Бас тақырып

Саф өнерді дұрыс насихаттап жүрміз бе?

Жуырда газетіміздің 90 жылдығы аясында жолымыз түсіп, киелі Қарқаралының бірқатар ауылын араладық. Бұрынғы Егіндібұлақ ауданы, Айрық ауылы аумағындағы Үшқара тауына шықтық. Бұл – қазақтың атақты әнші-композиторы, ақын әрі батыры Мәди БӘПИҰЛЫ мекен еткен жер. «Үшқара» дейтін әні де бар. Үшқараның үстіне шығып, төңірекке көз тастағанда көк шалғынға аунағың келеді. Табиғатының сұлулығын сөзбен айтып жеткізу қиын. Мынадай жерде туып-өсіп, ақын болмау – күнә деп түйдім. Түрмеде отырып: «Баурынан Үшқараның аса алмадым, Жайқалтып жапырағын баса алмадым. Есіме қайран елім, сен түскенде, Көл қылып көздің жасын баса алмадым» деген жолдардағы ақын мұңын Үшқараның төбесіне шыққанда жан-жүрегіммен сезгендей болдым. Бірақ, өкінішке орай, халықтық әнге айналып үлгерген осындай классикалық саф туындыларды елдің көбі білмейді. Оған кім кінәлі? Осы ой жиі мазалайды…

Мүмкін біз дұрыс насихаттай алмай жүрген шығармыз? Қайдам? Десек те, өзін қазақпын деп сезінетін әр адам ұлттың болмысы сақталған табиғи өнерге ынтық болуы керек қой. Алайда, олай болмай тұр. Едірей тауларын жағалап жүргенде, шабыт қысып ән салдық. Сондағы орындаған әндерді ой елегінен өткізсем, көбі 2000 жылға дейін жазылған туындылар. Сонда кейінгі 20 жылда түк жазылмаған ба? Әлде олар елдің көңілінен шықпай жатыр ма? Бұған да жауап таба алмай дал болдым. Қартайғанда жастық шағымыз жайлы ән таппай қиналамыз-ау, мына түрімізбен…

Жуырда ұлттық домбыра күнінде Арқаның талантты күйшісі Манап Анықбековтен сұқбаттасқанда да осы мәселені қозғаған еді. «Біз, халық әні, қазақ күйі сынды өміршең өнерді көбірек насихаттауымыз керек. Сонда елдің талғамын көтеріп, есті әндердің жазылуына түрткі боламыз. Күйшілерді ешкім іздемейді. Ілуде біреу ғана. Той томалақта да, ел жеңіл-желпі әнге әуес. Осылай кете берсе, соңы рухани тоқырауға әкеп соғуы мүмкін. Мұның алдын алуды ойлауымыз ләзім» деп алаңдаушылық білдірген-тін.

Шындығында, «анау жоқ, мынау құрып барады» деп сынап-мінегеннен түк шықпайды. Жан-жағымызға қарап, етекжеңімізді жиып үлгердік қой. Қазір ептеп елдің жағдайы да жақсарды. Ұялы телефон ұстамайтыны кемде-кем. Ғаламторда тәулік бойы отыруға мүмкіндік бар. Осыны тиімді пайдаланып, ұлттың иісі бар, адамға ой салатын саф өнерді неге насихаттамасқа? «Заманың тазы болса, түлкі болып шалу» қажет-ақ.

Қарағанды облыстық «Сарыарқа» телеарнасында дәстүрлі өнерді насихаттайтын бағдарлама жоқ. Басқа облыстық телеарналар осы өнер саласын насихаттауға арнайы бағдарлама ашып қойған. Халықтық ән-күйлерін таспаға басып, Алтын қорларын толықтыруда. Мәселен, орыс көп шоғырланған Солтүстік Қазақстан облысы осы жағынан көп өңірден озық тұр. Оларда Қайрат Байбосыновтың шәкірті Біржан Есжанов ашқан «Аманат» деген бағдарлама 3-4 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Дәстүрлі өнер иелері көп болмаса да, насихаты мол. Сол бағдарламада әннің шығу тарихы қозғалады, ән-күй орындалады және түрлі нұсқалары көрсетіледі. Ал, біз ауыз толтырып «Арқаның дәстүрлі ән мектебі, күйшілік өнері» деп асыра мақтауға құмармыз. Нақты іске шорқақпыз. Сержан Мұсайын, Құрмаш Ыбышев, Дәуренбек Әркенов сынды орта буын өкілдерімен қатар басқа да толқын-толқын өнерпаздар бар. Олардың да облыстың басты арнасынан ән салып, сөйлеп жатқанын естімейміз. Осы қымбат құндылықты насихаттайтын бағдарламалар ауадай қажет, – дейді дәстүрлі әнші Саян Бөдесов.

