Тұлға

«Сабалақ қосбасар»

Қайролла туралы жазамын деп кім ойлаған?! Бүгін жазамын деп…

Қарашаның түскені білініп тұр. Мына жатқан қырбық қардың да қайтпайтыны белгілі. Өйткені, қараша қаздар қайтып кеткен.

«Қайролла дүниеден өтті» деген суыт хабарды жол үстінде жүріп естідім. Сапарымды үзіп, қатарда тұра алмадым. Ағасы болып жүргенімді қайтейін, жалғаннан қалған төмпешікке өз қолымнан топырақ сала алмадым. Бүгін де оның бақилық болғанына сеніп отырғаным жоқ.

 Алайда, бәріміздің де басымызда қараша тағдыр жүргені анық.

Қайролланың күй тартқаны таңсық емес, әрине. Қай қазақ баласы қолына домбыра ұстамаған? Солай ойлайсың да, қоя саласың.

Алайда, «Қайролла домбыра тартады екен» деген әңгіме… маған ерекше әсер еткен. Мен оның әкесі Дәулетбекті білдім. Тұтастай жатқан мектеп қой. Білгенде кешегі шертпе күй алыптарының сынығы деп білдім.

Мен оның ағасы Халелді білдім. Жігіттің сұлтаны еді ол да. Тартып туған еді ол да. Бері салғанда әкесіне.

Жан-жақты болатын. Балуандығы да болды, ақындығы да болды, жазушылығы да болды, дәулескерлігі де болды. Сол тұстың өзінде Дәулетбекұлы деп жазатын. Момышұлы, Смаханұлы дегендейін. Бірақ оның ғұмыры қысқа болып шықты. Баржоғы қырық жыл ғұмыр кешті.

Сол ғұмырды Қайролла жалғастырады деп кім ойлаған?!

Біздер солай танысқанбыз. Күй тартады екен. Бір кездескенімізде ауыл әңгімесінен аса алмадық. Тағы бір кездескенімізде тағы да сол ауыл әңгімесін қаузағанбыз. Бұл жолғы әңгімеміздің төркіні бөлектеу болды. Біздің елдің ауылдары күйші ауыл болып келеді ғой. Мені жанына жақындатқаны күй табиғатын түсінеді екен.

 «Сабалақ қосбасар» жөнінде бірінші рет сол жолы әңгіме өрбіттік-ау деймін. Бірақ әңгімеміз жүйесіз шыққан. Ол да түсінікті-ау деймін. «Сабалақ қосбасар» жөнінде кешегі күнге дейін айтылмай келді ғой. Бірақ, түбі айтылатыны һақ еді.

Соны айтатын күн келген екен.

Бір күні іздеп жұмысыма келді. Осыдан алты жыл бұрын. Онда да қараша айы еді. Онда да қар түскенді. Бірақ, онысы қараша қар еді. Еріп кеткен. Қайролла інім құр келмеген екен.

 Қолында шолақ домбырасы бар. Сол күні бір шешілдік-ау.

«Сабалақ қосбасарды» тағы да қаузағанбыз.

Сабалақ… Бұл атақты Абылай ханның лақап есімі ғой. Олай болса, «Сабалақ қосбасардың» осы Абылаймен тікелей қатысы бар. Дұрысырағы хан әулетімен тікелей қатысты. Қайролла айтады. «Сабалақ қосбасардың» бастауында Абылай тұр деп. Мен айтар едім. «Абылайдан бұрынғы хандарымыз қолына домбыра ұстамаған ба?» деп, «Олар да күңіренбеген бе?» деп, «Жорық жылдарын күңірентпеген бе?» деп.

Осы жерде екеуіміз де тосыламыз. Өйткені, Науырызбайдан кейін хан баласы қолына домбыра ұстады деген сөз естілмейді. Ал төрелер тартқан. Бірақ, олардың күйлері «Сабалақ қосбасар» деп аталмайды ғой.

