Жаңалықтар

Сахна бәйгесінде қара үзген актер

Театр сахнасындағы әр кейіпкердің өз шындығы бар. Ал, актер өзі сомдаған кейіпкердің шындығына терең үңілетін сырласы іспетті. Бір-біріне кейде ұқсас, кейде мүлде алшақ образдарды сомдау үшін оны мұқият зерттеу керек. Кейіпкер болмысындағы кей қасиеттер актердің де бойында болса, тіпті, тамаша. Қарағанды облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының актері Айдос Нұрмағамбетов өзі сомдаған кейіпкерлердің ішінде Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббат» пьесасындағы Айбардың адамдарға жақсылық ойлап тұратын тілеулестігі, жан баласына жамандық ойламайтыны өзіне ұқсайтынын айтады.

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ал Оралхан Бөкейдің «Атау кере» повесінің желісімен қойылған спектакльдегі Тағанды «жаратылысы бөлек, жаны нәзік, шыншыл, қоғамдағы әділетсіздікке төзе алмай сынып кеткен тұлға» деп санайды. «Таған – әділдікті аңсаған кейіпкер. Пендеміз ғой, көп жерде ойымызды бүгіп қаламыз, үндемейміз, осы тұрғыдан келгенде көрермен Тағанның жанын жақсы түсінеді», – дейді актер.

Айдос Нұрмағамбетов Сәкен театрына 2021 жылы келді. Осы уақыт аралығында ол Қ.Жүнісов­тің «Ұлтқа қызметінде» – Әлихан Бөкейхан, Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббатында» – Айбар, Оралхан Бөкейдің «Атау кересінде» – Таған, Е.Жуасбековтің «Үйлену» комедиясында – Терек, К.Жұмабековтің «Рақымжанның Қасымында» – Қасым, Б.Абдуразаковтың «Айналайынында» – баласы, «Гедда Габлерде» – Эйлерт Левборг ролін ойнады. Сонымен бірге Сәкен театрының қуыршақ труппасының ертегі қойылымдарында бірқатар рольдер ойнап, бүлдіршіндерді қуантып жүр. Көрермен көзайымына айналған актердің Арқа сахнасындағы еңбегі еленіп, Қарағанды облысы әкімінің өнер мен мәдениет қыз­меткерлеріне берілетін «Алтын қобыз» сыйлығын иеленді.

Театр сүйер қауым актерлерді – сахна патшасы деп әспеттейтіні тегін емес. Себебі қойылымда айтылар ойдың халыққа дөп жетуі актердің шеберлігі мен рольді бойына әбден сіңіргеніне байланысты.

Бұл тұрғыда Айдос Нұрмағамбетов «Роль ойнаған сайын ашыла түседі», – дейді.

– Рольге дайындықтың ұзақ­тығы спектакльдің сахнаға шығатын күніне байланысты. Режиссер шығарманы оқуға ұсынғанда бізге нақты қай рольді беретінін айтпайды. Шығарманы оқып шыққан соң немесе талқылау кезінде кейіпкерлердің мінез-құлқы мен локациялар көз алдыңа келе бастайды. Режиссер «Мына рольді саған лайық деп отырмын, қарап көр», дегенде кейіпкерді анық зерттей бастайсың. Оған өзіне тән әдеттер сіңіріп, образын қалыптастырамыз, сол арқылы роль сіңеді. Алғашқы қойылымда актердің бойына роль толық сіңе қоймайды, ол уақытпен келетін дүние. Образ ойнаған сайын ашыла түседі.

Актер мен кейіпкердің ұқсас­тығы сөз болғанда Айбар мен Айдостың әншілігін айтпай өтуге болмас. «Қош, махаббат» қойылымының өне бойында Айдос Нұрмағамбетов орындаған «Мен деп ойла» әні Арқа тыңдарманының жадында жаңа леппен қайта жаңғырды десек артық айтпаймыз. Бұл – Айдос Нұрмағамбетовтің алғаш Ақтөбедегі Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледж қабырғасында әншілік өнерді жетік меңгергенін аңғартады.

