Сайрап жатыр салған ізі!
Кеше ғана арамызда жарқырап, жайдары жүзімен еліне нұрын шашып жүрген Қасекең – Қасымбек Медиев ағамыздың да өмірден өткеніне қырық күн болып қалыпты. Қасекеңнің жарқын ғұмыры, халқына адал қызметі сан ұрпақтың санасы мен аузында болары сөзсіз. Сарыарқаның сайын даласында ол кісінің салған ізі сайрап жатыр.
Мен Қасымбек ағамен 1966 жылы Алматыдан ауыл шаруашылығы институтын бітіріп келген уақытта, туған ауданда агроном болып қызмет істеген кезде танысқанмын. Оқуды ойдағыдай аяқтап, ұстаз ағаларымның «кафедрада қал, ғылыммен айналыс» дегеніне қарамай отбасы жағдайымен ауылға қайтып келген едім. Уақасы жоқ, мұнда да өмір мектептерінен өттім. Ұстаз болған ағалар елден де табылды. Соның бірі және бірегейі осы Қасымбек Медиұлы болды.
Қасекеңмен танысуымның өзі бір хикая. «Комсомол» совхозында кезекті бір ойын-сауық шарасы өткізіліп, бір топ адам автоклубпен аудан орталығына қайтып келе жатқанымызда кенет жүргізушіміз көліктің тізгініне ие бола алмай қалып, автоклубымыз аунады да қалды. Абырой болғанда адамдар тірі, машина быт-шыт. Кенет бәрі үрпиісіп: «Медиев, Медиев келді!» десті. Мен ол кісіні танымаймын, аудандық партия комитетінің идеология саласына жетекшілік ететін хатшысы екен. Қайыстай қара кісі, іс-қимылы ширақ. Артымызда келе жатқан болуы керек, дереу машинасын тоқтатып, біздің хал-жағдайымызды білді. Жүргізуші жігітке қатты шүйлікті. «Жарайды, техниканы жөндеп аламыз ғой, сен адамдарды неге ойламайсың?! Егерде біреу мерт болса, не істер едің?! Рөлді ұстағаныңа мәз болмай, мына адамдарды аман-сау жеткізу жағын неге ойламайсың?! Ең бастысы – адамдар!» – деп жер-жебіріне жетті.
Сонда мен қызметті жаңа бастаған, оң-соңымды әлі біле қоймайтын жас жігітпін, Қасекеңнің осы сөздері жадымда қалып қойыпты. Көп ұзамай «Аупартком хатшысы шақырып жатыр» дегеннен кейін қабылдауында болдым. Мені біраз мақтап, «Болашағың бар, өсуің керек» деп, комсомол жұмысына ауысуды ұсынды. Мен «Мамандығым бойынша біраз жұмыс істей тұрайын, өндірістік тәжірибе де керек қой» деп басында бас тарттым. «Оның да жөн екен, бірақ түбінде комсомолға кел, комсомол, партия, совет жұмыстары – бұл алдымен адамдармен жұмыс. Көп нәрсені үйренесің, үйретеміз», – деп үміттендіріп шығарып салды. Бірақ, бәрібір аудандық комсомол комитетінің штаттан тыс хатшысы етіп бекіттірді, үйрене берсін деген ниетпен. Айтқаны айна-қатесіз шықты, Қасекеңнің батасымен комсомол жұмысынан бастап, облыстық, аудандық партия, совет қызметтерінде, мемлекеттік басшылық қызметте болып, үлкен өмір мектебінен өттім.
Қасекеңмен онан кейін жиі кездесіп тұрдым. Хал-жағдайымды біліп, ақыл-кеңесін аямайтын. Кейін Жезқазған облысы бөлінгенде, ол кісі сол өңірде қызмет етті де, бұрынғыдай болмаса да анда-санда жиналыстарда жолығып жүрдік. Үлкен лауазымды қызметтер атқарды. Бірнеше аудан басқарды, Жезқазған облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, атқару комитетінің төрағасы болды, Шет ауданының әкімі қызметін атқарды. Тәуелсіздік алғаннан кейін екі облыс қайыра бірігіп, Қасекең облыстық мәслихаттың хатшысы болып сайланды. Содан бері жұбымыз жазылмады деуге болады. Мәслихат жұмысын биік деңгейге көтере білді. Бір кезде депутаттар «Біз халықтың өкіліміз» деп даурығып, атқарушы органға өздерін қарсы қоюшы еді. Қасекең депутаттармен тығыз байланыс орнатып, жұмысты дұрыс бағыттап, кездескен проблемаларды атқарушы билікпен бірлесе шешуге шақырып отырды. Депутаттардың серкесі бола білді. Осы жұмыста өзін көпті көрген дана ақсақал, ұлылардан алғаны көп ұлағатты адам ретінде көрсетті. Елім деп, жерім деп еңіреген адамның бірі десем артық болмас. Атқарған қызметіне сай ел құрметіне бөленіп, Отанының көптеген, орден-медальдарымен марапатталды, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды. Қарағанды облысы мен Қарағанды қаласының Құрметті азаматы атанды.
Жұмыс бабындағы кездесулер өз алдына, Қасекең жасы үлкен аға ретінде көп өнеге көрсетті. Барды бар, жоқты жоқ, ақты ақ деп отыратын тура мінезді, әділетті адам еді. Барға тәубе, азға қанағат, жоққа сабыр етіп отырушы еді жарықтық. Өмірден алғаны да, тоқығаны да көп адам ғой, іскерлігімен таныла білді. Адамдарды тек қана іскерлік қасиеттері бойынша бағалайтын. Жұмыс, жұмыс деп өмірінің соңғы күніне дейін ат үстінен түспеді. Тіпті жасы жетіп, зейнетке шықса да қол қусырып отыра алмады. Қазақстан мәслихаттарының қауымдастығын құрды, депутаттар осы бастаманың ұйытқысы болған Қасекеңді қауымдастық төрағасы етіп сайлады. Бұл қызметті де абыройлы атқарды. Бір сөзбен айтсақ, антына адал, сертіне берік азамат еді ғой Қасекең ағамыз!
Естелік жазбаның соңында асыл ағаның рухына арнаған бірекі шумақ өлеңімді де келтіре кетсем деп едім:
Суық хабар келді жетіп бізге,
Кеттің, аға, асығып басқа өмірге.
Не шара бар, Алланың бұл ісіне?
Мәңгілік қалады аты есімізде.
Сарыарқаның еді ғой саңлағы,
Кешегі өр Алаштың жұрағаты.
Табан ақы, ақталып маңдай тері
– Қалмады оның алмаған марапаты.
Үлгі болды біздерге өміріңіз,
Жол көрсетіп, жөн сілтеп бір өзіңіз.
Сертіңіз сенімді еді елге берген
«Халқым!» – деп соғып тұрды жүрегіңіз.
Тілеубек ЗЕЙНЕШЕВ,
Қарағанды қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.