Сана серпілісі – өркениет өзегі
Еліміздің бірқатар облыстарында ата-аналар да мектеп жанынан ағылшын тілін оқытатын курстар ашуды өтініп, оны үйренуге ықылас танытуда екені туралы хабардармыз. Бұның өзі елдің бәсекеге қабілеттілігінің басты шарты үш тілділікті дамытудың бір нышаны емес пе?! Осы орайда отандық мәдениетіміздің мұраларын БҰҰ-ның алты тілінде сөйлету мақсатты ұстанымға айналды. Мың жылдық тарихы бар тілдік этностық төл мәдениетімізді әлемнің басты тілдерінде сөйлетуге тамаша мүмкіндік туып отыр, бұл көп тілді меңгерген мамандарға ерекше сын.
Осы орайда Елбасының ұлт жадының тұғырнамасы іспетті ұсынған тарихи маңызды әрбір құжатын зор толғаныстан кейін дүниеге келген игілікті шешім деп қабылдаймыз. Онда біртұтас ұлт болу үшін қоғамды да, сондай-ақ әрбір қоғам мүшесінің санасын да жаңғыртудың негізгі бағыттары айқындалады. Оларды іске асыру азаттық алған мемлекетіміздің әр азаматының абыройлы ісі.
Біріншіден, бұл – бәсекеге қабілеттілік, компьютерлік сауаттылық, шетел тілдерін меңгеру, бөгде мәдениет өкілдерімен тең қарым-қатынасқа түсе білу құзыреттіліктермен айшықталған, тың жаңалықтарды әлемдік нарыққа ұсыну Екіншіден, барымызды бағалай біліп, кемшін тұстарымызды түзете білудің негізі болатын реализм мен прагматизм ұстанымына берік болу.
Үшіншіден, ұлттық біртектілікті сақтай отыра, ұлттың сана сезімінің көкжиегін кеңейту, ұлттық болмыстың өміршең мазмұнын сақтап қалу.
Төртіншіден, білім салтанаты ұлтымыздың табыс кепілі болып қала бермек.
Бесіншіден, эволюциялық даму негізінде әлемдегі күнделікті оқиғалар мен құбылыстарды саралап, ой елегінен өткізе отыра анық-қанығын зерделеп, пайым жасай білу қабілеті. Алтыншыдан, сананың ашықтығын зерденің танымдық қасиеттерімен ұштастыра білу, жаңалыққа жаны жақын болу қасиетін ұштай отыра жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білу, Жалпыға Ортақ Еңбек, Акмеқоғам құру бағытындағы атқарылып жатқан игілікті істерге күш-жігерін жұмылдыра білу қарым-қабілеті демекпіз.
Тағы да бір атап өтетін маңызды ерекшелік – латын әліпбиіне көшу. Білім мен ғылым саласында қызмет етіп жүрген біздей мамандар үшін бұл өзекті тақырып. Біздің пайымдауымызша, жаңа қаріп ойды жаңғыртып, сананы сілкіндіруге, аймақтық және жалпы дүниежүзілік өркениет деңгейіндегі мәдениетаралық үнқатысуды жаңа сапалық биікке көтеріп, әлемдік ақпарат кеңістігінде дербестікке жол ашады. Өйткені, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан сияқты елдер, Оңтүстік Корея және Жапония сияқты экономикасы қарыштап дамыған мемлекеттердің ұлттық ірі компанияларының құжаттарында және бірқатар Батыс елдеріндегі қазақ диаспораларының тұрмыстіршілігінде латын графикасы қолданыс тапқан. Қазақстанның білім саласындағы орта және жоғары мектепте оқитын оқушылар мен студент жастарға латиницаға көшудің қиындығы болмауын ескерсек, бұл мәселенің оңтайлы шешім табатынына сеніміміз мол.
Жаңбырбай ҚАҒАЗБАЕВ,
ҚарМУ-дың доценті, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі.