«Самұрықта» самғаған сұңқарлар
Қазақстан аумағында жыртқыш құстардың 40 түрі тіршілік етеді екен. Соның 15-і бұл күнде Қызыл кітапқа енгізілген. Табиғат қорықшыларының сөзіне сүйенсек, қанатты жаратылыстың күрт азаюы 1960 пен 1970 жылдар аралығында байқалған. 1990 жылдан 2000 жылға дейін браконьерлер орасан залал келтіріпті. Қазақстан билігі бүгінде құстардың түрлі қатерден, әсіресе, мылтық асынған табиғат қаскөйлерінен сақтау үшін бар жағдайды жасап отыр. Табиғат жақұтын жоғалтып алмау үшін жыртқыш құстар тіршілік ететін аумақтарды қоршауға мәжбүр. Осындай аумақ, Ақтоғай ауданында бар. Сарышаған теміржол станциясынан 8 шақырым қашықтықта орналасқан. Көлемі – 10 гектар. «Самұрық» жыртқыш құстарды өсіру, мониторингілеу және оңалту орталығы деп аталады.
Құрылымы мен қоры
Орталық 2019 жылы құрылған. Негізгі мақсаты мен міндеті – Арқа даласының көгінде самғаған тегеурінді құстардың жойылып кетуіне жол бермеу. «Самұрық» жыртқыш құстарды өсіру, мониторингілеу және оңалту орталығы ұйымының бастамашысы – «МИДЯ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
«Cites» ұлттық әкімшілік мекеменің рұқсатымен 2021 жылы «Самұрық» орталығына Катар мемлекетінен аталық сұңқардың отыз жеті балапаны, аналықтың жиырмасы жеткізілген. Алматының зообағынан сұңқардың 5 балапанын әкелген. Ал, биыл орталық дәл сол Катар мемлекетінен 43 сұңқарды алыпты. Сонымен қатар, 6 ақсұңқарға да қол жеткізген. Бүгінде орталықта жалпы саны 105 сұңқар, 6 ақсұңқар құс бар.
Ерекше қадағалауды және қорғауды қажет ететін сұңқар құстардың күтіміне жауапты екі маман Ресей Федерациясының «Холзан» жыртқыш құстар орталығында бір айлық тағылымдамадан өтіпті. Сонымен қатар, бір маман Біріккен Араб Әмірлігіндегі жыртқыш құстардың бас ветеринарлық госпиталінде арнайы оқу оқыған.
Орталықтың инфрақұрылымына да баса мән берілген. 10 гектар аумақта бірнеше блок бар. Бірінші блокта құстардың балапандарына арналған қоршаулар жасалған. Жыртқыш құстардың жұмыртқаларын қалыпты температурада ұстауға жағдай жасалған ғимараттар қолданыста. Орталық мамандары тұратын үйлер де қарастырылған. Карантин жағдайында құстарды оқшаулауға арналған нысандар да бой көтерген. Азық сақталатын қойма да тұр.
Сұңқардың азығы
Құс тектісін күтіп ұстауда тамақтану рационы үлкен рөл атқаратынын айтады мамандар. Құстардың азығы – тауықтар, бөденелер, қояндар. Тіпті, 4-5 айлық жас тауықтар да ас мәзіріне енеді. Орталық аумағында тышқан тәрізді кеміргіштерді өсіруге арналған виварий ғимараты жасақталған. Келесі жылы іске қосылады екен. Азықтандыру кезінде көбею циклінің кезеңі ескеріледі. Тауықтар айына екі рет Қарағанды құс фабрикасынан, ал бөдене еті Алматы қаласындағы құс фабрикаларынан жеткізіледі. Қарағандыдағы құс фабрикаларынан айына екі рет 500-600 келі ет әкелінеді. Тауық еті тоңазытқыш қосылған камераларда сақталады. Қояндар да жеке фермалардан алынады. Тірі құстар ас қорыту жолын босату үшін сою алдында бір күн бойы тамақсыз ұсталады екен. Орталық директорының ғылым және мониторинг жөніндегі орынбасары Шамиль Шәріпов жыртқыш құстарға көбіне бөдене еті берілетінін айтты.
