Руханият

Сағыныштың пернесін әнмен басып…

Қазақтың классикалық әнін жаңа белеске шығарған Мейірхан Адамбеков еді. Арқадағы бір шың еді мар­құм. Бақиға аттанғанына, міне, бес жылдан астам уақыт өтіпті. Ән дарынын өрелі тыңдарманы, өнердегі аға-бауырлары, шәкірттері сағынып жүр. «Шалқыма» концерт залында Мейірхан Адамбековті еске ал­ған «Сағындым ғой…» де­ген сағыныш басар классикалық әндер кеші өтті. Об­лыстық мәдениет, құжаттама және архивтер бас­қармасы ұйымдастырды. Кешке алыс-­жақыннан ән дүлдүлдері кел­ді. Сағынышқа бөленген жүректі ән тербеді.

Кешті Мейірхан Адамбековтің сыр ұғысқан досы, қазақтың аяулы әншісі Жақсыкелді Кемалов жүргізді. Досқа деген сағынышын бұл жолы әнмен емес, кеудеңдегі теңізді толқытар толғамды сөзбен жеткізді. «Оның артында перзентін жоқтаған асыл елі қалды, әнінің шуағын сіңірген жасыл белі қалды, сағыныш сазын сыңсытып, Арқаның төрі қалды, қаймана жұрты, Нұра мен Талды, Қарқаралы, Шайтанкөлі қалды. Ошағының отын маздатып, ұрпағы қалды, туын түсірмей, жалауын жықпай, бүгінде ән өнерінде ойып орын алған бір қауым замандасы, сүйікті шәкірттері қалды. Оның репертуарындағы сырлы халық әндері, сал-серілер мұрасы, қайталанбас сазгерлердің ғажайып қазынасы бөлек табиғатымен тыңдарман жүрегінен өшпес орын алды», – деді. Расында, Мейірхан Адамбеков ғұмырында тұтас Арқа даласына айналып кеткендей. Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Жарылғапберлі, Үкілі Ыбырай, Естай, Жаяу Мұса, Балуан шолақ, Иманжүсіптерден қалған ән Мәди, Жақыпбек, Жүсіпбектер арқылы алтын арқауын үзбей, Қайраттар мен Жәнібектерге дарыған. Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов пен бүгінгі талантты толқынның арасындағы алтын көпір Мейірхан Адамбеков еді.

Ән көшін Жезқазғаннан келген жезтаңдай әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Ғалым Мұхамедин Біржан салдың «Жонып алды» әнімен бастады. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, талантты әнші Серік Оспанов Сегіз серінің әні «Ғайниді» шырқады. Алаш баласы сүйіп тыңдайтын халық әні «Жиырма бесті» Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, керекулік дүлдүл Ербол Айтбаев әуелетті. Тәттімбет атындағы өнер колледжінің ұстазы, қобызшы Жанқаш Жұмабеков Ықыластың «Кертолғауын» толғады.

Мейірхан Адамбековтің шә­кірт­тері бұл күнде жарқырап ке­леді. Олар – республикалық, ха­лықаралық конкурстардың лауреаты Гүлмира Тапай, Мәдениет саласының үздігі Медет Осатаев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Аяулым Қамажан, республикалық конкурстардың лауреаты Айбек Рымғали, республикалық конкурстардың лауреаты Қуандық Төкен. Ұстаз үмітін ақтаған шәкірттер өрелі тыңдарман алдында жоғары деңгейде өнер көрсетті. Әншісін сағынған жұрт шәкірттеріне тамсанды. Бүгінде Арқадағы шертпе күй мектебінің белді өкіліне айналған Мадияр Сүйлейменов Мұхамеджан Тілеухановтың «Тағдыр-ай» күйін шертті. Мейірхан Адамбековтің тағдыры қасиетті ән еді. Талантты әнші Құрмаш Ыбышев Садық Кәрімбаевтың «Ақерке» әнін орындады. Марқұм Мейірхан аға Кәрім Сауғабаевтың сөзіне жазған Ілия Жақановтың «Балқантау аққулары» әнін ерекше орындайтын еді. Бұл әнді ізін басқан шәкірттерінің бірі де бірегейі Ержан Базарбеков айтты. Ән арасында «Ағам осылай айшықтаушы еді» деп ғаламат туындыны Мейірхан Адамбековтің мәнерімен өрбітті.

Мейірхан Сәйдіұлының әйгілі әнші, дарынды өнерпаз, үзеңгілес дос, қадірлі замандасы Рымтай Бөдеспен жарастық-сыйластығы бір бөлек әңгіме. Рымтай Бөдесов­тің ұрпағы, әнші, республикалық конкурстардың лауреаты Саян Мұздыбай Несіпбек Айтұлының сөзіне жазылған Рымтай Бөдесовтің «Есіңде ме» деген әнін құлпыртты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркенов «Ағаға сағыныш» әнін шырқады. Бұл ән – Қойлыбай Асановтың сөзіне жазылған төл туындысы. Мейірхан Адамбековтің Мұқағали Мақатаевтың «Кезімде қадірімді сезбес мынау» деген өлеңіне жазған әнін Бақтияр Орал есімді жас әнші орындады. Мейірхан ағаның орындауында халықтың сүйікті әніне айналған «Шайтанкөл» марқұмның ұлы Алданыш Адамбековтің жүрегімен жетті.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттер ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button