Салтанатты той, сауапты қадам

      «Қазақ Жаңа жылы күн мен түннің теңелген күні болады. Жаңа жылдың ертеңіне жарық, жылы күн қараңғы суық түннен ұзара бастайды. Қазақ Жаңа жылын «Наурыз» дейді. Сондықтан қазақтың Наурызы – дін мейрамы емес, халықтық мейрам. Бұл мейрамды тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып, қоғамға пайдалы игі іс жасайтын, ауыл, адамдармен ұйымдастыратын мейрам ету керек» деп Мағжан ЖҰМАБАЕВ айтқандай, осы бір айтулы мерекені Қарқаралы қаласының жұртшылығы да ерекше сән-салтанатымен атап өтті.

Қарқаралыда мереке сауапты шарадан басталды. Қарқаралы өзенінің Қарала көпірден өтетін суағарының арнасы қар мен мұздан аршылып, тазаланды. Қала басындағы мекеме ұжымдары мен қоғамдық жұмыстағылар бірлесіп атқарған жұмысқа аудан басшысы Халел Мақсұтов қатысты. «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!» деген баталы сөздерден өз бастауын алатын мейрамның игілігі мен қуанышы ерекше. Тамырын тереңге жайған осынау мереке тазалық пен татулықтың, береке мен бірліктің тұғырын нығайтып, адамдарды шаттық пен қуанышқа кенелтеді. Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамына арналған салтанатты мереке аудандық мәдениет үйінің алдында қаламыздағы «Қайран жастық» ардагерлер ансамблінің ақ жаулықты аналарының наурыз көже, бауырсақ сияқты дәм-тұз таратуынан бастау алып, аудандық мәдени-сауық орталығының әншісі Д.Ахметжанованың «Наурызға шашу» әніне ұласты. Әдемі мерекелік жөн-жоралғы, ән-шашудан кейін Халел Мақсұтов:

«Халық арасында достық пен татулықты насихаттайтын осынау мерекенің мән-мағынасы өте зор. Киелі Тәуелсiздігімізбен қайта оралған Наурыз мейрамы бiрлiгiмiз бен татулығымыздың, салт-дәстүрiмiздiң, тiлiмiз бен дiнiмiздiң дамуына себепшi ұлы мерекеге айналып отыр. Егеменді елімізде бір шаңырақ астында өмір сүретін халықтардың бiрлiгi мен татулығы нығайып, елiмiздiң көк байрағы биiктерден көрiне берсін! Бақ пен дәулеттің мерекесi Наурыз мейрамы әр отбасына ырыс-ынтымақ сыйласын!», – деп ізгі тілегін жеткізді.

Мәдениет үйінің фойесінде қала басындағы мекемелер әр ұлттың киімдерін киіп, астарын даярлап та әкелген. Қазақ, украин, түркімен, орыс, өзбек, грузин, татар халқының ұлттық тағамдарын, психоневрологиялық медицина әлеуметтік мекемесі, мұрағат, Азиялық несие қоры, №2 орта мектеп, М.Әдекенов атындағы ауыл шаруашылық колледжі, орталық аурухана, «Жастерек», №44 орта мектеп, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мекемелері дәмді астарын жиналған қауымға ұсынды. Ұлттық киім киген ата-әжелерден құрылған «Қайран жастық» ардагерлер ансамблі мүшелері мерекенің көрігін қыздырып, халық әндерін шырқады. А.Шанин атындағы халық театрының өнерпаздары мен «Салтанат» ансамблінің, «Аңыз» бишілер ұжымы да өз өнерлерін тарту етті. Сонымен қатар, жылдағы жақсы дәстүр бойынша мекеме кәсіпорындардың дайындаған мәнді де мағыналы бағдарламалары көрермендерге ұсынылды. Саз мектебі, «Жастерек» және «Еркетай» балабақшасы, №1, 44 орта мектептері, психоневрологиялық медицина әлеуметтік мекемесі, балалар мен жасөспірімдер орталығының ұжымдары арасында өткен «Әз Наурыз – ырыс нұры, ұлыс күні» атты фестиваль көрікті көктемнің көңілді мерекесінің сәнін келтірді. Қарағанды қаласынан арнайы келген «Хайдакъ» ансамблінің мың бұралған бишілері тау халықтарының бірнеше биін билеп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Сонымен қатар, қала басындағы көптеген мекемелер өз ұжымдарында Наурыз мейрамын зор ықыласпен қарсы алды.

Ұлттық өнерді айрықша қадір тұтқан бұл күні жастар мен ересектер арасында халқымыздың ежелден бері келе жатқан қол күресі, аударыспақ, асық ату, арқан тарту, қой көтеру, қазақ күресі, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойын түрлерінен сайыстар өткізіліп, білек сыбанған мықтылар өзара бәсекеге түсіп, бақ сынасты.

Сағыныш ӘБІЛОВА

Қарқаралы ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.