– Құстар міндетті түрде бөденемен қоректенуі тиіс. Біз құстарды фабрикалардан тірі, немесе, мұздатылған қалпында жеткіземіз. Жеткізу кезінде біз оларды герметикалық қаптамаларға саламыз. Бөдене етін жыртқыш құстарға тастамас бұрын қанаттары мен аяқтары алынып тасталады. Құстардың балапанын тамақтандыру кезінде біз ішектерді алып тастаймыз. Бірақ, әрқашан бауырды, жүректі, теріні және қауырсындарды қалдырамыз. Сұңқарларға тері, бауыр және аздап құс майы қажет. Бұл олардың терісі мен қауырсындарының сапасын жақсартады. Күн сайын әр сұңқардың азығына дәрумендердің бір бөлігін себеміз. Дәрумендер қоспасы етке жабысып қалуы үшін оны ылғалдандыру керек. Сұңқарлардың азығына күн сайын бір тамшы балық майын қосамыз. Әр сұңқарға аптасына үш рет жұмыртқаның сарысын береміз. Текті құстардың азығы, міне, осындай. Сапалы азық әлбетте құстардың ағзасына оң әсерін тигізеді, – деді Шамиль Шәріпов.
Сұңқардан пайда көл-көсір
Сұңқарларды әуежайларда және шаруашылық нысандарында пайдалануға да болады. Әуежайдың төңірегінде ұшатын құстар шоғыры ұшақтарға айтарлықтай қауіп төндіреді. Яғни, әуе кемесінің қозғалтқышына жұтылып, механизмнің істен шығуына ықпал етеді. Қолға үйретілген сұңқарлар әуежай аспанын сол зиянкес құстардан тазартуға көмектеседі. Қарға мен шағала жиі торуылдайтын егіс алқаптарына да осы орталықта үйретілген қанатты жыртқыштар жіберіледі.
«Орталықта өсірілген құстар экономикаға айтарлықтай пайда әкеледі», – дейді мамандар. Кейінгі 70 жылда әлемде сұңқар құсқа деген сұраныс артып келеді екен. Сұңқарлар әсіресе Парсы шығанағы елдеріндегі құс аукциондарында бағаланады. Бұл – Кувейт, Бахрейн, Сауд Арабиясы. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасында құсбегілермен бапталған сұңқарларға сұраныс байқалады.
Шамиль Шәріпов орталық атадан балаға мұра болып келе жатқан аңшылық дәстүрді жандандыруға да септігін тигізетінін айтты.
– Қазақ халқының саятшылыққа жаны құмар екенін білеміз. Аңның соңынан тазы жүгіртіп, төбесінен сұңқар ұшыраған. Астындағы атына, баптаған тазы иті мен сұңқарына ерекше ықыласпен қараған. Орталықтағы жыртқыш құстардың саны артқан жағдайда, бұларды жергілікті саятшыларға сатуға әбден болады. Қаржыдан бұрын бұл әрекетіміз ұлттық саятшылығымызға дем береді, – деді Шамиль Шәріпов.
Ғылымға да леп береді
Жараланған жыртқыш құстарды емдеп, тіршілік ортасына қайтару жұмыстары да қолға алынған. Орталықта текті құстардың генетикасын зерттейтін арнайы зертхана жасақталған. Сонымен қатар, зертхана арқылы қанатты жыртқыштардың популяциясына қатысты өзгерістер мен құбылыстарды анықтауға болады. Бұл зертхана Арқадағы жабайы табиғатты зерттеуші мамандарды әзірлеуге септігін тигізуде.
Қазақстан – жерасты байлығымен ғана емес, өзінің табиғатымен де әйгілі. Қазақ даласының шалқар аспанында қалықтаған көк сұлуы ақсұңқардың санын көбейту – бұл күнде мемлекеттің тікелей қадағалауына алынған. Арқа байтағында жемтігін шашып жеген текті һәм тегеурінді құс көбейіп келеді.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz