Жаңалықтар

Сағынышқа толы саз кеші

«Шалқыма» концерт залында КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор, профессор Еркеғали Рахмадиевтің 90 жылдығына арналған концерт өтті.

Еркеғали Рахмадиұлы мемлекеттік консерваторияны 8 жыл басқарды. 27 жыл бойы Қазақстан композиторлар Одағының төрағасы болды. КСРО композиторлар Одағының хатшысы, мәдениет министрі қызметтерін қоса атқарған. Саналы ғұмырын қазақтың музыка өнеріне сарп еткен ардақ.

Оның «Қамар сұлу», «Алпамыс», «Абылай хан» сынды операның, оркестрлік, вокалды-хор, театралды-сахналық, камералық-аспапты көптеген туындылары, әндер мен романстары ел жүрегінде қаттаулы.

Осы кеште Е.Рахмадиев атындағы Қарағанды симфония оркестрі мен жеке орындаушылар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Талғат Күзембаев, Гүлзат Даурбаева, Дәуренбек Әркенов өнер көрсетті. Фортепиано пернесінен Серік Еркімбеков таңғажайып саз төкті. Бас дирижер Петр Грибановтың жетекшілігімен саз сүйемелдеген оркестр көпшілікті рухани ләззатқа бөледі.

Кешке композитордың жұбайы Клара Рахмадиева мен жақындары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Қасейінов, Қазақстан Республикасының Композиторлар одағының төрағасы Серік Әбдинуров қатысты. Мерейлі шара соңында Клара анамыз тебіреніп былай деді.

— Ерекең көзі тірісінде Қарағандының көрерменін ерек қадірлейтін. Үнемі, «Кенді шаһардың көрерменіндей музыка түсінер талғампаз жұрт жоқ-ау», — деп таңырқап, сүйсініп жүруші еді, шіркін. Білесіздер ме, шығармашылық адамы үшін риясыз соғылған шапалақ пен қошеметтен артық дүние жоқ. Әлі есімде. Бірде Еркеғали өнер сапарымен Қарағандыға келген-тін. Сахнада Алматының симфониялық оркестрі өнер көрсетті. Музыка құдыретіне елітіп, тәнті болған облыс басшылығына сонда Ерекең «Мұндай өндірісті өңірде симфониялық оркестірдің болмауы, ұяттау дүние. Чехияда әр қала тұрмақ, әр мектебінде өзінің симфониялық оркестрі бар. Сіздерге неге оркестр құрмасқа? Абдырап қалған обком хатшысы «Ол үшін не істемек қажет?» деп сұрапты. Ерекең «Талантты қыз-жігіттердің басын құрап, қолдарына аспап беру қажет. Әлбетте, пәтермен де қамту маңызды. Осының бәрі сіздерге әу баста қымбат көрінгенімен, соңыра өнердің кәусарына қанып, қуанатын боласыздар», — деп идея тастаған еді…

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button