Жаңалықтар

Сан қырлы талант иесі

Өмір дариясында әр адамның өзінің лайықты орны бар. Оған жеткізетін, ие ететін әркімнің бойындағы ақылы мен парасаты. Бүгінде алпыстың асқарына көтерілген парасаттың да, әділдіктің де, адалдықтың да таусылмас кені сынды, жүзінде жақсылықтың ишараты тұратын, сан қырлы талант иесі, әнші-сазгер, ақын-журналист һәм шежіреші Қуандық СӘДЕНОВ ағамыздың Арқа жұртына есім-сойы белгілі.

Мен бала күнімнен жақсы білетін ардақты аға Қуандық Мақсұтұлының тұла бойында тұнып тұрған адамгершілік пен адамдыққа тән асыл қасиеттер, ұйып тұрған кісілік келбеті мен бедерлі бет-бейнесі жетерлік. Оның ішкі жан дүниесі де рухани байлыққа толы. Осы бір ел азаматын көрген сайын жазиралы Жәмшінің даласы, Қызыр қонған Қызылтас, төбесі көкке шаншылған Айдай, Қирай, Шоқпартас, Қосшоқы, Төрешоқы тауларының күн сүйген асқарлары көз алдыма елестеп тұрып алады. Автордың «Аяулы Жәмші мекенім», «Қызылтас», «Тоқырауын» сынды әндері шырқалғанда жан-тәніммен ұйып тыңдаймын. Осынау әндерді естіген сайын Қуан ағамның асқақ тұлғасы биіктей береді. Тыңдаған сайын төбем көкке жеткендей күй кешемін.

Мен мұны тектен-текке тілге тиек етіп отырған жоқпын. Өйткені, ол кісі аты аңызға айналып кеткен, тектілер түлеген қазіргі Нұркен селолық округінің Қызылтас деген ауылында дүниеге келген. Тамылжыған ғажайып табиғатымен талайды тамсандырған Қызылтастың көркіне кімнің көзі түсіп, көңілі тасымады дейсіз. Таудың етегінде тұрған ауылдың перзенті болған соң, таумен тілдеспей өмір сүре алмайсың. Сонау балалық шағында, жаз бен күз айларында тау арасы, терең сайынан теретін қарақаты, доланасы далалық ұлдың дара болмысына әсер етті. Өз әулетінен алған тәрбиенің жемісі, Мақсұт ақсақалдың өнегелі жолы жақсы ағаны жақсылыққа жетеледі. Қуан ағаның ән-күй, сазынан ел тарихын, рухани күш-қуат сезініп, жаныңа жұбаныш табасың, өрелі де, өрісті жан екендігіне сүйсінесің. Осындай ағаңның барына мақтанасың. Оның қаламынан туған тұшымды дүниелеріне де таңданбай қалған кезіміз жоқ. Журналистика әлемінде желкенін керген алып кеме іспетті. Сонау 1991-1999 жылдар аралығында «Балқаш өңірі», 2000-2002 жылдары «Сырлас» газеттерінің редакциясында еңбек еткенде өңірдің ақпарат саласына ерекше серпін әкелді. Қазіргі уақытта еңбек етіп жатқан «Пульс» газетінің әр санынан көзі қарақты оқырман қаламгердің мазмұнды, тұшымды мақаласын күтіп жүреді. «Құлық Жалаңтөс (Соқыр) батыр ұрпақтарының шежіресі», «Ауылым Жалаңтөстің Қызылтасы» кітаптары – оқырманның олжасы болып, жүректерге жол тартты.

Ағаның ақындығы бір төбе. «Жырлайды жүрек» өлеңдер жинағын оқи отырып, Қуан ағаның нағыз табиғаттың жыршысы екендігін түйсінесің. 1998 жылы Балқаш қаласында Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ұйымдастырылған қалалық ақындар мүшәйрасының Бас жүлдесін қанжығасына байлағанда ақын ағалары Әбіл Кәріпбаев, Жанболат Башар ақжол тілеп, батасын берген екен.

Біз балғын шағымыздан тумысынан бекзат, қазақы болмысты, кесек тұлғалы ағаның сазды әндеріне сусындап өстік. «Аяулы Жәмші мекенім» әні жәмшіліктердің әнұранындай болды. Тыңдарманның жүрек түпкірінен орын алып, телегей теңіздей сезім сыйлаған, көңіл пернесін дөп басып, шексіз сүйіспеншілікке бөлеп, бесіктей тербейтін әндерімен есейіп келеміз. 2011 жылы «Алтын анам» деп аталатын алғашқы аудиоальбомы жарыққа шыққанда ғажайып әндермен бір қауышқан едік. Ағаның отызға жуық әні ел ішінде шырқалып жүр, шырқала да бермек.

Қуан ағаның үні мақпалдай жұмсақ. Домбыраның қос ішегін күмбірлетіп, әнді шырқай жөнелгенде жаның жадырап, теңіздей толқып тебіреніп, көңілің өсіп, мерейің тасып, шат-шадыман күй кешесің. Қуан аға 1987 жылы «Халық шығармашылығының бүкілодақтық II фестивалінің лауреаты» төсбелгісімен, 1989 жылы Жезқазған қаласында өткен облыстық «Байқоңыр дауысы», 1990 жылы облыстық «Ұлытау үні» фестивальдерінің, 1989 жылы желтоқсан айында Шымкентте өткен Орта Азия мен Қазақстанның отбасылық ансамбльдері фестивалінің Құрмет грамотасымен марапатталғанын жақсы білеміз. 1989 жылы желтоқсан айының 16-17 күндері Шымкентте өткен Қазақстан және Орта Азия республикаларының отбасылық ансамбльдерінің фестивалінде Жезқазған облысының намысын екі ансамбль қорғаған болатын. Солардың бірі ұлты корей Кимдердің отбасылық ансамблі болса, екіншісі – балқаштық Сәденовтердің отбасылық ансамблі. Осы фестивальден ой қорытқан Алаштың белгілі ақыны, Байбота Серікбаев «Парасат» журналының 1990 жылғы №5 санынды жарияланған «Өнердің жанашыр насихатшылары» деген мақаласында:

«Көрермендер, әсіресе, Жезқазған облысы, Балқаш қаласынан келген Сәденовтердің семьялық ансамблінің өнеріне дән ризашылықтарын білдіріп, ду қол шапалақтай құрмет көрсетіп отырды. Ансамбль жетекшісі Қуандық Сәденовтің «Ару Балқаш» әні мен халық әні «Гүлдерайымға» берген халықтың бағасы өте жоғары болды» деп жоғары баға берген екен. Жұмыр жүрегінен ән лықсып, алтын саусағына күй төгілген ағаға ән әлемінде берілген баға биіктей түспесе, аласарған емес.

Ия, келісті кейіпкеріміз жайлы көңілдің пернесін баса отырып толқыта толғануға, шалқыта жаза беруге болады. Осы жерден тізгін тартайық. Қазақтың қайраткер тұлғасы Дінмұхаммед Ахметұлы 70 жасқа толғанда бір топ ақсақал келіп тілек айтыпты. Сонда олар: «Қарағым, Димаш, енді қалғанын 90 жасқа келгеніңде ақылдасайық», – деген екен. Ендеше, тұла бойына тоғыз өнер тоғысқан азамат жайлы айтар сөзді, ақылдасар шаруаны алдағы уақыттың еншісіне қалдырайық.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button