Сайлауға дайындық – жүйелі
Қарағанды облысында сайлауға тыңғылықты дайындық басталды. Барлық сайлау учаскесі материалдық-техникалық базамен қамтылып, сайлаушылар үшін қолайлы орта құру қажет. Сонымен қатар, түрлі жағдайлардың алдын алу мақсатында тәртіпке баса назар аударылуы шарт. Бұл туралы облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК Президенттің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру мәселелері бойынша облыстық сайлау комиссиясының бірлескен отырысында айтты.
Облыстық сайлау комиссиясының бастамасымен ұйымдастырылған жиында облыстық сайлау комиссиясының мүшелері, облыстық департаменттер мен басқарма басшылары, қала-аудан әкімдері, сондай-ақ, аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары бейнеселектор режимінде қатысты.
– Саяси науқанды жауапкершілікпен өткізу басты назарда. Сайлау учаскелері байланыс және интернет жүйесімен, жылу, жарықпен қамтамасыз етілуі қажет. Қауіпсіздік жағдайлары қарастырылып, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді болуы керек,– дей келе аймақ басшысы тиісті басқарма басшыларына айтылған мәселелерді назарларында ұстауды тапсырды.
Жиын барысында облыстық сайлау комиссиясының Төрағасы Қайрат Нұркенов сайлау өткізу кезіндегі қызметі мен сайлауды ұйымдастыру тұстарына кеңінен тоқталды.
– ҚР Президентінің Жарлығымен ағымдағы жылдың 20 қарашасында ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы тағайындалды. Сайлауды әзірлеу мен өткізу тәртібі 1995 жылғы 28 қыркүйектегі ҚР Сайлау туралы Конституциялық заңымен айқындалған. Заңға сәйкес жергілікті жерлерде алдағы сайлауды әзірлеу мен өткізуді аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары жүзеге асырады. ҚР Орталық сайлау комиссиясының Қаулысымен бекітілген күнтізбелік жоспары облыстық сайлау комиссиясының жоспары негізінде алынған. Сондай-ақ, Сайлау туралы конституциялық заңның аясында аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамы «сайлау» туралы сайтта көрсетіліп, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында бекітілген мерзім ішінде жарияланады. Барлық комиссия құрамы жария болғаннан кейін ауыстыру мен өзгертуге жол берілмейді. Жергілікті атқарушы органдар барлық сайлау учаскелерінің әкімшілік нысандардың төменгі қабатында отыруына мүмкіндік жасауы қажет, – деді Қ.Нұркенов.
Сайлау өткізуге жауапты түрлі деңгейдегі сайлау комиссиясы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында арнайы оқыту курстарынан өтетіндігі де тілге тиек етілді.
Облыс бойынша 642 сайлау учаскесі бар. Оның 609 тұрғылықты мекенжаймен, 33 уақытша тіркелгендер үшін 656 сай- лау комиссиясының 1-і облыстық, 13-і аумақтық, 642-і учаскелік. Облыстық сайлау комиссиясында – 7, аумақтық сайлау комиссиясында – 91, учаскелік сайлау комиссиясында – 4484 мүше бар.
Сайлауға қатысып, өзінің азаматтық көзқарасын танытуға әр адам құқылы. Әр сайлаушы «sailau09» сайтына кіріп ЖСН немесе жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірін жазып, өзінің қай сайлау учаскесінде тіркелгендігі мен мекенжайын анықтай алады. Сонымен қатар, тәулік бойы жұмыс жасайтын «Сенім 109» бірыңғай диспетчерлік қызметінен де өзіне қажетті мәліметтерді алуға мүмкіндігі бар.
Сағыныш ӘБІЛ.
Суретті түсірген Р.ҚАЛИЕВ.