Бұл пікірдің де жаны бар. Теледидарды қосып қалсаң, әлеужеліге кіріп қалсаң, бітпейтін ырқыл-жырқыл күлкі, бәтуәсі жоқ жеңіл-желпі әндер. Өмірден түңіліп кетесің. Қазір солардың дәурені жүріп тұр. Бірақ, уақыттың елегі ешкімге аяушылық танытпайды. Қазіргі маусымдық өнерпаздар шынайы өнердің қадірін сол кезде біледі. Саф өнер, Мәдидің «Үшқара» сынды әндері елмен бірге жасай бермек. Өткені, онда халықтық сипат, елге ортақ мұң, сол дәуірдің бет-бейнесі бар. Ол ақша табу үшін әркімнен жырымдап ұрлап жазылған ән емес. Қазір әнді көшіріп алып айтып, табыс табу сәнге айналған. Осыдан-ақ, саф өнердің жағдайын байқауға болады. Көшірсе де, дәмі бар болса жарайды ғой. Дәм түгіл, ұлттық иіс те байқалмайтыны қаптап жүр.

Бір байқағаным не нәрсе жарқ-жұрқ етіп, көп насихатталса, жұрт соған үйір болады. «Көпте ақыл жоқ» деп Абай хакім қалай дөп тауып айтқан?..

Осыны жақсы білетін пысықайлар елдің арқасында байып, шалқып жүр. Егер, біздің рухани деңгейіміз, мәдени өреміз биік болғанда, ақша үшін өнерді қорлап, «ақынмын» деп, ұйқассыз өлең жазып, «ғой, ғой» деп, поэзияны қорлап жүрген шала дүниелер болмас еді. Сөзде сиқыр бар. Інжілде: «Ең бірінші сөз пайда болған» делінген. Қасиетті Құран да өлең жолдары сияқты түйдек-түйдек болып түскен ғой. Оның киесі мен құдіретінен қорқу керек. Осыны жиі айтып, көпке жеткізу – маңызды…

Меніңше, дәстүрлі өнерді мектептен бастап насихаттау керек. Ән-күй, әдебиет сабақтарына жіті назар аударған жөн. Қатаң қадағалап, халық әндерін, күйлерді жаңа технология арқылы насихаттап, оқушы санасына құю керек. Жетіген, дауылпаз, қобыз сынды музыкалық аспаптардың не екенін білмейтіндер де бар. Қысқасы, мектеп бітіріп шыққан бала, қазақтың ұлттық болмысын ұстап тұрған табиғи өнердің қадірін біліп, оған жаны ашып тұруы тиіс. Сонда, саф өнер де өлмейді, болашақ жастар да патриот болып өседі, – дейді №5 мектеп-интернатының ұстазы Думан Шалтаев.

Шәкәрім: «Біреудің мінін тергенше, Өзіңмен күрес өлгенше» деп өсиет айтқан. Сондықтан, ұлттық өнерге жанашырлықты әрқайсымыз өзімізден бастайық. Жүрген жерімізде шамамыз келгенше айтып жүрейік. «Тамшы тама-тама тас жарады» демекші, дәстүрлі өнердің тамырына осылай қан жүгіртуге болады. Бәрі – өз қолымызда. Ешкім біздің жоғымызды түгендеп, рухымызды оятып, өремізді өсіріп бермейді. Арзан қылжақ пен мәні жоқ әнсымаққа алдануды доғарып, ұлттық иіс бар саф өнердің көшін өрге сүйрейік. Оның жаппай насихатталуына бір кісідей атсалысайық!

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button