Айдос бір жыл бұрын Сәкен театрында құрылған ұлттық және симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен әнші Рысты Рақымжанмен бірге концерт берген еді. Кәсіби маманның жанды дауыстағы әндерін көрермен жылы қабылдады.

Өнердегі ұстазы жайлы сауалымызға актер «Жалпы, өз бойындағы бар білімді, өнерді, жақсылықты балаға сіңіре білген адамның барлығын ұстаз деп қабылдаймын. Әрине, бірінші кезекте ата-анамның үлгісін ұстаздықтың бастауы деп білемін, оны ешқандай мектеп бере алмайды. Одан соң, өнер жолына түсуіме себеп болған адамдардың барлығын ұстаз тұтам. Олардың әрқайсысынан алған тәлімім, білімім мені осы күнге жеткізгені анық. Өнер жолында шын еңбек етіп, маңдай терін төгіп биік белеске жеткен әрбір тұлғаны құрметтеймін, сондай азаматтардан үлгі алуға тырысамын», – деп жауап берді

Ол «Бала күнімде екі арманым болды», – дейді. Бірі – футболшы, екіншісі актер болу екен. Ахмет Жұбанов атындағы музыка колледжінің қабырғасында әншілікті меңгеріп, оны бітірген соң Астана қаласындағы Шабыт университетінде театр және кино актері мамандығын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Әлімбек Оразбековтің класынан игерген.

«Дәл осы рольді ойнасам деген нақты арманым жоқ, дегенмен жағымсыз кейіпкерлерді ойнағанды жақсы көрем, себебі онда белгілі бір шектеу жоқ», – деген кейіпкеріміз театр сахнасында жағымды рольді сомдау, оның ішінде портреттік тұлғаларды сомдау қиын екенін айтады.

Дегенмен, Айдос Нұрмағамбетов сомдаған Әлихан бейнесі Арқа көрерменіне жақсы таныс. Ол сомдаған Әлиханда Айбардағы жұмсақтық пен Тағандағы бойкүйездіктің иісі де жоқ. Тегеуріні мықты, мақсаты анық, қадамы нық, ойы озық Әлихан болмысын актер әбден бойына сіңірген. Оған қойылымның көрермен көңілінен шығып, үнемі аншлагпен өтуі дәлел бола алады.

«Атау кере» спектаклінде де әр кейіпкердің өз шындығы, өз мінезі болғанымен, Таған алға суырылып шығады. Әрине, оған спектакльге арқау болған «Неге біз осы?..» сауалының Тағанның аузымен айтылғаны әсер еткені анық. Десе де, қоғам шындығын жан-тәнімен сезіну, оны өз ойындай жеткізу әрі оған көрерменді сендіру оңай емес.

Я Әлиханға, я Тағанға ұқсамайтын Айбар «Қош, махаббаттағы» екі жастың тілеуін тілеген жанашыр бола жүріп, өзі де байқамай бас кейіпкерге айналып кеткендей. Тіпті, екі жастың өз махаббаты алдындағы жауапкершілігінен Айбардың тілеулестігі күшті ме, деп қалатыныңыз да рас. Оған әрине, кейіпкерге басымдық берген автормен қатар рольді сомдаған актердің шеберлігі ықпал ететіні анық.

Соңғы бірер жылдың мұғдарында Сәкен театрының актерлік құрамына көптеген актер қосылды. Өткен жылдың өзінде 30-ға тарта жас актер мен режиссер, суретші мамандығын меңгерген жастар қабылданды. Олардың әрқайсысы өнер ұжымының ісін ілгерілетуге үлес қосатыны анық. Ал біздің мақалаға арқау болған актер Айдос Нұрмағамбетов сахна дейтін сиқырлы саладағы бәйгеде қара үзіп алда келеді.

Назым ДҮТБАЕВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button