Шетті шертпе күй отаны деп жатады. Бір кездері солай болған. Дәл бүгінгі күнде… Жанымыз иттей қыңсылайды. Айта алмайсың соны айқайлап. Өйткені, айтып отырған шертпе күйіміз бұл жерде де өлімші халде жатыр.

Әлі аман болса ол осындағы жоқшы болып отырған ағалардың арқасы болар. Кәмел Жүністегін кім білмейді? Өмір Кәріпті кім білмейді? Бұл кісілер жай жоқшы кісілер емес, «Сабалақ қосбасардың» жоқшылары. Кәмел ағамыз Қыздарбекті жұртымен табыстырса, Өмір ағамыз Әбікенді қайраңнан алып шықты. Екеуі де «шамаларына қарамай» Абылай ханға барды. Бір кездері солай дегенбіз. Қазір үндемейміз. Өйткені мойындаймыз. Сол шама Қайролла бауырымда да бар еді.

Оның артықшылығы онда «Сабалақ» сарыны қалып қойған. Туған топырағынан жұққан, әкесі Дәулетбектен жұққан, Халел бауырынан жұққан.

Ақадырда Әбікен Хасенов атындағы музыка мектебі бар еді. Мектебі бар, әрине, маңдайшасындағы «Әбікен Хасенов атындағы» жазуы өшірілді. Атаусыз мектеп біздерге жабылып қалғанмен бірдей еді. Соған мәу деген бір жан болсайшы.

Тіпті, Әбікен бабамыздың туған жылына күмән келтірушілер де шықты. Шырылдап тағы да сол Қайролла жүгірген. Одан кейін де жүгірістер аз болған жоқ. «Орталық ашамын» деді. «Айдостың кешін өткіземін» деді. «Экспедицияға шығамын, күй үлгілерін жинаймын» деді.

Біле білген жанға бұл бір адамның ғұмыры жетпейтін жұмыс қой. Бірақ, оның айналасы шоқтықты еді. Зәрубай Сүйіндіков, Ертай Жәнібек, Абылай Шуланбаев, Ерлан Құсайынов, Қайрат Әбілда, Тілеубай Кәріпбаев, Мұхамедғали Баймұқанов, Оралбек Жүніс, Мағауия Сембай, Зияда Мұқатаев, Қалкен Қасым, Әнет Сепбосынов және басқалары қашанда қасынан табылды.

Алғаш «Неден бастаймын?» дегенде «Шәкіратты Арқаға алып келуіміз керек» дедім. Сөйтсем өзі де соны айта алмай отыр екен. Арқа төсінде ерекше бір сондай кеш өтті. Шәкіраттың қатысуымен. Оны біреу түсінсе, біреу түсінбеді. Одан кейін шертпе күй кештері жамыраған.

Арқада Дәулетбек мектебі қалай құрметпен аталса, Шәкірат Сержан есімі де Бекет ата елінде сондай құрметпен аталады. Дәулетбек пен Шәкірат ағаларымыз домбыраның қос ішегіндей еді. Жарасты ғұмыр кешті. Дәулетбек ағамыз бақилыққа озғанда үңірейіп қалды ма деген орынды Қайролла келіп басты.

Енді Қайролланың орнын кім басар екен? Шәкірат ағамызға кім тіреу болар екен? Ойбу, бар ғой. Жүсіпбек бар ғой. Дәукеңнің немересі…

Кейінде жұмысым Алматыға ауысып кетті. Бір тоқайласқанымда үйге келген. «Амандасуға келдім» дейді. Әр жағы белгілі.

 Төкті-ай «Сабалақ қосбасарды»…

«Кімдікі?» деймін ғой баяғы. Дәукең «Ағаңыздікі» дейді.

Ең соңында «Құпия күйлер ғой бұлар» деп қояды. Шынымен де солай шығар. Оның да өз құпия күйі болды. «Сабалақ» күйі.

Сол «Сабалақ қосбасары» кімде қалды екен?

Төрехан МАЙБАС,
жазушы

Басқа материалдар

Back to top button