір өндірісі 15 пайызға өсіп, 6,2 млн тоннаға жетті. Металлургия мен машина жасау саласында да өңір көшбасшы. Болат өндірісінде бірінші орын, қара металлургия 13,8 па­йызға өсіп, машина жасау 21,6 пайыздық серпінмен дамып келеді.

Бірақ, өңір тек ауыр өнеркәсіппен шектелмейді. Тамақ өнеркәсібі, фармацевтика, химиялық және жеңіл өнеркәсіп те кең тыныс алып тұр. Фармацевтика 34,6 пайыздық өсу көрсетіп, медициналық өнімдердің ел ішіндегі қажеттілігін толықтай қамтамасыз етеді. Ауыл шаруашылығы да дамудан шетін қалмайды. Картоп өсіруде екінші орын, жұмыртқа өндірісінде үшінші, ал, дәнді дақылдар бойынша төртінші орын.

Адым

Қарағанды – өткен мен бүгіннің, өндіріс пен табиғаттың, адам еңбегі мен тарихи мұраның бір-бірімен біте қайнасып, үндескен өңірі. Жоспарланған 120 инвестициялық жобаның 29-ы іске асырылмақ. Жалпы құны – 173 млрд теңге. Жоталы жобалар тау-кен өндіруден бастап, өңдеу, машина жасау, резеңке және пластмасса өндірісіне дейінгі салаларды қамтиды. Ең бастысы, баянды бастамалар 20 000-нан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Qarmet компаниясы 2028 жылға дейін 1,6 трлн теңге инвестиция салып, өндірісті табиғи газға көшіру, цифрландыру және жаңғырту жұмыстарын жүргізетін болады. Ал, өндірісті аймақ «Саранда» келер жылы жүк көліктері мен техника шығаратын зауыттар (Howo, Sitrak, Shantui) іске қосылады.

Арқа алабы шағын және орта бизнесті қолдауда да белсенді. 2025 жылы өңірге 14,5 млрд теңге субсидия мен гранттар бөлінген. Бөлшек саудадағы салық мөлшері 2%-ға төмендетілген. Мұның өзі кәсіпкерлікті дамытудың нақты көрінісі. Әрбір жаңа дүкен, цех немесе қызмет көрсету орны – жергілікті халық үшін жаңа мүмкіндік. Туризм мен көлік саласы да даму үдерісінен кенде емес. Жүк айналымы 6,1 пайызға, жолаушылар тасымалы 11,2 пайызға артқан.

***

…Топырақ қана тозбайды. Бір қарағанымызда осы киелі қара жердің қойнауы, шахталардың терең туннелінде, қара алтынның ізі де, байыз тапқан шежіре де шөгіп жатыр. Сан сөйлейді, өсім өрлейді. Инвестиция игілік әкелуде. Асқаралы айсбергтің ұшындай болып. Еңсегей елдің таңдауы – даму. Өсім өткелінде асу бермес асу да, мақам мен мазмұн да, талығу мен жалығу да, тактика әрі стратегия, ерте есейткен еңбек те, қамығу мен танылу да қат-қабат жүреді. Тінінің тегін, қаражатының себін жетік білген мұндағы ел әттең-айына да әнтек қарай сала, ертегідей ертеңіне еңбек етуге дағдыланғалы қашан. Өзін-өзі өгіздей өрге сүйремесе, өркениеттен опық жейтіні ақиқат. Тек жақсы болу керек, өзге нұсқа жоқ! Ерік пен жігердің жеңісі әл-әзір осындай рәуіште. Көкжиекке көз тіккен өңір үшін әр күн – сынақ, әр қадам – салмақ. Сын сағатта сыр бермей, қайшылықты сәтте саспау осы жұрттың жаратылысы ма дерсіз. Қарағандының күші де, құдіреті де осында. Тұйыққа тірелмеген еңбеккер аймақ арманы – асқар. Шуақты мақсатын қуатты іске ұластырған Қарағанды жеті жаһан желісінде тізгін ірікпейді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button