Сахна саңлағымен сұхбат
Абай атындағы облыстық балалар кітапханасында Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың және «Еңлікгүл» театр сыйлығының лауреаты, Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының актері, драматург Кеңес Жұмабековпен «Сахна өнерінің сұңғыласы» атты кездесу өтті.
Кітапханада «Барлық мамандықтар қажет, барлық мамандықтар маңызды» жобасы аясында түрлі мамандық иелерімен кездесулер дәстүрлі өткізіліп келеді. Бұл шаралар барысында балалар дәрігер, мұғалім, әскери қызметкер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, аспаз және басқа да мамандық өкілдерімен жүздесіп, көп нәрсеге қанық болады. Сонымен қатар, балаларға өз жан дүниесіне үңілуге, білім мен дағдыларын шыңдауға ықпал етеді.
Есімі елімізге белгілі өнер қайраткерімен өткен кездесуге қаламыздағы мектептердің жоғары сынып оқушылары келді.
Кездесу барысында оқушыларға қазақ театр өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан актердің өмірі мен кәсіби шығармашылық қызметі туралы мәлімет берілді. Кеңес Нарымбайұлы Сәкен театрындағы 57 жыл бойы тынымсыз еңбек еткен шығармашылық жолында киелі сахнада жүзге жуық түрлі образды сомдаған. Оның ішінде, драмалық рөлдерден бастап, комедиялық рөлдерге дейін сахналық бейнелердің тұтас галереясы бар.
– Әр адам алдымен жүрегі нені қалайтынын анықтап алып, содан кейін арманына адал болуы керек. Мен оқуға шыққанда автобус кетіп қалып, құйып тұрған жаңбырдың астында 25 шақырым жаяу жүріп барғанмын. Бұл – арманыма адалдығым. Ата-анама айтпадым. Айтсам, жаңбырдың астында жаяу жібермейтінін білдім. Қазір өкінбеймін, арманым алдамапты, – деп ағынан жарылды Кеңес Нарымбайұлы.
Кеш қонағы жас достарына өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, қызығы мен шыжығы мол өнер жолындағы түрлі естеліктерін әңгімеледі. Ақыл-кеңесін де аямады.
– Өнерімді жас кезімнен байқап, қолдау көрсеткен анам болатын. Анам қолдап, жағдай жасамағанда бұл дәрежеге жетпеуім де мүмкін еді. Сондықтан, ата-аналар баласының бойындағы жақсы қасиетін, қабілетін, икемін байқап, оны дамытуға күш салуы тиіс. Жалпы, ұстаздан жолы болған адаммын. Нұрмұхан Жантөрин, Евней Арыстанұлы сынды қазақтың арда азаматтары маған көп қолдау көрсетті. Қиын кезде жанымнан табыла білді, – деп атап өтті Кеңес Нарымбайұлы.
Кеңес Нарымбайұлы драматург ретінде де танымал. Оның «Замана неткен тар едің?!», «Қаздауысты Қазыбек би», «Ер парызы» пьесалары бойынша Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстық театрларының сахналарында спектакльдер қойылды. Бұдан бөлек, діни сауатсыздық мәселесіне арналған «Адасқандар» драмасын жазған.
Кездесу аясында жұрт назарына кітапхананың оқу залында қойылған кітап көрмесі ұсынылды. Онда Кеңес Жұмабековтің өз туындыларымен қатар, түрлі басылымдарда жарияланған актердің шығармашылық қызметі туралы материалдар ұсынылды.
Сонымен қатар, кеш қонағы балаларға қысқаша шеберлік сабағын да ұйымдастырды. Шеберлік сабағына кеш иесінің қойған сұрағына дәл жауап берген оқушылар қатысты.
Әңгімеге толы жылы кездесуден балалар қимай тарасты. Кітапхана директоры Баян Қуанышқызы кездесу қонағы мен оқушыларға шексіз алғысын жаудырды.
Кеңес Нарымбайұлы да өз кезегінде қолтаңбасы қойылған еңбегін кітапхана қорына сыйға тартты.
Мөлдір МҰРАТБАЕВА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу
университеті журналистика бөлімінің
IV курс студенті
Сурет ұйымдастырушылардан